Нартай Ерлан ағаларының үйіне ерте келіп алды. Өйткені кішкентай Ержанның тұсауын кескелі жатқанын әжесінен кеше естіп алған болатын. Сол есінде, ертеңгілік шайын ішті де, тартып отырды.
Келсе кішкентай Ержан да оянып алыпты. Үйде сәкі жағалап жүр екен. Нартайды көріп, қолын созды. Нартай оны бірден көтеріп алған жоқ. Жақындап барып, үш-төрт қадам аралық тастап тұрып:
— Келе ғой, Ержан. Маған өзің жүріп кел,— деді екі қолын жайып, өзіне шақырып. Бұлай етуді кеше ғана үлкендерден көрген болатын. Соны енді өзі істеді.
Ержан құлап қалудан қорқа жүріп алдымен Нартайға қарай бұрылды. Әбден орнығып тұрып алған соң аяғын апыл-тапыл басып келіп
Нартайдың құшағына құлады. Өзі әлденеге мәз. Неге екенін, бұл қылығына Нартай да қатты қуанды. Үлкендер де мәре-сәре күліп жатыр.
— Бүгін тұсауыңды кесеміз, сосын Нартай ағаңа еріп шауып кетесің,— деді қасынан өтіп бара жатқан Ерлан ағасы.
Сәлден соң маңайдағы көршілер де келе бастады. Ұзамай Нартайдың атасы мен әжесі келді аяңдап. «Әй, сен бізді тастап, өзің кетіп қалыпсың ғой»,— деді бұны көргенде. Кешікпей дастарқан жайылып, шай құйыла бастады. Соңын ала «Тұсау кесу» рәсімі де басталып жүре берді.
Адамдар екі жаққа бөлініп тұрып, ортадан орын қалдырылды. Іле екі әже Ержанды екі қолтығынан демеп, төр жаққа апарды. Сол сәт көрші үйдегі тағы бір әже дайын тұрған майлы ішекпен Ержанның аяғын тұсады.
— Тұсауды кім кеседі?— деді артынан үй иелеріне қарап.
— Үлкендермен ақылдаса келе, тұсауды демалысқа келіп жатқан Омар атаның баласы, ауылымыздың мақтанышы Берік кессе деп шешкеміз,— деді есік жақта тұрған Ерлан бір-екі қадам алға жылжып.
— Әп, бәрекелді! Жөн!
— Табылған ақыл!
— Дұрыс. Берік секілді оқымысты жігіт болсын деген ғой!— десті төрде отырған үлкендер.
Нартайдың жүрегін мақтаныш кернеді. Өйткені Берік оның қалада тұратын көкесі болатын. Жақында демалысқа келіп, шөп шауып жүрген-ді. Іздеп еді, босаға жақта тұр екен. Іле сәл ыңғайсызданған бейнеде жүзі қызарып, төрге қарай жүрді. Ержанның алдына келген соң, жақын тұрған әйелдің қолынан бәкі алып, жүрелей отырды. Еңкейіп барып «Биссімилла! Жүйрік бол!» деп тұсауды кесті.
Осы сәтті күтіп тұрған үлкендер:
— Әй, бәрекелді! Берік ағаң секілді елгезек азамат бол!
— Шауып кет енді сүрінбей!— деп тілек білдіріп жатты дуылдасып.
Тұсауы кесілген Ержан мәз. Аяғын басып ілгері талпынып еді, екі қолтығынан демеп тұрған екі әже алға қарай ала жөнелді.
— Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам,
Қаз-қаз болып, тез басып,
Қадамыңды жаз, балам!
Тұсауыңды кестік біз,
Күрмеуіңді шештік біз,
Қадамыңа қаз басқан
Құтты болсын дестік біз.
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балағыңды түре ғой,
Тай-құлын боп шаба ғой,
Шауып бәйге ала ғой!
Жүгір жылдам, құлыным!
Желбіресін тұлымың.
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе!
Ала жіпті алайық,
Ақ әжеңе барайық,
Ержетті деп айтайық,
Шашуын жеп қайтайық,—
деп әндетіп барады жатты екеуі. Қарап тұрған Нартай аң-таң.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі