Қыраулы күз. Ән салып, қош айтып жыл құстары да қайтып жатты.
...Қазалы болғандарды жаназаласып, жерлескен Мүкей Шұң қыршидегі киіз үйімен отырған семиясына келіп салғырттау аттан түсті. Оның денесі жер тартып, желке жүйесі шаққылап, көңілі айнып ауырғанына бірнеше күн болған. Ол бір сәт төр алдында шынтақтай жатып, қоңырқай киіз үйдің жартылай ашылған шаңырағынан алыс биікке көз тігіп, аспан әлеміне үңіліп еді, бір топ тізбекті тырналар тыраулап төбесі-
нен бір айналып ұшқандай болды да, аздан соң көзден қарасы үзіліп, құлақтан даусы тынды. Көктен естілген осы бір тырналар әні оның құлағынан көпке шейін кетпеді...
Күйші ауыр күрсінді де басын көтерді. Кешкі шай қамымен жүрген соңғы — жас жұбайы Көкежанға қарап:
— Ажалдың жер қармағы маған да ілінгелі тұрған сияқты. Халыққа келген зобалаңнан кім қашып құтылар дейсің! Кімнен артықпын! Бірақ амал не, ұрпақсыз кеткеніме өкінем! Көкежан, домбырамды әперші? — деді. Көптен бері қазалы болғандардың батақор қайғысымен қам көңілді жүрген Көкежанның әжімсіз сары қызыл жүзіне алауы өшкен әлдебір күңгірт көлеңке қонақтаған сияқты. Жарының әлгі айтқан сөзінен оның жүрегі зу етіп төбесіне шыққандай болды.
Көкежан көзіне жас іркіп, үлкен абдыраның қақпағын ашып, домбырасын алып берді де:
— Қайдағыны айтпаңызшы, қорқам, «жақсы лепес — жарым ырыс» қой! Кеңшілігі бар Құдайым сақтар өзі, — деді кейісті үнмен тіл қатып.
Мүкей домбырасының құлақ күйін теңшеп алды да, бір сазды ырғақты қоңыраулата қағып келіп, сәл тыныстағандай күбірлеп:
— Ой, дүние-ай десеңші! Қайран өмір зымырап өттің ғой!... Сайранды шағым — ұстаспас сағым, — деп ауыр күрсінді. Оның жын буған бақсыдай дірілдеп, қалтырап тұрған тұла бойын өз еркінен тыс бір қысым күш кернеп тұрған тәрізді. Соңғы сазды ырғақты қайталап шерте береді. Бұл осы бір тұңғиық түннің соңғы толғанысынан туған күй — «ой, дүние-ай» еді. Жарық дүниені — тіршілік күресін қимастықтан туған асқақ армандарға толы күйші жүрегі осылайша ақырғы рет өмірімен қош айтысты. Күйші өмірден кетті. Онан ұрпақ қалмады. Бірақ оның артында өлмейтін күй мұрасы қалды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі