Өлең, жыр, ақындар

Алаша хан әңгімесі (І нұсқа)

Қазақ жұртында ауызда сөйленіп жүрген бір сөз бар: «Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз — ағаш болғанда, ұранымыз — Алаш болғанда» десіп келеді. Оның мәнісі: Бұқар хандарынан бір хан қазақ ханы болып тұрғанда бәйбішесінен бала болмапты. Қызылбасты шауып, соның ханының қызын олжалап алып келіп, аяғын салған екен дейді. «Аяғын салды» деген сөз — некесіз алды дегенді айтады екен.

Сол қыздан бір бала туыпты. Өзі сауысқанның аласындай ала туыпты. Бәйбішесі ханға айтыпты: «Бұл бала өскенде жұртты ала қылып ұстап, өзіңе жау қылады екен, мұнан осы күнде құтыл!» — депті.

Хан бәйбішесінің ақылы мен тілін алып, жігіт-желеңдерді шақырып алып, арымастан, тозбастан, таусылмас азығын беріп: «осы баланы менің өкіметім жүрмейтін жерге алып барып, асырап-сақтап өсіріңдер. Бұл Бұқарды бала көрмесін, сендер де көрмеңдер!» — деп, жер аударып жіберіпті.

Сол қырық жігіт баланы алып, Сыр-дариясынан өтіп, Алатау, Қаратаудан өтіп, аралық жеріндегі жайлап, көшіп жүрген жұрттың ортасына келіп, бір жәйді мекен қылып, баланы асырап өсіріп, бала 12 жасқа жеткеннен соң қырық жігітпен баланың ісі болмай, баламен қырық жігіттің ісі болмай алды-алдына кетіпті.

Сол заманда ол жерлерде: Қотан, Қоғам, Қондыкер, Қобаң деген төрт атаның елі бар екен. Сол елдің ішінде: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген би бар екен. Ол Майқы бидің Үйсін деген баласы ат жүгіртіп, құс салып жүріп он екі жасар балаға кез болыпты. Бала бұл Үйсінге тіл қатып сөйлеспепті. Тілі жоқ мылқау кісідей бедірейгеннен бедірейіп тұрып қала беріпті. Кеш болып қас қарайып, Үйсін батыр ауылына айтып, әкесі Майқы биге айта келіпті:

— Далада бүгін бір ағаштың түбінде отырған бір бала көрдім, айдары аш беліне түседі. «Ай» дейін десем, аузы бар, «Күн» дейін десем, көзі бар, бір қасық сумен жұтып жібергендей, бірақ сөйлесуге тілі жоқ екен, құлағы да естімесе керек, әгар құлағы мен тілі болған күнде дүниеде ешкімнің қолына түспейтін, ексе бітпейтіннің өзі екен, — дейді.

Майқы би аяғы ақсақ, арбамен жүретін кісі екен. Ертеңінде: «Мені арбаға салып, алып барыңдар, көрейін», — депті.

Ертең таң атқан соң Майқы биді арбаға мінгізіп, баланың отырған жайына алып барған екен. Бала ұшып түрегеліп:

— Ассалаумағалайкум, тәмам ханның қазығы, пақыр жұрттың шірімейтін, таусылмайтын азығы, — депті.

Сонда Майқы би:

— Уағалайкум ас-салам, құрсақта жатып несібесін алыстан тілеп туған балам. Боламын деп туған өр екенсің, болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің, кел, балам, қасыма мін, — деп, баланың маңдайынан науап қылып, арбасына мінгізіп, ауылына келіп, қой сойып, асықты жілік ұстатып, он күн мейман қылып, ертең таң атқан соң Үйсінді шақырып алып, жүз жігіт жолдас қосып:

— Мына баланы алдарыңа салып, ту қылып ұстап, жаға қылып бастарыңа шаншып, Қаратаудан әрмен қарай асыңдар! «Шу» деген, «Сарысу» деген екі өзен бар, соны кесе-көлденең басыңдар! Ұлытау, Кішітау деген тау бар, соның о жақ бір жағында қара халық «Қатты Сыбан» деген жау бар және Есіл, Нұра деген екі өзеннің арасында Тоғанастың тоқсан екі көлі бар, соның бойында он сан ноғай орманбеттің елі бар. Сол
екі жұрттың аралық жерінен килігіңдер, килігіп тас түссе, таңдайыңнан, алтын түссе, маңдайыңнан, үш жылғаша бақ, талаптарыңды байқаңдар! — деп пана беріпті.

Бұлар сол жүргеннен жүріп, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір — үш Кеңгірдің бойына келіп, ақ найзаның үшімен, ақ білектің күшімен үш жылдың ішінде алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, өз алдына жұрт болды дейді.

Сонан соң Майқы би үш жылдан соң Ақжол дегенді жүз жігітке бас қылып, «Соларға барып қосыл» деп жіберді дейді. О да келіп бұларға қосылды. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшын дегенді жіберді дейді. о да келіп қосылды. Баяғы қырық жігітті іздеп тапты. Ал енді өз жұртына өкпелеген, онан қашқан, мұнан қашқан — бәрі бұларға келіп тығылып, өз алдына бір жұрт болды дейді.

«Кел, енді ортамыздан хан сайлайық», — деп, алашаға салып, баяғы ала баланы хан көтеріп, Алаша хан деп ат қойды дейді. «Алаша» деп өз алдына ұран қойды дейді.

Бұлар жауға шапқанда: «Алаш, Алаш!» — деп шабалық, өз кісіміз екенін содан білейік», — деп, ал енді әуелгі келген Үйсінді «ұлы жүз — Үйсін» деп атады. Және ортадан келген «Орта жүз» деп атанды, соңғы келгенді «Кіші жүз — Алшын» деп атады дейді.

Осынан үш жүздің баласы қазақ атанып, руға таңба үлестірді, сол таңбаларын бір тасқа басып, талас болса, сонан қарайық деп, үш жүздің баласы, қазақтың таңбасы сол тасқа басылған. Бұл күнде ол жерді «Таңбалы Нұра» дейді. Қазақ атында жұрт Алаша ханның ауызына қарап, үш Кеңгірдің бойын жағалап, қыстап жүрді дейді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз