Ақсақ Темір өзі жетім бала болады. Сол Ақсақ Темір және сол сияқты кілең жетім он төрт бала болып, кісілердің малын бағатын көрінеді. Үйсіз-күйсіз жетім, панасыз балалар далада малда жүріп, күні бойы ермек етіп, бір-бірін хан сайлап, басқалары бұйрығын орындап сөйтіп жүреді екен. Және олар күн сайын біреуі, күн сайын біреуі хан болады екен кезекпен. Бірақ олар Ақсақ Темірді хан қоймайды екен. Бір күні Темір:
— Мені неге хан қоймайсыңдар? — дейді.
— Олай болса ертең сен хан бола ғой, — дейді басқалары.
— Олай болса, ертең мен хан боламын, менің бұйрығымды орындайсыңдар, — дейді. Басқалары:
— Орындаймыз, — дейді.
— Онда ертең біреуің қазан, біреуің аяқ, біреуің қасық, біреуің пышақ, біреуің табақ, — деп, әйтеуір әрқайсысына сондай заттарды тауып әкелуге міндеттейді. Балалар:
— Әкелеміз, — дейді.
Ертең келгенде барлығы да әкел деген затты әкелген. Енді Ақсақ Темір өз қарауында бағып жүрген байдың бұзауының біреуін алады да сояды. Балалар қуанысып жейді. Темір балаларға:
— Сендер хан болғанда біреуің осындай қылмайсың, — дейді. Сөйтіп, олар етті жеп, қалғанын даладағы тамға апарып, ит-құс жемейтін жерге қояды ертеңге сақтап.
Содан кешке келгенде малды жоқтап Темірден сұрайды.
Сонда Темір:
— Балалар мені бүгін хан сайлады, соған той қылып мен сойдым, — деп анығын айта салады. Содан бай ашуланып Темірді сабап, «хан болуын қара» деп қуып жібереді. Темір басқа жолдастарына:
— Мені қуып жіберді. Мен ескірген тамға барып жатамын. Сендер соған қарай малдарды айдап келерсіңдер, — дейді де, тамға барып жатып алады.
Содан ол кідірмей тамға келіп жатады. Жатқанда мынадай көрініс болады:
Бір тышқан жоғарыда тұрған етті біліп, барғысы келіп, тамға өрмелеп шыққысы келеді. Бірақ орта жолға барғанда тайып жығылады. Тағы өрмелейді, тағы жығылады. Тағы шығады, тағы жығылады. Не керек, тоқсан тоғыз рет өрмелеп жығылады. Оған да қарамай жүзінші өрмелегенде барып жығылмай шығып, етке жетіп, жей бастайды. Бұл көріністердің бәрін манадан көріп жатқан Темір ойлайды: «Мына тышқан ғой етке баруды талап етіп, сол етке барғысы келді. Бірақ сол барам деп жүргенде тоқсан тоғыз жығылды. Сонда да ол талабын қойған жоқ. Ақыры жүз дегенде іздегеніне жетті. Ал енді менің осы тышқандай жігерім жоқ па? Кел, мен де осы хандығымды тастамайын, сірә, қоймасам тышқан құсап ақыр хан болармын», — деп ойлайды. Сөйтіп жатқанда малды айдап балалар да келеді. Келгесін балаларға малды кейін айдатып жібертеді. Сосын кешегі қалған етті жеп алып, Темір бар балаларды ертіп қала ауып, басқа бір үлкен қалаға бармақ болып кетеді.
Сонымен олар бұл қаламен қоштасты. Бір күндері баяғы қаладан тіпті алыс басқа бір қалада мынадай хабарлар болады:
«Осы қаланың теріскейінде банды келіпті, пәлен жерде, пәлен керуенді шауыпты, түлен жерде түлен керуенді шауыпты, адамдарын банды қатарына қосыпты. Сөйтіп күннен күнге әскері көбейіп бара жатыр екен, бастығы бір айлашыл, сұм дейді», — деп хабарлар жайыла бастайды.
Бұл баяғы жетім балалар бастығы Темір болады. Ол уақытта олар үлкен жігіт болған. Сөйтіп әскер болып керуен тонап, әскерін де, малын да, дүниясын да көбейтеді. Бұл қала бір үлкен хандықтың орталық қаласы екен. Ханы бар екен. Бір күні ханға да хабар келеді. Сондай бандылар
екен деп. Хан мыңдай әскер жібереді. Бұны Темірлердің қаладағы бір адамы Темірлерге жеткізеді. Енді Темір келетін уақытын жобалап түнде келетінін біледі. Сөйтеді де, түнде әскерлер әрқайсысын бір-бір қапқа салады да, бір түйеге екі қаптан артады. Сөйтіп тек өзінен басқасының бәрін қапқа салып артып, өзі адам болып түнде келе жатқан әскерлерге қарсы келеді. Бұны ешкім көрген жоқ. Көргенменен түнде танымайды. Әскерлерге келгесін, әскерлер Темірді сұрайды:
— Оның бандысы қайда екен, өзің неғып жүрсің? — дейді.
Сонда Темір:
— Мен бір керуен едім, қасымда он шақты атты адам бар еді. Олар осы алдымызда бір банды бар деп соны байқай кетті де, мен мына түйе жүктерімен қалып, осы түнге дейін келмегесін, бір жағымнан келіп банды шауып кете ме деп қорқып қайтып келе жатқамын. Сіздерді әуелі банды ғой деп қорқып, тағы да келіп қалғасын, жалтаралмай қорқа келіп едім. Жақсы болды, сендер екенсіңдер, — дейді.
Және:
— Сендер бүгін осы жерде жатыңдар, мені бір жақтан келіп шауып кетер. Мен қорқам, әрі менің қасымдағы аттылар таң атқанша келер, соған қараңыз, — дейді. олар айтқанын істеп, жататын болады. Енді бұ да жататын болады. Түйенің жүгін шешуге келгенде:
— Жүгі жеңіл, осылай жата берсін, — дейді. Сонымен барлық әскер жатады. Әскерлер түгел ұйқыға кете бергенде Темір барлық түйені шешіп, адамдарының барлығының қолына қылыш беріп, енді шеттен әскерлердің басын кесе бастайды. ұйықтап жатқан жерде басын кескенде басқалары білмейді. Сөйтіп, нобайлап қырады. Азғантайы қалғанда Темірлер айғайламасын ба: «Банды келіп қалды, тұрыңдар, тұрыңдар!» — дейді.
Енді жалма-жан әскерлер тұра бастаса бәрі тұрмай жатыр, тек азғантайы ғана тұрған. Олар жатқанында бастары кесіліп, қырылып қалған. Сол жерде әскерлер біліп ұрысуға шыдамай қаша-қаша жөнеледі. Сонымен Темір қолымен соғысып қойсын ба, қырып жойып жеңеді. Сөйтіп, ханның осындай көп әскерін кейін қайтармайды. Тағы сол сияқты жіберген хан әскерлерін жеңіп, ақыры сол қаланы алып ханын өлтіріп, өзі хан болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі