Мөңкенің бала жігіт кезінде әкесі Бекарыс Жиделі-байсын жеріндегі Аяз атты дана қарттан бата алып келуге жұмсайды. Мөңке қасына алты-жеті жолсерік ертіп, көп күн жүріп, сұрастыра-сұрастыра Аяз қарттың аулына келіп, шеттегі жұпынылау қараша үйден шығып тұрған ақсақалға сәлем беріп, іздеген үйін сұрайды.
— Аязды қайтесің? — дейді ақсақал.
— Сәлем берейін деп едім, — дейді Мөңке.
— Аязға сәлем берем деп келетіндей сен кімнің баласы едің? — дейді ол тағы да. Мөңке аты-жөнін айтады. Сонда қарт баланы сынамақ болып:
— Сен Бекарыстың баласы болсаң, «бір бала бар әкеге жете туады, бір бала бар кері кете туады» деген бар еді. Сен соның қайсысы боласың? — депті.
Мөңке кідірместен:
— Атаға жете тусам деп жүрмін, ата жолын қусам деп жүрмін, — депті.
Жас жігіттің жауабына риза болған Аяз қарт Мөңкені құрмет тұтып, жолдастарымен үйге түсіріпті. Бар ақуалынша сыйлапты. Әр алуан ақыл-кеңес алып отырып, сөз арасында Мөңке Аязға:
— Алыстағы аруыңызбен қандайсыз? Жаныңа жақын қаруыңызбен қандайсыз? Алып келіп бергенді алумен қандайсыз? — депті. Бұған Аяз:
— Алыстағы аруыммен араздастым. Жақындағы қаруыммен қастастым. Алып келіп бергенді алмай, керек емесіне жармастым, — деп жауап беріпті.
— Екі ескегіңіздің екпіні қандай?
— Жасыңызда берген несиеңіздің қолға тиюі қандай? — деген Мөңкенің сұрағына:
— Екі ескегіме бір кеспек қостым. Жасымда берген несием бүгінгі несібеме айналды, — деп жауап беріпті.
«Ақыл жастан, асыл тастан, ауру астан, дау қарындастан шығады. Жүйрік топқа түскен аттан, өсиет өнеге көпті көрген қарттан шығады» деген даналық ой түйіндері де осында айтылған екен.
Аяз қарт Мөңкеге батасын беріп, кетерінде:
— Балам, әкеңе деген аманатым бар еді, апарып тапсыра аласың ба? — депті.
— Аманатыңыз ауыр болмаса, ала кетейін, — дейді Мөңке.
— Білген кісіге жеңіл де емес, білмегенге ештеңеге тұрмайды, — дейді қарт.
— Айтыңыз, ала кетейін, — деген Мөңкеге Аяз дана:
— Қаратаудың басынан қар жауды. Қара бұлақтан су ақты. Көрінгенмен керісетін болдым. Керме иықпен тебісетін болдым. Осыны әкеңе жеткіз, — деп қоштасып қала берген екен.
Былай шыққан соң Мөңкенің жолдастары онымен Аяз қарттың арасындағы жұмбақ айтыстарына түсінбегендіктерін айтып, мәнін сұрайды. Сонда Мөңке былай деген екен:
— Мен сөз арасында өзінің қал-жағдайын сұрадым. Ол «алыстағы арумен аразбын» деп көзін кіреуке шалғандығын, «жаныма жақын қаруыммен қастастым» деп тістен қалғандығын, «алып келгенді алмай, керек емесіне жармастым» деп күшті тамақтан қалып, аталаны ас еткендігін айтып шағынды. «Екі ескегіне бір кеспек қостым» деп жүруден қалып, қолына таяқ алмаса болмайтындығын, ал «жасымдағы несием бүгінгі несібеме айналды» деп, аялап бағып күтіп отырған балаларына дән риза екендігін білдірді.
«Білген кісіге жеңіл де емес, білмегенге ештеңеге тұрмайды» деп сендердің сөз мәнісіне түсінбегендеріңді, әлде де түсінулеріңнің қиын екендіктерін шенеп өтті. «Қаратаудың басына қар жауды» деп әбден қартайып, шашы ағарғандығын, «қара бұлақтан су ағатын болды» деп екі көзінен су ағатын болғандығын, «көрінгенмен керісетін болдым» деп ұйқыдан қалғандығын әкеме айтып шағынып, «мен келген жасқа сен де кел, сол жасты аманат қылып жібердім» деген сөзі еді, — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі