Ақсақ Темірдің әскерінде бір топ піл болғаны, Анкара түбіндегі айқаста пілдердің ұрысқа қатысқаны жұртқа мәлім. Сол дәу жануардың біреуін ол Қожаның аулына күтуге жібереді. Піл шаруалардың күллі егісінің жегенін жеп, жемегенін таптап, аз күнде-ақ тып-типыл етеді. Сонсоң бір
күні Қожа бастаған шаруалар Ақсақ Темірге арыз айта барады. Бірақ қаһарлы патшаның алдына барудан жасқанып, шаруалар бір-бірлеп сытылып қала береді. Қожа патша сарайының алдына келсе, қасына ерген ешкім жоқ: «Қап, өңкей сужүректер! — дейді ішінен Қожа, — мен алданғанның әкесін сендерге көрсетейін».
Ақсақ Темір Қожаның не шаруамен келгенін сұрайды.
— Сен біздің ауылға өзіңнің сарайыңда жүретін бір піліңді қонаққа жіберген едің, — деп бастайды сөзін Қожа, — Ауыл адамдары өзіңнің бағынышты пақырларың, мені саған барып, бізге деген ықылас рақымың үшін алғыс айтып кел деп жіберді. Бірақ піл сорлының жат жерде жалғыз жүргенде не мұңдасар, не сырласар серігі жоқ, сорлының күңіренгенде ащы үнінен адамның жүрегі жарылғандай. Ауыл адамдары менімен бірге келіп еді, бірақ сенің көзіңе көріне алмай, сыртта менен қуанышты хабар естиміз деп күтіп тұр. Егер бізді өз құзырыңа шын беріліп, бодам болған жандар деп білсең, біздің тілегімізді аяққа қалдырмассың.
Мынандай сөзді естіген соң, Ақсақ Темір қатты қуанады, Қожаның иығына шапан жаптыртып, зор сый-құрмет көрсетеді, ауыл адамдарына ауызша сәлем жолдайды және Қожаның аулына табанда тағы бір ұрғашы піл жібереді. Патша алдына қауіптеніп келген Қожа, зор сый құрметке ие болғанына көңілі тасып аулына қайтады. Ауыл адамдары алдынан шығып:
— Қандай хабар әкелдің? — деп сұрағанда, Қожа бір келелі істі тындырып келген адамша, тәкаппар пішінмен:
— Шүйінші, бізге тағы бір ұрғашы піл жіберетін болды, — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі