Сырымның әкесі Дат тәуір әйелге үйленеді. одан Сырым туады. Елдің ақсақалдары: «Сенің атың бір қоя салған ат еді-ау, есіміңе несібең сай емес», — деп, Датты келеке етіп жүреді. Сырым жиырма екі жасқа толғанда, Байбақты деген елді аралайды. Сонда ағайындары қаумалап Нұралы ханның Есім атты баласы Ақмоншақ деген атын лауға деп алғанын, екі жылдан бері қайтармағанын айтады. Сұрай барса:
— Құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ ал да, бітіс, — дейді. Сырымға ел-жұрты: «Сол Ақмоншақты сұрап Нұралы ханға бар. Ақмоншақ күллі Байбақтының атын шығарған ат еді», — дейді.
«Ол ит берсе — жақсы, бермесе, тегін қайтпаспын», — деп, Сырым аттанып, Нұралы ханның үйіне түседі. Хан жөн сұрайды.
— Сіздің балаңыз Есім менің ағайындарымның Ақмоншақ деген атын алған екен. Сол аттың сүйегі болса да алып қайтайын деп келіп едім, — дейді. Нұралы хан Есімді шақыртып алады:
— Мына Сырым атын сұрай келіпті, қайтар!
— Сырымға ат керек болса, құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ алсын да, бітсін.
Сырым ұшып түрегеліп:
— Менің де еститінім осы ма еді! — деп, Есімге тұра ұмтылады, Нұралы хан ара түсіп, баласына:
— Ей, Есім, сен түсін. Бұл Сырымның үлкен әкесі Шолан батырды біздің төрелер қылыштап өлтірген. Бұл соғысқалы келіп жүр екен. Атын бер! — дейді. Есім келіспейді.
Сырым аттанып кетеді. Нұралы хан оның артынан қуғыншы жіберіп:
— Келіп үйге қонақ болсын, атын алсын, — дейді.
— Атаңа нәлет хан, бір тай үшін есігіңе барып екі еңкейсем-ау! — деп, Сырым қаһарланады.
— Айтып бар, қонақ болар күнімді өзім хабарлаймын!
Сырым ағайындарына келіп: «Атты әкеліп берсе, алыңдар, әкеліп бермесе, енді атты сұрамаңдар», — депті.
Осы оқиғадан кейін Сырым желмаяға мініп, Нұралы ханды шабамын деп Сарыарқаның қазағынан көмек сұрай шығады. Сөйтіп жүргенде, қариялар: «Осының қолынан бірдеме келе ме, келмей ме? Бақай сыншының алдына апарып, сынынан өткізейік», — дейді ақылдасып. Бақай сыншымен Сырым екеуі кездеседі. Бақай сыншы:
— Ей, Сырым, жоқтан бар болдың,
Айырдан нар болдың.
Қамқа тон тозды,
Атадан ұл озды.
Анадан қыз озды,
Боздан бурыл озды.
Сен осыған жауап берші? — дейді.
— Ей, Бақай ата!
Жоқтан бар болсам, Құдайдың құдіреті шығар.
Айырдан нар болсам, атам үлек болған шығар,
Қамқа тон тозса, киюі салақ болған шығар.
Анадан қыз озса, шіркіндігі болар,
Атадан ұл озса, еркіндігі болар, —
дейді. Бақай сыншы:
— Ей, Сырым, әкең Дат ожар еді. Шешең қайратты да қараторы, — дейді. — Күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандырушы еді.
— Ей, Бақай ата, әкем Дат тентек болса, болған шығар. Шешем күндіз жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандырса, қырықтың бірі қыдыр деген, онда мен қыдырдан жаралған болармын.
— Өзін-өзі езген ит,
Өзен бойын кезген ит.
Өзі болған жігіттің
Түп атасын қазған — ит, —
дейді Сырым. Бақай сыншы сөзден жеңіліп, Сырымға ат мінгізіп, шапан кигізіп, қонақ етіп аттандырған екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі