Өлең, жыр, ақындар

Абызға арнау

Абызға арнау

Кім тумаған алтын құрсақ анадан,

Пайғамбар да аналардан таралған.

Міне сондай Әбіш атты асыл ұл

Қазағымның бақытына жаралған.

 

Әбіш ата, қаламгерсің қарымды

Байыптылық өн бойыңнан табылды.

Жалаңаяқ асыр салған бейнеңді

Туған жердің топырағы сағынды.

 

Жүргеніңмен тауың қанша шағылып,

Өзгерместен қалды тұлғаң сабырлы.

Өткен күннің куәсіндей боп қалған,

Өзің жүрген жолдар сені сағынды.

 

Сені іздеп, дархан дала қамықты

Табиғат па, олда мұңға малынды.

Жарлығына жаратқанның бағынып,

Жарың, балаң, немерең де сағынды.

 

Том-том кітап тұр сөреде тізіліп,

Өлшеулі өмір қала берді үзіліп...

Күткендей боп жазушылық шағыңды,

Қағаз, қалам, орындығың сағынды.

 

Бұйра шашты арғымағым кең маңдай,

Сенсіз қоғам жетімсіреп қалғандай.

Кемел ойдың кемеңгері қайда деп,

Сұрғылт аспан сені жоқтап тұрғандай...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз