Айдарбек деген жігіт Баянауыл еліне аты әйгілі, тапқыр, қу жігіт болыпты. Айдарбек өзімен елдес Жаныспай деген байдан несиеге бір қой сұрайды. Айдарбектің төлей қояр малының жайын білетін Жаныспай:
— Өзім де қайырмаға соятын пышаққа жарар мал таба алмай отырмын, — деп маңына жолатпайды.
Жаныспайдың түлеме құйрық еркек қойлары шөпте тұрғанын Айдарбек көреді де, ішінен: «Мына қойларыңның біреуін бұйырмаса да, жермін» дейді. Айдарбектің бала-шағасы ашығып, зарығады. Құлатай деген саудагер сататын астық әкеліпті дегенді есітіп, Айдарбек қабын бөктеріп үйден аттанады.
Айдарбектің жүретін жолы Жаныспай ауылының үсті болады. Баян тауының қалың қарағайлы саласы, жалғыз жол, ақырын арық атымен ілбіп келе жатқан Айдарбектің көзіне қарағай ішінде түйе, сиыр сияқты қара малдарды айдап келе жатқан Жаныспай көрінеді. «Е, сәті келген шығар» дейді ішінен Айдарбек. Оның алдында «жер қурап, су азайып, мал жүдегені пәленің басы болса керек. Арқаға сұмырай келіпті-мыс» деген қауесет сөз есіткені бар-ды. Сол сөзі ойына түсе кетіп, көйлегін шешіп алып, басын тұмшалап орайды. Ала тік дамбалын шешіп, шалбарының сыртынан киіп, балағын буып алады. Бір қабының түбін екі жерден тесіп, көзін жылтыратып басына киеді. Атын бір топ қалың қарағайдың түбіне апарып мықтап байлап тастайды. Өзі келіп Жаныспайдың тап жүрер жолындағы бір қарағайдың бұтағына бір қол, бір аяғынан асынып, басын салбыратып тұрады.
Жаныспай малын айдап тап қасына келгенде, әлдеқалай бір әмірлі дауыспен: «Тоқта, дозақы қайда барасың?» деп ақырады. Жаныспай шошып кетіп жан-жағына қарағанда, қарағайда асылып тұрған жалмауыз түріндегі Айдарбекті көреді.
«Алла» деуге тілі зорға келіп, тұра қашпақ болғанда, қарағайдың бұтағына тымағының бауынан ілініп атынан ұшып түседі. Есеңгіреп біраз жатып, орнынан тұра бергенде, Айдарбек бұтаққа асылып тұрған күйінде, аса бір қорқынышты сиқырлы дауыспен:
— Сен Жаныспайсың ғой, малың зекетсіз, өзің тәубесізсің. Мен сұмыраймын. Сендейлердің тәубесін есіне түсіруге келдім. Біз үшеу едік, біреуіміз Қарқаралының тауында, енді біреуіміз Ерейменде. Суды құрытқан біз, шөпті қуратқан біз, — деп дауысын сан құбылтады. Жаныспай есі шығып орнынан қозғала алмай қатып қалады. Тілі байланып, басы айналады. Тағы да Айдарбек әлгіден де қорқынышты күштірек үнмен:
— Жөнел, жексұрын, үйіңе. Қырық күнге дейін бір ауыз дүние сөзін сөйлеме. Үйіңдегі қырық еркек қойдың қақ жартысын кедей-кепшікке үлестір. Жиырмасын сойып, қырық күндей жетім-жесірді жинап тамақтандыр. Осы айтқанның бір шарты бұзылса, дүниеде тірі жүрем деп ойлама. Ал, жөнел, — деп екілене, ексімдей қарады.
Жаныспайдың буыны құрып, сүйретіліп ауылына қарай жылжиды. Жаныспай тасаға түсісімен Айдарбек киімін жөндеп киіп, атына мініп Жаныспайды қуып жетеді. Сәлем берсе Жаныспайда тіл жоқ, тек қолын ербеңдетіп ымдайды. Айдарбек ұққан кісі болып, Жаныспайды сүйемелдеп, атына мінгізіп аулына алып келеді. Үйінің іші, аулы болып үрейі ұшып, молда шақырып Жаныспайға дем салғызады. Жаныспайдың бәйбішесі бір еркек қойды сойып, сол күні елге құдайы қылып береді.
Жаныспайдың тілі шықпайды. Бірақ ымдап Айдарбекке бір еркек қой бергізеді. Айдарбек қойды алып тұрып:
«Сұмырайдың ізін көрдім,
Жаныспайдың өзін көрдім.
Балаларыма іздеген азығымды,
Уа, Тәңірім, өзің бердің.
Бай жазылсын батам жағып,
Кетпесе егер пері қағып,
Шошымаса сұмырайдан
Қойды маған берсін неғып», —
деп Айдарбек қойды өңгеріп жөнеледі. Жаныспай қырық күнге дейін сөйлемей, Айдарбектің айтқанының бәрін істейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі