Өлең, жыр, ақындар

Есенкелді би

Есенкелді Құдайназарұлы — Жоңғар шапқыншылығы кезінде ғұмыр кешкен қазақтың белді билерінің бірі. Қазақ шежіресінде Есенкелді бидің арғы тегі Бәйдібек бабаның үшінші зайыбы Домалақ анадан тарайды. Сол Домалақ анадан Жарықшақ деген ұл, Күнбибі (Қызай), Ақбибі, (Мұрын), және Сыбан деген қыздар туады. Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тайпалары тарайтыны белгілі. Дулаттың Ботбайынан Құдайқұл, Шағай, итемген, Меңіс, Меңістен Тәңірберді, Тілеуберді, Тәңірбердіден Есенкелді бидің әкесі Құдайназар туыпты. Қызай, Меңіс, Тәңірберді, Құдайназар бәрі де шетінен бабасы Бәйдібекке ұқсап елін, жерін қорғап өткен батырлар екен. Солардың ішінде әсіресе Қызай қыз бен Құдайназардың асқан батырлығы ел аузында аңызға айналып, осы кезге дейін айтылып келеді. Қызай аспанға лақтырған тақияны, көз ұшын-
да ұшып бара жатқан торғайды атып түсіре беретін мерген бопты. Бір соғыста Қызай шапқыншылардың құз басына бекінген он бес мергенін атып түсіріп, өздеріне жол ашады. Аякөз, Матай аралығындағы тауларды жайлаған ауылдарды мал, жанымен жаудан құтқарып алады. Сол таулардағы қырғын шайқаста өзі де ерлікпен мерт болады. Кейін елі-жұрты сол тауды «Қызай тауы» деп атап кетеді.

Ал Құдайназар болса сол бір жаугершілік заманда қазақтың он мыңдаған қолын басқарып, ел қорғау жолында талай ерліктер жасаған атақты батыр, әрі би бопты. Талай қарсы шапқан жауды бет қаратпай жеңіп жүрген Құдайназар батыр бір соғыста опат болады. Қайтадан күш жинап жаудың бетін қайтарған батырдың жігіттері, елі-жұрты өлгендерін іздестірсе, сүйектері шашылып жатады. Кімнің кім екенін танып болмайды. Құдайназардың күрек тісі екі елідей жалпақ екен. Содан танып, сүйегін жинап тау басына қояды. Оның айналасына өзімен бірге беріспей соғысқан, ер-сарбаздарының сүйегін жерлеп, белгі қояды. Ол кездегі белгі — тасты жинап оба тұрғызу ғой. Сол Баян мен Қызай тауының төңірегіндегі «Құдайназар обасы», «Қырық оба», «Жүз оба» деген жота, белестер сол замандардан қалса керек.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз