Күндердің күнінде Әмір Темір ел билеуші болып, жорыққа шыға бастаған кезінде Қожа Ахмет Ясауи түсінде аян беріпті. «Сен менің басыма ғимарат тұрғыз, менің әруағым сені демеп жүреді», — депті. Сонда Әмір Темір: «Мен сені қайдан табамын?» — дегенде, — «Жолды мен өзім көрсетіп отырамын», — деген екен. Сонымен [тәуекелге] бел байлап, Әмір Темір Қожа Ахметті іздеп шығыпты. Ұзақ жүріп, Түркістан шаһарына келгенде, түсінде аян беріп, жатқан жерін айтады. Таңертең ертерек барып қараса, шынында да кішкене ғана мазарат тұр екен. Құран оқып, ертесіне іс бастапты. Кешке дейін біраз дуал қалап қойған екен, таңертең барса, бұзылып жатқанын көреді. Басына қарауыл қояды. Таң алдында ұйықтап кетіп, кімнің бұзғанын білмей қала береді. Болмаған соң үшінші күні өзі барады. Таң алдында ұйқы қысады, ұйқыға бой алдыра берген соң қолын қанжармен тіліп жіберіп, ұйықтамау үшін тұз сеуіп қояды. Сонымен бір кезде қараса, үлкен өгіз келіп, дуалды майқандап жатыр екен. Не істерін білмеген Әмір Темір ойланып қалады. Түсінде Қожа Ахмет тағы да аян беріп, былай депті: «Ол көк өгіз Арыстан баптың аруағы, саған қапаланып бұзып тастап жатыр. Ол — менің ұстазым, сен оның аруағын аттап өттің, сол үшін алдымен оның басына ғимарат тұрғыз. Содан соң маған қайта келерсің», — депті. «Мен оны қалай табамын?» — дегенде, — «Мен өзім жол сілтеп отырамын», — деп жауап береді.
Сонымен ерте тұрып, отырарға бет алады. Кешке сонда жетіп, ұйықтап жатқанда, түсінде аян беріп, жатқан жерін көрсетеді. Таң ата, ерте басына барып, Құран оқып, құрылысты салуға кіріседі. Басталған құрылыс ойдағыдай аяқталған соң, демалып жатқанда және түсінде аян
беріп: «Міне, енді сәтті болды, енді келіп менің басыма ғимаратыңды салдыра бер! — дейді. Сонымен Түркістанға қайта келіп, Қожа Ахмет мешітін салуды бастаған екен. Бірақ құрылыс жұмыстары жақсы жүріп жатқанда, Самарқанда басқа бір қауырт жұмыс шығып, құрылыс салып жатқан ұста сол жаққа кетіп, көптеген себептермен қайта оралмаған-ды. Содан ғимарат құрылысы толық бітпей қалады. Сол кезден бастап Әмір Темір жорыққа шығар кезінде үнемі Түркістанға келіп, Ахмет Ясауидің басына зиярат етіп, ас беріп, тайқазаннан дәм тату әдетке айналған екен. Сондай бір сапармен келгенде, қатты сырқаттанып, осы жерде қайтыс болған деседі. Оның айтқан өз өсиеті бойынша, ол Самарқанға қайтуы керек еді. Бірақ халық арасында шу шықпасын деп, білдірмей, «Әмір науқас» деп, жол жүріп кетеді. Сол жолда отырардан бері жайласқан Темір стансасына келгенде, бір демалыс жасаған көрінеді. Соның құрметіне «Темір» аталып кетіпті. Содан Темірлан деген жерге барғанда, халық Әмір Темірдің қайтыс болғанын біліп қойып, сыр ашылған көрінеді. Міне «Темірлан» аталуы содан шыққан екен деп ел аңыз етіседі.
Сандуғаш
Темір станциясы менің туған жерім. Бұл аңызды бала кезден білем. Әлі есімде