Алқам-салқам әрекеттерінің салдарынан бірсыпыра жыл сансыраған қазақтар бірте-бірте ес жиып, жауға жойқын қарсылық көрсете бастайды. Қоқаңдаған басқыншы жауды ауыздықтауға шамасы бар екеніне сенеді. Ал Қабанбай батыр бастаған қалың қолдың Аңырақай шайқасында ойсырата жеңуі дұшпанды есінен тандырады. Қалмақтар бұдан әрі қазақ жерінде табан тіреп қарсыласа алмай, жан сауғалай қашады. Сол беттерімен босып, Алатау бөктерлерін сағаласа да, пана таппайды. Жосып келіп, Торайғыр тауына арқа тірегенмен, Көкпек даласында тағы да күйрейді. Қалдығы Қарқара мен Құмтекей аңғары мен Мыңжылқы алқабын бос тастайды да, Ілебасын асып, қарасын батырады. Жауды өкшелей қуған Ханкелді, Наурызбай батырлар Тәңір тауының төрі Жұлдыз жотасынан асырып, Тұрпан ойпатына құлатып жібереді.
Ел жаймашуақ өмірге қадам басады. Қатқан қабақ ашылып, жоталарының құрыс-тырысы жазылады. Малын өргізіп, шалғыны жайқалған кең жайлаудың салқын самалына маңдай тосып желпініседі. Осындай ырғыншылық кезде аламан бәйге өткізіп, көңілді көтеру үшін жан-жаққа жар салынады. Нағыз тұлпарлар батырлардың да жан серігі емес пе! Қалмақтардың еңсесін басқан қазақ батырлары сәйгүлік аттарын баптап, ұлы бәйгеге алып келеді.
Бәйгеге қосылған бірнеше жүз сәйгүліктер сәске түсте түпке айдалады. Қалың қауым төбе басында топ-тобымен әңгіме-дүкен құрып отырады. Түс ауып, екінті шамасында көз ұшынан аттардың тізбектелген сұлбасы көрінеді. Әсіресе бір баран қалың топтан арқан бойы озып, жалғыз бұлдырап келеді. Қалың жұрт қопарыла түрегеліп, қадала қарасады. Сөреге жақындағанда дара келе жатқан сәйгүлік Ханкелді батырдың кер аты екенін таниды. Ат үстіндегі қаршадай бала: «Райымбек! Райымбек!» деп ұрандайды. Бұған жұрт аң-таң. Бұрын естімеген ұран. Бұл кім өзі?
Сөйтсе, Ханкелді батырдың бәйге атына мініп шапқан немересі өзінің атын өзі ұран қып шақырған екен.
— Қаршадай баланың бұлай ұран шақырғаны несі, білместігі ме? — деп абыржиды жұрт. Бәйге аттарға тоқтам айтуға тиіс
Әлмерек абыз да ойланып қалады. Ханкелді батырды қоршап, ызалана жапақтап тұрғандарға қарап абыз:
— Бұл балаға ешкім тиіспесін, өзім сөйлесемін, — деп, бұл қылықты теріс ырымға жорушыларды тыйып тастайды.
Бәйге аттар келіп болып, абыр-сабыр басылғаннан кейін Әлмерек абыз албырт Райымбекті еркелете маңдайынан иіскейді. Содан кейін:
— Балам, сен неге өз атыңды ұран қып шақырдың? — деп сұрайды. Райымбек жасқанбай жауап береді:
— Ер жеткен соң, батыр атанып, еліме ұран болсам деп армандағаным ғой, ата!
Өжет баланың алма беті албырап, көзінен ұшқын шашырайды. Әлмерек абыз арманшыл баланың тапқырлығына сүйсінеді.
— Балам, тілеуің хақ, Құдай қолдасын! Жауың даусыңның жаңғырығынан жасқанып, жер жастансын! Айбарың артып, жаратқан жар болсын! Төбеңе нұр үйіліп, маңдайыңды күн сүйсін!
Әлмерек бабаның ақ батасын өжет балаға сүйсінген ел де қолдайды қол жайып.
Сол Райымбек ержеткен соң жауына дес бермеген айбынды батыр атанады. Айбаты арыстандай дәуірлейді. Талай қиянкескі шайқастарда жауын қан құстырған батыр кейін келе бүкіл албан елінің ұранына айналады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі