Бесекбай Шу өңіріне қақпан салады екен. Бір күні қақпанына арлан қасқыр түседі. Осы кезде Бесекбайға бір тосын ой сап ете қалады. Ол қасқырдың аузын тұмшалап буып, қапқа салады да, аузын содан кейін барып босатады.
Осы өңірде елге белгілі бір сараң бай тұрыпты. Бірде Бесек бай да осы үйде бір түн аш жатыпты. Соған зығырданы қайнап жүрген Бесекбай сол байдың үйіне қарай жол тартады.
Ол бай үйіне іңір қараңғысы түсе келеді.
— Мынау арқалаған қабыңның ішіндегі бұлқынып жатқан не нәрсе, Бесекбай, — дейді бай таңырқап.
— Бұл — Құдайдың көк қошқары. Қолыма ілікпей жүргеніне он жыл болып еді. Бүгін сәті түскені, Құдай жарылқап. Енді мен де өзің сияқты бір байитын болдым, — дейді Бесек бай қуаныш белгісін сездіріп.
— Мұның соншалықты не қасиеті бар екен? — деп сұрайды бай одан ентелей түсіп.
— Мұның қасиетін айтпаңыз, байеке, — дейді Бесекбай, — бұдан қашқан саулық түгелдей егіз туады. Бір қойдан жыл сайын екі қой өріп жатқанда, мен байымағанда кім байиды?
— Сен бір олжаңды байла маған. Жерден тауып алдым демеспін. Қазық бауыңа бір бесті ал, — деп жармасады бай.
Бесекбай қиналып барып, зорға көнеді.
— Жарайды, ендеше. Дегенің болсын! Бірақ мұны ел жатқаннан кейін барып қораға жіберіңіз де, төсекке келіп, бүркеніп жата қалыңыз. Бұл барлық қойыңызды бір түнде қашырып бітеді.
— Жануар-ай, ә, — деп таңырқайды бай.
Сонымен Бесекбай бай берген бестіге мініп, аялдамай жүріп кетеді. Қолында барын місе тұтпайтын бай, ел жатқаннан кейін қаптағы «Құдайдың көк қошқарын» қораның ішіне жібередіде, өзі үйіне келіп жатып алады. Қораның іші астан-кестең болып, ауыл иттері азан-қазан шулайды.
Ертеңіне тұрса, қораның іші қып-қызыл ала қан. Саулықтарды қасқыр бауыздап кеткен. «Құдайдың көк қошқарының» осыншалық кереметін көрген бай талықсып құлап түседі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі