Қанша қиындық көріп, тауқымет тартса да, Сейтек салы суға кететін жан емес-тін. Жасы алпысқа таянса да бойында күші мол, қайратты, әжуалағысы келгендерге ақысын жібере қоймайтын. Осы сөзімді тірілтейік. Бір күндері Сейтектің аулына аузында бейпіл сөз, қолында жалаңдаған пышағы бар, елді үркітіп, қорқытып бір есерсоқ жас жігіт келе қалады. Сейтек бір досының үйінде шай ішіп отырған. Бабымен шай ішіп, балқып отырғанда біреу-міреу келіп мазасын алса, ондай адамның сыбағасын беретін. Әлгі жігіт те үйге дәл осындай сәтте баса көктеп кіріп келіп еді. Көзінің еті өскен көргенсіз, келе «алжыған қақбас» деп Сейтекті жерден алып, жерге салды. Сейтек әуелі үндемей, жайбарақат шайын ұрттап отыра берген. Жігіттің одан сайын жыны келеді. Енді үйдегілерді түгел сыпыртып шығып, шай құйып отырған осы үйдің келіні Шәрипаға тиісе бергенде, Сейтек ақырын ғана оған: «Қарағым, шайыңды іш, суып қалды. Шамасы жоқ шалдар мен әлжуаз әйелдерге ұрынып не қыласың, өзің қайратты бала көрінесің, шырағым», — дейді. Ұр да жық, алаңғасар жігіт сөз астарын түсіне ме, орнынан атып тұрып, «ә, сайтан шал, сен маған ақыл үйретпекшімісің?!» деп атасындай Сейтекке дүрсе қоя беріп, пышақ ала ұмтылған. Сейтек көз ілеспес шапшаңдықпен пышақ ұстаған қолын шап беріп, қайырып жібереді де, пышағын жұлып алады. Сосын әкіреңдеген немені аяғының астына басып отырып, асықпай шайын іше береді. Шайын ішіп болған соң Сейтек әлгі жігітті тұрғызып, бір нұқып қалып еді, қаңбақтай ұшып барып есіктің аржағына топ ете түсті. Сол жатқаннан ол тырп етпей біраз жатты. Жүрген жерінде жұрттың берекесін қашырып, зәресін ұшыратын жетесіздің бұл үйге де кіріп келіп сойқан салмақ болған түрін көргенде жүрегі тас төбесіне шыққан Шәрипа оның ақ сайтанын қағып алған Сейтектің ерлігіне қайран қап, алғысын білдіреді. Әйтсе де, «дастарханның шырқы бұзылмасын, тентек те болса қонақ қой, шай ішсін, рұқсат етіңіз», — деп келіншек Сейтекке қиыла тілек айтты. Шәрипаның мына ақылдығы мен қайырымдылығына риза болған күйші сол жерде Шәрипаға арнап бір күй тартады. Ел арасына да сол атпен тарап кеткен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі