Мың сегіз жүз тоқсан бесінші жылдардың мөлшері. Семей облысы, Суықбұлақта жалғыз бекет үйге келіп түстік. Біз жүргіншіміз, жиырма шақты жүк тиелген шанамыз бар. Қыстың орта кезі еді. Ат шаналарды кең қораға енгіздік, аттарды жайғастырып, үлкен самауыр шайды ішіп, төсек салғызып, ас ішіп, болған соң жайғасып жаттық.
Түн ортасы кезінде бір адам келді, бойы ұзын, екі иығына екі кісі мінгендей. Көрпенің астынан сығалап көріп жатырмыз, зәреміз қалмады. Өтірік ұйықтаған болып жатырмыз. Әйелі үлкен самауырды қайнатып алып келді. Ішіп отыр. Бір мезетте самауыр суы таусылды, әйеліне:
— Самауырды орта қайнатып па едің, қанбай қалдым ғой.
— Жоқ, толы болатын.
Сонымен жатты. Таңертең тұрсақ, жиырма бес-отыз пұттан жүгі бар шаналарды бірінің үстіне бірін жүкше жинап қойыпты. «Ойбай-ау, мынаны қалай түсіреміз» десіп, айтуға қорқып, сүйтіп тұрғанда дәу шығып:
— Ау, жігіттер, түнде мен жол кең болсын деп жиған едім. Аттарыңды жемдеп, шайларыңды іше беріңдер. Мен жайғастырып, орнына қойып берем, — деді.
Шай ішіп отырып, ол кісімен әңгімелестік. Жасы қырық-қырық бес шамасында, ал барлық мүшесі сом, шымыр, аузында бір тіс жоқ. Мұның мәнісін сұрадық.
— Жігіттер, бұл тістің мәнісін білгілеріңіз келсе, мен айтайын, тыңдаңыздар, — деп алып адам сөзге кірісті, — мен жасымда бойға сыймаған күштің желігімен, ұры да, бандит те болдым. Кісі өлтірдім, керуен тонадым. Бір жылы Семейдің бер жағында үлкен қара жолды аңдып жаттым. Жаяу, қолымда ақ балта, талайдың басын шауып, ат көлігін алып әдеттенген басым ешкімнен қорқуды білмеймін.
Бір мезгілде қаладан пар ат жеккен кашопкамен жалғыз адам келе жатыр. Мен жолмен қарсы жүріп, қасымнан өте бергенде, ортаға жегілген аттың божысынан ұстап тоқтаттым. Оң қолымда балта.
— Жол үстінде ат шылауынан ұстама, жолыңа кесел болады, босат! — деп ақырды қасқыр ішік киген қазақтың жас жігіті.
Мен оның сөзін тыңдамай, жігітке жақындай бердім.
Жігіт қасқыр ішігін шешіп тастап, кашопкадан қарғып түсті. Мен балтамен шаппақ боп сілтегенде, балтаны жұлып алып, лақтырып жіберді де, өзімді жерге алып ұрып, кеудеме мініп алды да, екі қолымды екі тізесімен басып тұрып божыны кашопкаға қаңтара байлады. Кашопканың алдыңғы жағынан бірнәрсе алды. Тістеуік екен. «Мен пышақпен мені бауыздайды ғой» деп жатыр едім. Еріксіз аузымды ашып, бір-бірлеп отыз тісімді суырды. Өзімді босатып:
— Сен әркімнің қанын ішіп, малын жеп жүрген осы тісің ғой. Мә! — деп қолыма берді, — бұдан былай мұндай боқты жемейсің, — деп жүріп кетті. Е, «өзіңнен зор шықса, екі көзің сонан шығар» деген осы екен. Мен сол жігіттің күшіне де, берген жазасына да, өлтірмей жіберген адамгершілігіне де разы болып, айтқан сөзін қабыл алып, одан кейін кісінің ала жібін аттамай тын болдым, — деді алып адам.
Сол жігіт кім болды екен?
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі