Ерте, ерте, ертеде орман алқабында кенеттен дүлей өрт басталды. Аң атаулының бәрі басы ауған жаққа қашып, босып кетті. У-шу еткен дауыстан, жердің ыстық лебі-бетін шарпып, ұйқысынан оянған тасбақа от-жалынның өзіне жақындап қалғанын көргенде бір орында тыпырлады да қалды. Қанша тырысса да жыбырлап жүріп, жайбасарлығының кесірі-нен тілсіз жаудан алыстай алмай-ақ қойғаны. Сәлден соң биік шоқпар тастың үшкір ұшында отырған маймылды көріп, қуанып кетті. Жалбарына жәрдем беруін сұрады.
— Егер мені өлімнен құтқарсаң, қашан болса да жақсылығыңды өтеймін, — деді үздігіп.
Жеткен биігіне масаттанған маймыл миығынан күлді.
Жерде ілбіп, бір аударылып, мың сүрініп, әрең жылжып, жандәрмен күй кешкен тасбақаны биіктен көріп қалған жолбарыстың жүрегі бүлк етті: «Тіршіліктің бір жәндігі алас ұрып жүр. Оны өлімге қиюға бола ма?»
Көп ойлап жатпастан құйғытып барып, алдыңғы аяғымен орап алды да, оты сөнген шоқыларға қарай алып ұшты.
Жылжып жылдар өте берді. Қара күйе болған атырап кейіннен гүлге толды. Соншама уақытта тасбақа ғана мазасыз күй кешті. Ол өзіне өмір сыйлаған жолбарысты ұмытпады. Құдай тасбақа-ның тілегін беріп, күздің бір кешінде шығып келе жатқан күннің алау реңін, содан кейін келген барқыт түннің қара бояуын кезек-кезек алмастырып, жолбарыстың терісіне дарытты. Осылайша күннің жарқын нұры мен түннің түсі жолақ-жолақ өң беріп, жолбарыс ең сұлу болып шыға келді. Осыншама құдірет тылсымы тасбақадан келгенін жолбарыстың өзі де білген жоқ. Бүкіл жан-жануар жолбарыстың терісіне қызығумен қайран қалысты.
Маймылдың ішін қызғаныш қарып, опынып, өкінді. Әлі күнге дейін жолбарыс жүрген жерде ол өзінің ұсқынсыз түрін көрсетуге ұялып, тығылып қалатын көрінеді...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі