Өлең, жыр, ақындар

Мен ұры емеспін

Айбол мен Сұңғат бір сыныпта оқиды. Екеуі көрші тұрады. Бірге ойнайды. Бірде Айбол Сұңғаттың бұлбұл даусы шығатын ысқырығына қатты қызықты. Сұңғатқа оны қалада оқитын ағасы әкеліп берген еді.

Бір күні кешке ойнауға барған Айбол терезе алдында тұрған ысқырықты білдіртпей алып кетті. Үйіне жүгіріп келіп, қайда барып ысқырарын білмеді. Көзіне қораның төбесінде жинаулы тұрған шөп түсті. Төбеге шығып, жинаулы тұрған шөптің қалқасына отырып алып, армансыз бір ысқырды. Бұлбұл секілді құйқылжытты. Одан да басқа дыбыстар шығарды. Не керек, әйтеуір бір құмардан шығып, мәз болды. Осы кезде жұмыстан келе жатқан әкесі баласының қора төбесінде бір дыбыс шығарып отырғанын естіп, көріп қалды. Әкесінің қасына таяп келгенін Айбол аңдамады. Тек жөткірініп қалғанда селк ете түсті. Әкесі бірден:

— Аузыңдағыны қайдан алдың?! — деп сұрады. Қорқып кеткен Айбол:

— Сұңғат берді, — деп міңгірледі.

— Сұңғат берсе, неге төбеге шығып, тығылып ысқырып отырсың? — деді әкесі қатуланып. Бала үндей алмай қалды.

— Жүр, алдыма түс! — деген әке Айболды Сұңғаттың үйіне жетелеп алып барды да, одан:

— Айболға мына ысқырықты өзің берді бе? — деп сұрады.

Айболдың қолынан өз ысқырығын көрген Сұңғат қуанып кетті.

— Жоқ, берген жоқпын. Сен алған екенсің ғой. Әкел! — деп ысқырықты оның қолынан жұлып алды.

— Кешірім сұра! — деп әкесі баласынан кешірім сұратты да, оны қайта жетелеп үйіне алып кетті. Келген соң өз бөлмесіне кіргізіп алды да:

— Енді сен ұрысың, — деді жай ғана.

Шошып кеткен баласының:

— Жоқ, мен ұры емеспін, менің алғаным кішкентай ғана ысқырық, ұрылар ақша ұрлайды! — деген даусы қатты шықты.

— Біреудің затын сұрамай, тығып алатындардың бәрін ұрлықшы дейді. Мейлі ол үлкен зат болсын, кіші зат болсын, бәрібір, — деді. — Енді сенен достарың қашып жүретін болады. Сұңғат екі бастан ертеңнен бастап саған жоламайды. Ол ертең барады да, сыныптастарыңа сені ұрлықшы деп айтады, — деді әкесі. Шыдай алмай кеткен Айбол үйден шыға жүгірді. Артынан әкесі де жүгірді. Баласы досының үйіне барып:

— Сұңғат, мен ұры емеспін. Ысқырып болған соң әкеліп берем деп ойладым, — деп есіктің алдына барып айқайлады. Сұңғаттың әке-шешесі Айболдың мына қылығына түсінбей қалды. Артынан келген әкесі баласының қылығына кешірім сұрап, бәрін түсіндіріп берді.

Осы оқиғадан кейін Айбол ешкімнің ештеңесін сұраусыз алмайтын болды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз