Едіге — Арғын тайпасының Сүйіндік атасынан шыққан атақты би-шешен. Фольклоршы Машһұр Жүсіп Көпейұлының жазуына қарағанда Едіге тіптен 10-12 жасынан билікке араласқан есті бала бопты. Бұған ол мынадай бір аңызды тілге тиек етеді:
«Қазақ даласына қалмақтар баса-көктеп жайлаған кезде қалмақтың бір ханы: «Арқадағы қазақтың айғыры кісінесе, Сырдағы қалмақтың биесі құлын тастайды» дегенді сылтау етіп, Арқаға шабуыл жасап, малын айдап кете беріпті. Арғындар малдарының артынан қуып баруға бата алмапты. Сонда он жасар Едіге бала:
— Сіздер бата алмасаңыздар, мен барайын, мені елшілікке жіберіңіздер?
— Балам-ау, атақты, азулы билер беттемей отырғанда саған не жоқ, қалмақтың қаһарлы хандары сені шыбын құрлы көрмейді ғой.
Едіге екіленіп, бұған көнбепті. Сонда бір ақсақалды қария:
— Бала талап қылып тұр екен, бетінен қақпайық. Рұқсат берейік, — дейді. Сонымен Едіге бала атан түйеге екі кебежені теңдетіпті де, біріне өзі отырып, екіншісіне бір дәу көк текені салып алыпты. Түйені бір жігітке жетектетіпті. Сөйтіп қалмақ ханының аулына жақындағанда ауыл иті абалап алдынан шығыпты. Едіге әлгі иттерді садағымен атып тастай беріпті. Қалмақтың екі жігіті оның алдынан шығып:
— Сен кімсің? — десе, Едіге:
— Елшіміз, бар, ханыңа хабар айт! — деп жібереді. Қалмақ жігіті ханға барады:
— Бір бала екен, елшімін, — дейді. Хан айтыпты:
— Келсін.
Едіге хан ордасына барып түйесін шөгеріп, түсіп жатады:
— Қазақтың елшісімін. Мал соңынан қуып келемін. Хан оған күле қарап:
— Аулыңның үлкені қайда? Кең құрсақ, келелі билерің қайда? Көпті көрген ақсақалдарың қайда? — деп, оған сұрақты жаудырыпты. Сонда Едіге бала саспапты:
— Үлкеніміз мынау, — деп түйені,
— Кең құрсақ биіміз мынау — деп кебежені,
— Ақсақалымыз мынау, — деп текені көрсетіпті. Хан бұған ашуланып, долданыпты:
— Адамы жоқ, өңкей айуан ел ме едіңдер?
— Тақсыр, онда маған неге сөз айтып тұрсыз? Ендеше, сіз де адам болмағаныңыз ба?!
— Сөзін қара, өзін қара, ал елші екенсің, неге жұрттың итін ата бересің?
— Тақсыр, мен қойшымын. Қойыма қасқыр шапты. Бар итті шақырып едім, келмеді. Қойды қасқыр қырып кетті. Ауылға келсем, иттер абалап алдымнан шықты. Ит көрсем, атып тастай беруге ант еттім. Иттер керекті жерде үрмей, керексіз жерде үреді.
— Шақырғанда келмеген өз итіңді атқаның мақұл, ал біздің итте не ақың бар?! Ақымақ, сонау Арқадағы сенің айтқаныңды Сырдағы қалмақ иттер қайдан есітсін?!
— Ай, тақсыр-ай, өзіңіз айтқандай, Арқадағы қазақ айғырының азынағанын Сырдағы сіздердің билеріңіз қайдан есітсін? — дегенде барып хан:
— Е-е, енді түсіндім сенің тұспалыңа. Жөн сөз екен. Өзің бір болайын деп тұрған бала екенсің, кімнің баласысың, атың кім?
Едіге жөнін айтыпты. Хан жігіттерін шақырып алыпты да:
— Айдап келген барлық малын қайтарыңдар, — деп бұйрық беріпті. Міне, осыдан бастап Едіге «бала би», «батыл би», «әділ би», аталып, билік айтуға жолдама алыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі