Күн суытты. Қар жауды жапалақтап. Түрлі-түрлі оюлармен безенген қар ұлпалары төңіректің бәрін де сиқырлауда. Сөйтіп, маңайды қиял-ғажайыптарға жетелейтін керемет суреттермен байыта түсті. Таң атқаннан бері жауған қарды әлдебіреу ту-у төбеден өз демімен төменге қарай үрлеп жатқандай-ау, шіркін!
— Ата, — деді Бақытбек.
— Ау, қарағым.
— Мына қарды үрлеп, жаудырып тұрған кім өзі?
Атасы немересінің қиялға бай ой әлеміне риза болғандай пейілмен:
— Е-е, балам, бұл қар мен аяздың пірі — Аяз ата, — деп жауап қатты.
Содан соң ол өз сөзін одан әрі жалғастырды:
— Ерте, ерте замандарда қалың орман ішінде Аяз ата өмір сүріпті. Қыс келгенде, аспаннан қар жауғанда, ол ну орман ішінен шығады екен. Ақ киіз байпақ киген аяқтарын балпаң-балпаң басып, ел мен жерді түгелдей аралайды екен.
Қабағына қар тұрған, ақ сақалы белуарына түскен Аяз ата өзімен бірге аппақ қарды, оның артынан аязды ертіп әкелуді әдет етіпті.
Аттарын шанасына жегіп алып, ұзақ жолға шығады екен.
Аттары тіпті жүйрік көрінеді. Зуылдаған күйі жер бетін тез арада шарлап шығады. Әп-сәтте, көзді ашып-жұмғанша басып өткен ауылдар мен қалалар ақ көрпедей қалың қарға оранады.
— Ата, біздің ауылдың үстінен де Аяз ата өтті ме сонда?— деп сұрады немересі атасының шынайы айтқан сөздеріне ешбір күмән келтірмей.
— Иә, балам, ысқырып, шауып, зулап, әнеки, барады,— деді атасы да бораған қардың уіліне құлақ салып.
Бақытбек атасының айтқан сөздеріне разы болды.
— Жүр, балам, күн де кешкіріп қалыпты. Айналаның бәрі аппақ болды. Үйлердің терезелерінде жарық пайда болыпты. Қар тоқтаған соң күн суытып, аяз пайда болады.
Атасы мен немересі аяқтарына жабысқан қарды қағып, ішке енді. Үйдің іші сырттағыдай емес, жып-жылы. Бақытбек үстіндегі жылы киімдерін шешті. Сөйтті де, терезе сыртына көз салды.
Далада бір ноқат жоқ. Бәрі аппақ. Ақ түске оранған әлем.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі