Бір күні Қожа ай жарығында екі қолын екі жаққа созып жіберіп, бақша ішінде шалжиып тұрған бір үлкен адамды көреді. Жалма-жан әйелін оятып:
— Тезірек садақ пен оқ әпер, — деп дыбыстайды. Алласына сыйынып, Қожа садақтың адырнасын шірене тартып, атып жібереді. Оқ дәл қарыннан барып тиеді.
— Ойнайтын адамын тапқан екен бәлем, — деп Қожа бір қоразданып қояды. — Қазір тиіспей-ақ қояйық, таң атқанша жаны жаһаннамға да кетер.
Қожа осыны айтады да, үйіне келіп, есікті іштен мықтап бекітіп алып, ұйықтап қалады. Таңертең бақшаға кірсе, түнде атқаны өзінің шапаны екен. Әйелі кешке жақын жуып, таң атқанша кеуіп қалсын деп іліп қойса керек. Оқ дәл кіндіктің тұсынан тиіп, шапанның дал-дұлын шығарып кетіпті, Қожа етпетінен жата қап, Тәңірге жалбарына бастайды:
— О, жасаған, аман сақтағаныңа мың шүкіршілік.
Осы кезде қасына әйелі келіп:
— Не болды? Жасағанға не деп жалбарынып жатырсың? — деп сұрайды.
Сонда Қожа:
— Өй, ақымақ шіркін, көрмей тұрмысың, оқтың қайда тигенін? Сол кезде шапан үстімде болса, мен қайтер едім? — деп бүктісіп, оқ тигенге іші ауырып жатқандай, бір қолымен ішін басып алып, Жаратқанға тағы да жалбарынса керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі