Әлмерек батырдың жорыққа аттануды мүлде тоқтатып, ел ішіндегі тыныш тіршілік әрекеттерінің қалыптасуына біржола ден қоюға ауысқан кезі екен. Күні-түні елдің қамын ойлайды. «Аз халық едік, азып кетпейік» деп, жөн сілтеп, ауыл-аймағынан ұзап алысқа шықпайды. Қатты-қайырымнан қалған қарт кісілер де Әлмеректі төңіректеп, қасына көбірек үйіріледі. Дана абыздан тұрмыс-тіршілік құбылыстарының қыр-сырын жиі сұрайды, тоқтаусыз ашыла сырласады.
Өзінің арқасүйер айбыны, ақылдасы санайтын алжанның қас түлегі Сырымбет батырдың да үйде ұялап қалған кезі болған соң, өзінен жасы кіші Әлмеректі шақырып алып, күн сайын әңгіме-дүкен құрысады. Сырымбет батырдың баласы Ханкелді батырдың да айбыны асып, күш-қайраты толысып тұрған шағы. Елдің жауы көп. Тұс-тұстан аш қасқырша анталайды. Бәрінің жаулап алып, құлға айналдырғысы келеді.
Қарттар осы жайды ақылдасады да, жас батырларға жол нұсқайды. Сондықтан үлкен-кіші батырлар ат үстінен түспейді, елі мен жерін күзетеді. Елдің шетін барлап, алыстан жаудың қыбыр-қимылын аңдиды. Өздері де сақ жүреді.
Жаз өтіп, елдің жайлаудан ойға ойысқан мезгілі екен. Қарт Алатаудың көк мұзы сіресіп жатқан құздарының етегінен төмен түсіп, еңісті құлдилай ойға сырғиды. Шөбі соны сай-сала жанданып сала береді. Орғи аққан Талдыбұлақ жылғасының жайпақ жағасы елсіз, құлазып жатқан, бір түрлі сүреңсіз еді. Бұл көрініске көңілі қоңылтақсыған, жан сезімі қобалжыған Сырымбет батыр:
— Елсіз жерде сын да, сән де болмайды екен-ау! — дейді қаңыраған жазыққа қарап. Қасындағы абызға бұрылып, жабыға күрсінеді. Сонда батырдың кірбең көңілін жадыратқысы келген Әлмерек абыз тамағын кеней жөткерініп алады да, ойды сергітетін жігерлі жұбаныш сөз айтады.
— Қамықпаңыз, батыр! Еліміз де, еңсеміз де өсіп келеді. Елдің сөзі бар емес пе: «Ел көшкен соң жер құлазиды, мал кеткен соң бел құлазиды. Құс кеткен соң көл құлазиды, қыз кеткен соң ел құлазиды. Жапырағы түскен соң тал құлазиды, қатары кеткен соң шал құлазиды. Жайылымы жоқ аң құлазиды, қайыры жоқ хан құлазиды. Сұсын асырған боран боздайды, Шаңын сыпырған дала тозбайды». осы ел, осы жер
құрымаса екен, шіркін! — деп айналаға құмарта көз жүгіртті қарт батыр.
— Мына даланың келбетіне қарап, елдің болашағына сенесің!
Бұл тұжырымды естіген Сырымбет батыр:
— Ой, дүние-ай, ел соған жетсе екен! — деп тағы да өкси күрсініп, күңірене күйзеледі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі