Өлең, жыр, ақындар

Нұрпейіс қайтыс болыпты

Ертеректе Нұрпейіс деген қарт болыпты. Өзі ауқатты тұрыпты. Жасы тоқсаннан асып, қартайып, жасы келген шағында сөз реті келгенде балалары мен жақын туыстарына, ауылдастарына:

— Өлсем, жаназама алты болыс ел шақырыңдар, — деп отырады екен. Оның бұл хабары көрші ауылдың қарттарының құлағына тиіпті. Олар ауыл әдетінше қарттан «сыбаға» күтіп жүріпті.

Осыны білетін бір қу жігіт қаңтардың суық күнінде көрші ауылдың үстінен өтіп бара жатып, бір шалға:

— Нұрпейіс қайтыс болды. Ертең жаназасы, — депті. Әлгі шал астындағы атын борбайлата шауып, аулына жетіпті. «Нұрпейіс өлсе, жаназасына бірге барамыз» деп жүрген екі-үш көршісіне айтыпты. Бәрі бас қосып, «тағы кімге хабарлаймыз» деп ақылдасыпты.

— Ойбай-ау, адамды көбейте беріп нең бар, көптен не тиеді, өзіміз-ақ барамыз, — депті біреуі.

Бұлар бір ұйықтап тұрып, түн ортасында жолға шығыпты. Жол бойы Нұрпейістің киімін бөлісіпті.

— Нұрпекеңнің қара барқытпен тысталған бір қасқыр ішігі бар деуші еді. Жуғысына түсіп, соны мен алайын, — депті бірі.

— Менің шапаным бүтін, бірақ кебіс, мәсім жыртылып жүр еді, аяқ киімін мен-ақ алайын, — депті екіншісі.

Осындай дәме етіп, бөлісумен түні бойы жүріп, олар күн шыға Нұрпейіс ауылына жақындапты. Сақал-мұртын қырау басып келе жатқан бұларға бір атты жолығыпты.

— Жол болсын, — депті атты.

— Әлей болсын. Нұрпейістің жаназасына келеміз.

Атты аңырап тұрып қалыпты да, сәлден соң:

— Нұрпекең жаңа ғана атына мініп, базарға кетті ғой, — депті.

Әлгілердің басынан тас түскендей болыпты. Ақыры қол-аяқ, құлақтарын үсітіп, араға бір қонып, олар үйлеріне зорға жетіпті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз