Ертеде, қалмақтардың жаугершілік заманында, қалмақтар қазақ ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын тұтқындап, малдарын айдап кетіпті. Сол тұтқынның ішінде жылқышы Саймақта бар екен. Қалмақ елінде Саймақ үш жыл тұтқында болып, олардың малын бағады.
Бір күні қалмақтың ханы үлкен той жасап, елдегі барлық өнерпаздарды жинайды. Той қызып, әншілер, күйшілер, жыршылар өз білгендерін сыншыға сынатып алдынан өтіп жатқанда, орда сыртынан сайраған сыбызғының үні естіледі. Хан да, сыншылар да, халық та елең етіп, бәрі де мына бір тосыннан естілген сыбызғы үніне таңырқай құлақтарын түре қалады. Сыбызғышы бір сазын аяқтап, жаңа күйге көшкен кезде, хан уәзірлерінің бірін шақырып:
— Бұл кім болды екен? Барып біл де, осында алып кел! — дейді. Ханның айтқанын екі етпейтін уәзір ордадан шығып айнала іздеп жүрсе, бір үйдің көлеңкесінде екі көзін тас жұмып, сыбызғының сазына әбден беріле тартып отырған, өздерінде тұтқында жүрген Саймақты көреді. уәзір Саймақтың қасына келіп:
— Жүр, соңымнен ер! — деп, ханның алдына алып келеді.
Хан Саймақты қарсы алдына отырғызып:
— Сенің мұндай өнерің бар ма еді? Мына тойға неге келмедің? — дейді. Сонда Саймақ қолын кеудесіне апарып:
— Тақсыр! Ел-жұртынан айырылып, қаңғып жүрген менде той тойлайтын не көңіл бар, оған қоса мені ешкім тойға шақырған жоқ, — депті. Саймақтың бұл сөзін естіген хан:
— Жә! Арызыңды кейін айтарсың! Кәзір өнеріңді көрсет! — дейді.
Саймақ сыбызғысымен бір күйді күңіренте тартқанда халық ұйып тыңдайды. Ол сыбызғысын той біткенше тартады. Халық Саймаққа дән разы болып, алғысын айтыпты. Хан да Саймақтың өнеріне бас иіп:
— Сен өнерің бар адам екенсің, мұнан былай менің құлшылығымда жүрмей-ақ қой, еліңе барып өнеріңді шыңда, рұқсат етемін, — депті.
Бұл сөзге Саймақ қуанып, ауылына қайтуға әзірленіп жатқанда қасында уәзірлері бар хан келіп:
Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын тебінер.
Ер ел-жұртын сағынса,
Ер-тұрманын тағынар, —
дегендей, елге жүруге даярланып жатыр екенсің, жаяу қайтпа, анау жылқыдан өзіңе ұнаған бір атты ұстап мін, — депті. Хан ат мінуге рұқсат берген соң Саймақтың есіне — өзінің құлынынан үйретіп өсірген Саржорға аты түседі. осыдан үш жыл бұрын Саржорғаны Саймақтан қалмақтар тартып алған екен, енді топ жылқының ішінен Саймақ Саржорғаны ұстап мініп, еліне тартады. Ауылға жақындағанда Сары өзеннен өтіп, ат шалдырып, біраз тынығып, туған жердің топырағына бір аунап алуды армандаған Саймақ өзеннен өткенде астындағы Саржорға аты, алдыңғы аяғын тарпып, оқыранып, кісінеп қоя береді. Мұны көрген Саймақ:
— Шіркін, жануарым-ай! Елін, жерін, суын бұл да сағынған екен ғой. Пысқырынып амандасып жатқанын қарашы, — деп, біраз айналаға қарап тұрды да, «қой, жануар ат та өз жеріне келгенін білдіріп, қуанышты үнін шығарғанда, менің үнсіз қалғаным жарамас», — деп сыбызғыдан бір күйді тебіренте тарта беріпті. Күйін ойнап біткен соң, аман-есен ауылына келіпті. Ел-жұрты Саймақты көріп қуанып, оны ортаға алып, көрген-білгендерін сұрайды. Саймақ қалмақ ханының құлшылығын да болғанын, одан сыбызғы тартып босағанын, елге жақындаған да Саржорғаның пысқырғанын айта келіп: «Сары өзеннен өткенде мен де сыбызғыдан бір күй шығарып едім, енді сол сазымды домбыраға салып тартайын, оның аты «Сары өзен» болсын», — деген екен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі