Қатар өсіп тұрған екі Бидайдың бірінің басы күн өткен сайын ауырлап әбден иіліп кетті. Ал қасындағысы басын көтеріп тіп-тік тұр. Оны Шырмауық орап алған. Бір күні тік тұрған Бидай Шырмауыққа:
— Күн өткен сайын өкпемді қысып, өрмелеп қайда барасың? — деп сұрады.
— Сені басып өтіп анау Күнбағысқа жетсем деймін, — деді Шырмауық.
Сонда басы иіліп кеткен Бидай сөзге араласты.
— Жыл сайын бойы бойшаңға жетем деп тыраштанасың, бірақ күз түсіп кетіп жылда-жылда арманыңа жете алмай қурап қаласың. Кесірің көпке тиіп жатыр. Сен өкпесін қысып, Бидайды өсірмей тастадың. Ал ол өсіп, өркендеп, ұрпағын көбейте алмай тұр. Мақсатыңа жету үшін жолдағының бәрін таптап, жаншып кетуіңді қашан қоясың? – деп ренжіді.
— Қап, бәлем, келесі көктемде ме, сені орап әбден қыспасам ба, ал өзің не бітіріп тұрсың? — деді кіжініп Шырмауық.
— Мен өкінбеймін, келесі көктемде мен бір жерде емес, мың жерде өсем. Ұрпағым көп. Соның бәрін орауға сенің жібің жете ме, ең бірінші соны ойласайшы, — деді.
— Жетеді! Бидайды тұқымымен құртам! — деп айқайлады Шырмауық.
Шырмауықтың даусын естіп қалған Адам бұлардың қасына келді. Ол Шырмауықты көріп:
— Қап, Бидайды өсірмей тастапты-ау, — деп Шырмауықты түбімен жұлып алып тастады.
Тік өскен Бидай:
— Өзің үшін өзгеге жамандық ойлаймын деп жарты жолда қалай мерт болғаныңды білмей қалдың-ау, бейшара, — деді.
Өлермен күйде жатқан Шырмауық:
— Сен пісіп, ұрпақ таратып үлгермейсің, күз түсіп кетеді, — деп тістенді.
Арада біраз уақыт өткенде тік өскен Бидайдың да басы иіліп кетті. Енді оның қуанышында шек жоқ. Әп-әдемі боп жасарып кеткен. Ал анадай жерде қап-қара боп қурап Шырмауық жатты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі