Қожанасырдың заманында бір үш сопы жиһан кезіп, ел аралап жүріпті. Бір күні Қожа тұрған қалаға келеді. Сопылар: «ақылы, білімі асқан қала адамдарымен дидарласып, әңгімелескіміз келеді» деген тілек білдіреді. Еріккен жұрт Қожаны мазақ етіп: «бұл өз заманының сырттаны, әрі бұлбұл, әрі дүлдүл» деп үш сопымен кездестірмек болады.
Сарай алаңына жұрт жиналып, той-думан жасап, үш сопы мен Қожаны шақырады. Хабар келген соң-ақ, Қожа бөгелместен, асасын қолына ұстап, есегіне мініп алаңға келеді. Асқан білгірлік жасап ізет білдіріп жиналған жұртпен Қожа жақсылап амандасады. Патша ағзамға денсаулық тілеп, дұға қайрылған соң, Қожаға сопылардың бұйымтайы айтылады.
— Олай болса, — дейді Қожа, — алдымен дүдәмал мәселелерді шешіп алайық, дастарқан басына сонсоң отырамыз. Құлағым сіздерде, қандай сауалдарыңыз бар, айтыңыздар.
Сөзді бірінші сопы бастайды:
— Әпенде, айтшы, осы жердің ортасы қайда?
Қожа есегінің алдыңғы оң аяғын асасымен түртіп көрсетіп:
— Міне, осы менің есегімнің аяғы басып тұрған жер — жердің ортасы, — дейді.
— Оны қалай білесің? — деп сопы шап ете түседі.
— Маған нанбасаң, өзің өлшеп көр, — дейді Қожа, — артық я кем шықса, айтарсың. — Сопы сөзден жеңіліп, сырт айналып кетеді.
Енді екінші сопы сөз алады:
— Айтшы, көктегі жұлдыздың саны қанша?
Қожа іркілместен:
— Менің есегімнің түгі қанша болса, көкте сонша жұлдыз бар, — дейді.
— Сонша екенін қалай дәлелдейсің? — деп сопы қарсыласқанда, Қожа:
— Нанбасаң, санап шық, артық я кем болса, сонда келіп таласарсың, — дейді. Сопы өз сөзін айтып өзеуреп қоймайды:
— Әпенде-ау, есектің түгін санағанды неше атаңда көріп едің?
— Пәле, жұлдызды санап шыққан адамды сен көп көрген боларсың, — дегенде, сопының аузына құм құйылса керек.
Ендігі сөз кезегі үшінші сопыға тиеді:
— Қожа, мынаны айтып берші, менің сақалымда неше тал қыл бар?
Қожа ойланып жатпастан-ақ:
— Менің есегімнің құйрығында неше тал қыл болса, сенің сақалыңда сонша тал қыл бар, — дейді.
— Оны қалай дәлелдейсің?
— Ол оп-оңай, — дейді Қожа, — сенің сақалың мен есектің құйрығынан қылды бір-бір талдап жұла береміз, екеуі дәл бірдей шықпаса, менің айтқаным теріс-ақ болсын.
Сопылар Қожаның тапқырлығы мен даналығына қатты риза болып аттаныпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі