Өлең, жыр, ақындар

Ұсақ бауырсақ

Қаратау елінің Досай ауылында Есалы деген болыпты. Ол бала-шағамен де, келін-кепшінмен де қалжыңдаса беретін ақ көңіл, аңқау кісі екен. Есалы жаздың бір күнінде Түркістан маңындағы құрдасының үйіне келіп қонып отырады.

Жекжаты келген соң үй иесі қарап отырсын ба, шай қойылып, мал сойылып жатады. Көп кешікпей-ақ Есалының алдына дастархан жайылып, шай келеді. Күні бойы жүріп, еш жерге түстенбеген Есалы алдындағы қойдың құмалағындай ұсақ бауырсақты үшеулеп-төртеулеп жеп-ішіп отырады.

Есалының бұл қылығын күлкі еткісі келген әлгі үйдің бойжеткен қызы:

— Сіздің елде қойды қораға қамарда нешеуден айдайды? — дейді.

Қыздың қалжыңын түсінген Есалы дереу түсіне қойыпты да:

— Қой тоқ болса біртіндеп айдайды, аш болса топтап айдайды, — депті.

Шай құйып отырған қыз бетін басып, күлген бойы үйден тұра жөнеліпті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз