Қожанасыр жас кезінде ауылдың байларымен қырғи қабақ болып, жауласумен жүріпті. Жалғыз өзі болса да, ешкімнен ыға қоймапты. Бір күні өз еңбегімен тапқан бидайын диірменге апарады. Бидайын тесікке құйып, тастың астынан ұнын сырып ала бастайды. Қараса, масқара, ұны екі есе аз. Диірмен ауылдағы бір байдын меншігі еді. Қожанасыр жемқор байдың екінші бір тесігі бар екенін байқайды. Зіл темірді алып тастап, құпия жолды ашады да, ондағы бар ұнды қапқа салады.
Мұны көрген бай Қожанасырға өшігеді. Барлық байларды жиып:
— Мына пәле қан мен тер арқылы тапқан байлығымызға ауыз салайын деді, мұның көзін жоймай болмас, — дейді.
Түнде Қожанасыр мен анасы ұйықтап жатқанда, байлар шатырға шығып, үйдің ішіне үлкен тас тастап жібереді. Тас Қожанасырдың анасының үстіне түсіп, анасы өліп қалады. Қожанасыр аман қалады. Ертеңіне Қожанасыр жылап-сықтап, анасының мәйітін арқасына салып, байларды қарғап-сілеумен жолға шығады. Мұны көрген байлар табалап:
— Шешеңді арқалап қай жерге дейін барар екенсің. Әттең тірі қалғаның өкінішті! Бір күні саған да кезек жетер, — дейді зәрленіп.
Қожанасыр басы ауған жаққа кете береді, байлардан қайткенде өш алам деп неше түрлі қиялға беріледі. Басы қатқан Қожа көрші ауылға да жетеді, ең бір бай үйді таңдап сол үйге түседі. Анасының мәйітін таяқпен тіреп, сатыға сүйеп қояды.
Бұл Молданың үйі екен. Біраздан соң Қожанасырдың алдына хинкал әкеліп қояды, Қожа біреуін жейді де, екіншісін қойнына тығады. Мұны көрген үй иесі аң-таң болып:
— Неге бұлай етесің? Егер жетпесе, тағы да әкеледі, жолыңа да салып береді, — дейді .
— Сыртта, сатыға сүйеніп тұрған анам бар еді, сол үшін салып жатқаным ғой, — дейді Қожанасыр.
Үйдің иесі қонақтың анасын алып кел деп қызын жұмсайды. Қыз шығып, кемпірді канша шақырса да, ол жауап қатпайды. Қыз әкесіне келіп, кемпірдің еш жауап қатпағанын айтады.
— Менің анам саңырау, оның жеңінен тарту керек, — дейді Қожанасыр.
Қыз қайтадан барып, кемпірдің жеңінен тартқан кезде, кемпір жерге құлап түседі. Қыз жылап үйге жүгіреді. Қожанасыр үйден атып шығып, шешісінің мәйітін құшақтап, бақырып жылай бастайды, тіпті бұл үйді қарғап-сілеуге кіріседі. Үй иесі қорқып кетеді. Молданың үйінде қорғансыз кезбенің шешесі өлгені туралы халық біліп қала ма деп, үй иесі Қожанасырға жалына бастайды. Бұл үшін ол бір дорба алтын мен қызын беруге уәде етеді. Қожанасыр алғаш жорта наразы болған түр көрсетіп, сосын лажсыз көнген болады, ол анасын ақ жуып, арулап мазаратқа жерлейді.
Арада бірнеше күн өтеді. Бір күні ауылдастары қасында сұлу қызы бар арбамен келе жатқан Қожанасырды көреді. Байлар аң-таң болып, әйелді қайдан алғанын сұрайды.
— Бұлардың ауылында кемпірдің өлігіне жас қыз бен алтын береді екен, — дейді Қожанасыр.
Сол-ақ екен, ауылдың барлық ашкөз, тойымсыз байлары үйлеріне жүгіріп барып, кәрі шешелерін өлтіріпті де, бірін-бірі баса-көктеп көрші ауылға қарай тұра шауыпты. Олар бүкіл ауылды аралап, өліктерді қыз бен алтынға ауыстырмақ болады. Бәрі бұларды мазақ етіп «өзімізде де кемпірлер жетеді», — деп ауылдан қуып шығыпты.
Ашу-ызадан жарыла жаздап ауылға келген байлар Қожанасырдың үйін өртеп жібереді. Күлге айналған үйіне қайғырған Қожанасыр біраз жылап-сықтапты да, екі қап алып, бұрыштарына бір-екі алтын тығады, ал қапты күлге толтырып, басы ауған жағына жүре береді.
Өзен жағасындағы бір ауылға келеді, өзенде балалар шомылып жатыр екен. Есектің үстіндегі қаптарды жерге түсіріп, бұл да суға шомылады. Балалар ойнап мұның қаптарын суға лақтырады. Қожа мұны көріп «бұл ауылда тек қарақшылар тұрады екен» деп қып-қызыл жанжалды бастап кеп жібереді.
Мұның айқайына бүкіл ауыл тұрғындары жиналып, не болғанын сұрайды.
— Енді қайттім? Қуанам ба? — дейді Қожанасыр күйіп-пісіп. — Ойбай-ау, сендердің сүмелектерің, Құдай жазасын берсін, менің бар жиған алтынымды суға тастапты ғой. Мен бір сәтте қайыршы болып қалдым. Тұра тұрыңдар, мен бұл тонаушылықты барлық елге жайып шығамын.
Балалар әке-шешесіне «қаптарда көмір ғана бар болатын» дейді.
— Ал онда қазір тексеріп көрейік, — дейді сонда шалдардың бірі, — қап түбінде бірдеңе қалуы керек қой.
Олар қапты бір-екі сілкігенде, ішінен алтын түседі. Ауыл тұрғындары амалсыздан үйме-үй жүріп алтын жиып, «бұлар-дың ауылын жер бетіне
жаймасын» деп Қожаға береді.
Қожанасыр ауылына екі қап алтынмен келеді. Мұны естіген байлардың бәрі жүгіріп келіп, алтынды қайдан алғанын сұрай бастайды. Қожанасыр «осындай бір ауылда күл мен көмірге алтын айырбастап береді» дейді. Дүниеқұмар байлар бұл сөзге сеніп, үйлерін өртепті де, күл мен көмір салған қаптарды арбаға тиеп, әлгі ауылға қарай аттанады. Жолшыбай:
— Қожаның лашығы екі-ақ қап болды, ал біз бір-бір арбадан әкелеміз, — деп күмпілдеседі.
Олар сол ауылға келіп, «күл мен көмірді алтынға айырбастайық» дейді, мұны естіген ауыл тұрғындары қатты ашуланып: «Сендер, немене, мазақ еткілерің келді ме?» — деп, көк ала қойдай етіп сабап-сабап жібереді. Ызаланған байлар ауылға келе сала тез арада Қожанасырды суға батырмақ болыпты. Байлар мұны ұстап алып, қапқа салып сүйрете жөнеледі. Қожа қаптың ішінде жатып:
— О, Алла, ана жерге, мына жерге тыққан алтындарым маған дұға оқитын адамның қолына түсе көрсін! — дей бастапты.
Мұны естіген жендеттері қапты тастай сала аты аталған жерлерге таласа-тармаса ұмтылады. Осы кезде бір отар қойы бар қойшы келе қалады. Ол аң-таң болып:
— Қайырымды жан, сені не үшін мына қапқа салып азаптап жатыр? — деп сұрайды.
— Бұлар мені староста бол деп күштеп жатыр, ал менің болғым келмейді, — дейді Қожанасыр.
— Менің староста болғым келеді, екеуміз ауыссақ кайтеді? — дейді қойшы.
— Болады, — дейді Қожанасыр.
Қойшы қапты шешеді де, Қожанасырды босатып, өзі қаптың ішіне кіреді. Қожанасыр қапты байлайды да, қолына таяқты алып қойшыға: «Боламын! Істеймін!» деп айқайлай бер олар келгенде», — дейді.
Сәлден кейін алданып масқара болған, түтіп жеуге даяр байлар келіп, қапты аяқтарымен теуіп, сүйрей жөнеледі. Байғұс қойшы: «Боламын! Істеймін!», — деп айқайлайды.
— «А, сен әлі тағы да істейсің бе?», — деп онан әрі ызаланып, тағы да соққының астына алады. Байлар қойшыны теңізге дейін сүйрейді де, жардың басынан суға лақтырады.
Олар қалың жауды жеңгендей мәз-мейрам болып ауылға келгенде, сап-сау болып жүрген Қожанасырды көріп, көздері алақандай болады. Олар үрейленіп:
— Сен судан қалай шықтың, қойды қайдан алдың? Көпіршіп суға батқаныңды өз көзімізбен көрдік қой, — дейді.
Қожанасыр күліп:
— Мен қойды санадым, семіздерін іріктеп алу керек емес пе... Олар мың-мыңнан береді. Сендерге баруға да болады, бәріңе де жетеді — дейді.
Олар суға жүгіріп барады да, бірімен-бірі жарысып жар басынан секіре береді. Егер бұрын секірген біреуі ұзақ уақыт көбік шығарып, бүкілдеп жатса, мұндағылары «ол екінші мыңын санап жатыр», — деп өздері де асыға секірген екен.
Бәрі суға секіріп, батып кетеді. Қожанасыр ауылға оралған кезде байлардың әйелдері мұны ұстап алып, өлтірмекші болыпты. Әйелдер Қожаны бағанаға байлап соға бастайды. Бірақ қолдары салдырап, шаршап қалады. Сосын олар орманға таяқ әкелуге кетеді. Осы кезде ауылға құмыраларын салдыратып бір балқар келеді. Ол бағанаға байлаулы Қожанасырды көріп:
— Сені не үшін байлап тастады, қандай кінәң бар? — дейді.
— Мені жесір қатындар байлап тастады, — дейді Қожанасыр, — олар ерлерінен айырылып, енді маған күйеу бол деп жатыр.
— Құдай үшін, — дейді оған балқарлық, — кел, ауысайық, сен менің атымды алып кете бер, мен сенің орныңа қалайын.
Қожанасыр бұған келісіп, балқарлықтың құмыра артқан атын алып жөней беріпті.
Көп ұзамай тоғайдан таяқ ұстаған әйелдер келеді. Олар жүгіріп келген бойда шықпыртып сабай бастайды. Ал балқарлық:
— Мен сендерге үйленем, үйленем! — дейді айқайлап. Әйелдер одан әрмен долданады:
— Мына пәленің арсызын-ай! Байларымыздың түбіне же- тіп, енді бізді мазақ етпекші ме, арымызды таптамақшы! — деп байғұсты өлгенше соғады.
Қожанасыр көздерін шел басқан байлардың осылай бір сазайын тартқызған екен. Алтын мен мал-мүлікке ие болып, жас әйелімен бақытты өмір сүрген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі