Зеңгі баба сиыр ішіндегі бұзаудың түр-түсін нақтап айтатын, жаңылмай табатын көріпкел, әулие болыпты. Оның өмірлік қосағы Әнуар ананың да іштегі бұзаудың қаңдай екенін ажырата алатын сыншылық қасиеті бар екен. Бірде зайыбы ерінен:
— Мен сіздің әулиелік ісіңізге ортақпын ба? Сауапқа серікпін бе? — деп сұрапты. Зеңгі оған қарап;
— Сен сауапқа серік бола алмайсың. Өзім тақуамын, сондай таза ісіммен әулиелікке иемін. Бұл қасиет өзімнен, оған сен ортақ емессің, — депті.
Әнуар ана ері Зеңгіні ерекше ықыласымен күтіп, ас-ауқатын таза дайындап, қызмет етеді екен. Ол ас дайындағанда, ыдыстарды тоғыз мәрте жуып, шайқап, шаятын көрінеді.
Бірде Әнуар түс мезгілінде ас дайындап жатып, ауқаттың ішінде әлдене қараң ете қалғанын көзі шалып, байқап қалады. «Бір ноқатта қара дақ бар екен ғой-ау» деп, қанша ауыстырып, іздесе де таба алмапты. «Осы арада жүр ме екен» деп шамалап, астың бір-екі шөмішін алып, төгіп тастайды. Пада бағып, ашығып, ыстық күннің астында қап-қара боп өзін күткен ерінің жай-күйін ойлап, ауқатты асыға Зеңгіге алып барады. Баба оны лезде ішіп қояды.
Арада біраз уақыт өтеді. «Әлгі қараң еткен нәрсе ас ішінен алынды ма, жоқ па?» — деген күмән Әнуар ананың көңілінен кетпейді. Ол соны байқау ниетімен иіріле жатқан сиырдың шеткі біреуін қолымен нұсқай көрсетіп:
— Анау сиыр қандай бұзау туады? — деп сұрайды. Сол кезде баба:
— Түсі қызыл, мандайы қасқа бұзау, — деп жауап береді.
Сонда жұбайы сәл езу тартып, жымиып:
— Құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау, — депті.
Уақыты жетіп, сиыр бошалап, құйрығының ұшы ақ, түсі қызыл бұзау туады.
Әнуардың айтқаны тура шыққан соң Зеңгі одан:
— Мен қалай жаңылдым? — деп сұрапты.
— Сіздің жаңылғаныңыз, сол күні ауқаттың ішінде бір ноқатта кішкентай қара дақ кетіп, қанша іздесем де, таба алмаған едім. Сол көзіңізге перде боп тұтылып, іштегі бұзаудың құйрығы қайрылып, аяғының арасынан өтіп, мандайына тиіп жатқанын байқай алмадыңыз, — дейді жұбайы.
Сол уақытта Зеңгі;
— Менің әулиелік қасиетім сенің жасаған қылаусыз таза қызметіңмен байланысты болды. Егер сен тазалығыңнан сәл ғана мүлт кетсең, мен ол қасиетімнен айрылып, жарым-жартылап, толық күйде бола алмайды екенмін, — деп мойындаған екен.
Нұртәлі
Зеңгі бабаның әйелінің аты Әнуар емес Анбар ана
Myrza
Өте керемет