Арғы заты, руы — Қозған, оның ішінде Ораз дейтін таптан шыққан Қора дейтін өте нашар, кедей адам болыпты. Былайша айтқанда Қораның мінерге аты, ішерге асы болмапты. Атсыз болғандықтан, өгізге мініп ел аралайды екен. Бірақ Қора өзі кедей, нашар болса дағы ел ішінде пысықша тілді, шешен, өткір адам екен дейді.
Бір күні Қора өгізге мініп, кәдімгі атақты Тәнті деген бидің аулына келген екен. Сонда Тәнті айтқан екен:
— Ей, Қорам, сенің мұның қалай? Сенің келгенің жақсы. Ел аман, жұрт тынышта өгізге мініп жүргенің қалай? Рулы ел Қозғаннан, оның ішінде Ораздан, Рақым мен Тұяқтан сені көтеретін жылқының бір тайы табылмады ма? — деген екен.
Сонда Қора тұрып айтқан екен дейді.
— Қарағым, Тәнті, сен би болсаң да, мырза болсаң да, өзің есің. Мен сенің және аналардың ешқайсысынан қыстап ат сұрамадым. Бірақ рулы ел Оразды осы астымдағы ала өгізбен бірнеше рет аралап айналып шықтым. Оның ішінде өзің айтқан Рақымның аулына да бардым. Иттері қамалап, үзеңгімнен алды, олай болса дағы мені бұлардың ешқайсылары көзін салып көрмеді. Күнім туса, бір кезде көрермін деп өгізімді санға бір салып, жүре берген күнім болды, — депті.
Сонда Тәнті би айтқан екен:
— Қорам, сенің сөзің өтті. Енді осы өгізбен қайда бара жатырсың? — депті.
Сонда Қора айтқан екен:
— Бір жерде екі тырнағым қалып еді, сол тырнағымды іздеп барамын, — депті. Қораның бұл сөзіне Тәнтінің қасында отырған кейбір адамдар түсінбей, бір-біріне қарай берген екен дейді. Бірақ Тәнті Қораның бұл жұмбақ сөзін қатты түсініпті. Себебі, Қораның бұл сөзі Қаракесекке берген бір қызы болған екен. Ол қызы сол берген жерінде қайтыс болып, сол қызынан екі жиен жас бала бар екен. Соны көріп қайтуға іздеп барамын деген сөзі екен.
Сонда Қораға Тәнті айтқан екен:
— Қорам, ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді. Астыңдағы өгізіңді тастап, орнына бізден бір ат мініп кетіңіз. Атасы басқа жат елге бара жатырсың ғой, — деп Қораның өгізін алып қалып, Тәнті жылқысынан бір ат алдырып, Қораға мінгізіп жіберген екен дейді.
Сонымен Қора Қаракесекке барып бағанағы тырнағым деген жиендерін көзімен көріп, амандасып қайтқан екен дейді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі