Өлең, жыр, ақындар

Дуанбасының батырдан қорқуы

Ақмола дуанбасыларының біреуі Ыбырай төренің үйінде Сүйіндік елінің басты адамдары түстеніп отырады. Даладан үйге үрейлене қорқып жүгіріп енген бір бала:

— Ата, үсті қып-қызыл жүн, мойнында салпылдаған темірлері, найзасы бар, түйедей үлкен кісі түсіп жатыр, — дейді.

Үйдегілер оны «дуана болар» деп жорамалдағанда, әлгі үлкен адам алшаң басып кіріп келіпті. Шұбыртпалы Ағыбай батыр екен. Жылқы тайжақысын киіп, сауыт-сайманын сыртына асынған.

Үйдегілер жабырлай ұшып келіп орын беріседі. Ал дуанбасы Ыбырай оны танымағансып:

— Уа, қонақтар, мына тондың кім еді, сонша абыржыдыңдар? — дейді.

Ағыбай батыр сонда Ыбырайға төне қарап, бір тізерлеп отыра қалыпты. Қанжарын суырып ап:

— Үйге келген тонды ма,
Тонды кесір болды ма?
Бұқараны қор тұтып,
Өзін зор тұтқан,
Төре тұқымы оңды ма?

Осы қылығың үшін сенің кәзір бүйіріңді тесіп, бүйрегіңді алсам ба екен, басыңды кесіп, табаныма салсам ба екен? — деп тұра ұмтылғанда, дуанбасы Ыбырай сасқанынан жылап жіберіпті. Үйдегілер батырға жалынып, әзер арашалайды.

Дуанбасы Ыбырай айыбы үшін осы жолы Ағыбайға тұлпар ат беріп, қамқа тон жауып, зорға тірі қалған деседі қарттар.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз