Қожанасыр бір күні балық ауламақшы болып көлге барыпты. Балық қармағына ілікпей көп отырады. Содан әбден жалыққан кезде бір балық іліге кетіпті. Бұған қуана күйгелектей балығын қармағынан ағытып жатқанында, саусағындағы алтын сақинасы суырылып суға түсіп кетіпті. Бұған Қожакең «қап, енді қайттім» деп аз ойланып тұрды да, дереу қолындағы балығына:
— Бар, сақинамды аузыңа салып алып кел, әкелсең, жаныңды қиямын, әкелмесең, осы көлдің суын бір жаққа ағызсам да, сені табам, белгің есімде, құйрығың айыр, жалың тік, — деп балыққа қарапты. Бұл кезде балық «бақ» етіп аузын ашыпты. Бұған Қожакең балық түсініп, «көндім» деген сөзі екен деп ойлап, суға қоя беріпті. Содан «сақинамды әкеледі» деп бір күн, бір түн судың басында отырыпты. Ақыры шыдамы кетіп, қармағын жиып алып, «қап, бәлем» деп үйіне аяңдапты. Келе жатып үйіне бос келуге ұялып, «ең болмаса базардан балық сатып алайын, әйелім менің судан ұстаған балығым деп ойласын» деген ойға келіп, жолда базарға келіпті. Кеме базарда бір кісі балық сатып отыр екен. Қожанасыр балыққа саудаласа кетеді де, балықтардың ішінде өзі ұстаған балыққа ұқсаған бір балыққа көзі түсе кетіп:
— Мынау менің балығым, — деп жабыса кетеді. Бұған сатушы:
— Қойыңыз, Қожеке, бұныңыз ұят қой, бұл балықты өзім ұстадым, — депті. Қожанасыр:
— Кел, бәс тігейік, егер балықтың ішінен сақина шықса, бар балығың менікі, ал шықпаса, онда үйімдегі есек сенікі, — депті. Осы екі арада халық та жиылып қалыпты, сатушы жиылған жұртты куә қылып балықтың ішінен сақина шықпайтынына көзі жеткендей, Қожанасырдың есегін ұтып алмақшы болып:
— Сөзіңнен тайма, міне, халық куә, — деп балықтың ішін жарып жіберіпті. Күтпеген жерден балықтың ішінен алтын сақина сопаң етіп шыға келіпті. Бұл іске жиылған адам, сатушы — бәрі таң қалып:
— Қожеке, бұл балықтың ішінде сақина бар екенін, және өзіңдікі екенін қалай білдің? — десіпті.
Қожанасыр:
— Балығымның құйрығы айыр, жалы тік еді, содан білдім, — деп сатушының бар балығын жиып алып, үйіне тартып отырыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі