Сіңірі шыққан жарлы кедей, диуана атанған ақын Омар Уәтаевтың 1932 жылы сексен жасында қазіргі Аякөз ауданы, Ақшатау совхозының жеріндегі Қызылжалда дүниеден көшіп, Қоңқақтың зиратына жерленгені белгілі. Омарға қатысты бұл әңгімедегі оқиға ұлы Октябрьден бұрын болған.
...Үшбиік жақтағы бір байдың үйінде ішінде Қазірет және Әріп ақын бар бір топ кісілікті адамдар мен игі жақсы атанғандар түстеніп отырады. Дастарханға қымыз әкелінгенде:
— Омар диуана келе жатыр, — деген сөз естіледі.
— Қымызды Омар келген соң ішейік, — депті қазірет.
Бәрі де қазіреттің сөзіне тоқтап, қымызға ұмтылмай сабыр етіседі. Үйде отырғандарға сәлем бере кіріп, төрден орын алған Омардан қазірет:
— Қымызды ішуге бола ма? — деп сұрайды.
— Ішуге болмайды қымызды!
Осылай деп Омардың даусы саңқ еткенде, бәрі де тым-тырс болып, таңырқаған кейіпте Омарға қарасады.
— Қалай? — дескендерге:
— Кеше бие сауатын шелекке қарала күшік аузын тығып алған, — деп сенімді түрді жауап қайтарыпты Омар. Сұрастыра келгенде Омардың айтқаны шын болып шығады. Осы оқиғаның куәсі болған Әріп ақын тағы бір кезіккенде Омар ақынға:
— Ел сені диуана, білгіш дейді, балаларымды сынап берші, — депті. Сонда Омар Әріпке балаларын қатар қойдырып, бәріне сын көзімен бір қарап өтеді де, Әріпке қарап:
— Сөйлегенде кетесің оттай шалқып,
Ақ түйеше келгенді бір-ақ тарпып.
Кеудең алтын болғанмен, бөксең мырыш,
Бір өзіңе тартқан жоқ, бәрі шартық, —
деп оның балаларына бір шумақ өлеңмен баға беріпті.
Айтқандай-ақ Әріптің балаларына ақындық өнер дарымай, өзінің жолын қуған бірде-бірі болмаған екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі