Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ...
Абай не нәрсені жазса да түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазды. Әр нәрсенің сырын, қасиетін терең сезініп жазған соң, сөздің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады ( А. Байтұрсынов).
Жер бетінде тұратын әрбір ұлт өз елінің ұлы ақынымен мақтанады. Мысалға, орыстар Пушкинмен, ағылшындар Шекспирмен мақтанса, ал, біз, қазақтар Ұлы Абаймен мақтанамыз.
Баршамызға белгілі Абай – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені, таңдаулы туындылары дүние жүзі поэзиясының озық үлгілерімен деңгейлес тұрғаны – білген адамға айқын шындық. Сан ғасырлық бай поэзиясы, ел қамын жоқтаған жүздеген ерен жүйрік жырау, жыршы, ақындары бар қазақ әдебиетінде Абай орнының ерекше болуы тегін емес.
Абай Құнанбаев 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Ал, Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы округіне аға сұлтан болған. Сол үшін Абай, ел билеу ісіне жас кезінен араласып, шешендік сөздерді көп құнттап, үйреніп, орынды жерінде үнемі қолданып жүреді. Негізінен, ұлы ойшылдың шешен болып өсуіне ықпалын тигізген – анасы Ұлжан мен әжесі Зере. Осы кісілердің арқасында белгілі философ өмірге әділдікпен қарап, адамдарды арасында сынап, арасында мақтап, өз өлеңдеріне қосқан.
Абайдың шындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол – керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері.
Ұлы ақынның ақындық тұлғасын, жан дүниесін, арман-мұратын ең толық, ең терең, ең дұрыс танытатын – әрине, оның поэзиясы, асқақ шабыттың қуатымен жүрегін жарып шыққан, иненің жасуындай жасандылығы жоқ өлеңдерінің « жалын мен оттан жаралған сөздері. Ақын жүрегінің түбіне терең бойлаймыз десек, оның поэзиясына бар ықыласымызбен, үлкен ілтипатпен зер салу қажет.
Ұлы ойшылдың шығармаларында, алдымен, мейлінше мол, әр қырынан көрінетін, әрине, ақынның өз бейнесі, өз тұлғасы. Лирик ақын қоғам өмірінің шындығын өз көңіл-күйін білдіру арқылы, өз сезім толқыныстары, ой-толғамдары арқылы танытады. Философтың өз тұлға-бейнесі оны тебіренткен ой-сезімдерден, айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттеріне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрінісін табады.
Онымен қоса кемеңгер тұлға адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларында да, қара сөздерінде де үнемі атап көрсетіп отырады.
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа?-дейді ақын.
Сүйтіп, ол әділеттік, мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та адамды жақсылыққа жеткізе алмайды деп түйеді.
Ал, осының бәрін жырлаған данагөйіміз халықтың шешендік сөздерінің байлығынан, мол сусындап, шешендік өнерді еркін меңгерген. Ел билеу ісіне жас кезінен араласқан Абайдың бойында текті бабаларымыздың асыл қасиеті бар екенін білдіреді.
Кемеңгер ойшылдың қазақ тілін дамытуға, әдеби тілді, поэзия тілін өрістетіп, жаңа сөз өрнектерімен байытуға сіңірген еңбегі ұлан-асыр. Ұлы ақынның поэзиясының тілі, сөз кестесі мен кіршіктей қоспасы жоқ саф таза халықтығымен, келісті қарапайымдылығымен құнды.
Абайдан кейінгі дәуірде қоғамдық өмірде, ой-санада басқаша ағымдар, бағыттар туды, қоғам алдында жаңа мақсат, тілек-талаптар пайда болды дей отырып, кейінгі дәуір туғызған қоғамдық қозғалыс, өнерпаздық ізденістер халық игілігіне айналған асыл мұраның мәнін кеміте алмайтынын сөзсіз мойындаймыз.
Дана шығармаларының мағынасын терең бойлап, ұғып-түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халықтың тағдырын, ой-арманын тани аламыз. Және сол арқылы қазіргі заманды, кешегі мен бүгінгіні, келешегімізді де бағдарлаймыз.
Біз осы арқылы ұрпаққа үлгі болған Абай атамызды ұлықтаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының баспасөз беттеріне жарияланған « Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында бүгінгі қазақ қоғамы аса қажетсініп отырған бірқатар маңызды да күрмеулі мәселелерді қозғауымен құнды деп білемін. Биыл қазақтың бас ақынының туғанына 175 жыл толатындығын ойға алсақ, Мемлекет басшысының аталған мақаласы – Ұлы дала тойының беташары іспетті. Президент мақаласында Абай шығармашылығының бағалы жақтарына баса назар аударылып, ондағы қазақ халқына ғана емес, күллі әлем жұртшылығы үшін қымбат жалпыадамзаттық идеяларға арнайы тоқталып, тарихи-әлеуметтік тұрғыдан терең талдау жасалыпты. Президентіміздің аталған мақаласында Абайды «әлемдік мәдениеттің тұлғасы» ретінде танытуға айрықша назар аударылған.
Шынымен де, дара ақынымыздың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасые қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойына халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан, хәкім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі. Сол кезде, біз өркендейміз, өсеміз. Себебі, Абайын ұлықтаған ел ешқашан ұтылмайды және ешқашан ұмытылмайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі