Өлең, жыр, ақындар

Өзбек хан туралы

Өзбек хан заманының төрт әулиесіне Алладан: «Өзбек ханға барып, оны ислам дініне кіргізіңдер» деген аян келеді. Алланың бұйрығымен олар Өзбек хан ордасының сыртына келіп отырып, өздерінің ғибадаттарын жасай береді. Ол кезде Өзбек хан сарайында сиқыршылар мен дінсіз көріпкелдер мынадай сиқыр көрсететін еді: олар Өзбек хан мәжілісі не өздерімен бал құйылған ыдыс әкелетін. Оған түтік салса, бал түтік арқылы тостағандарға өзі құйылып, тостағандар кісілердің алдына өзі жылжып баратын. Хан бұларды өзінің шайықтары санап, өзімен қатар отырғызып, оларға үлкен қызмет көрсететін. Бірде мұсылмандар келген күні де Өзбек хан әдеттегідей мәжіліс өткізді. Күндегі дей оның шайықтары өздерімен бірге бал алып келді. Бірақ бұл күні бал тостағандарға құйылмады, тостағандар өздері жылжып, кісілердің алдына бармады. Өзбек хан себебін сұрады. Сонда оның қасындағы діндарлары: «Осы маңға мұсылмандар келген болу керек», — деп жауап берді. Хан қызметшілерге мұсылмандарды тауып келуге бұйырды. Қызметшілер сыртқа шыққанда, орданың сыртында басын төмен салып, ғибадатын жасап отырған киім киісі бөлек төрт кісіні көрді. Қызметшілер: «Сендер кімсіңдер?» — деп сұрады. олар: «Бізді ханға алып бар», —  деді. Оларды ханға апарды. Хан оларды көргенде, Алла ханның жүрегіне бір жылылық салды. Хан олардан:

— Сендер кімсіңдер? — деп сұрады. олар:

— Біз — мұсылманбыз. Біз ұлы Жаратушының әмірімен сізді ислам дініне кіргізуге келдік, — деді. Осы кезде хан айналасындағы діндарлар:

— Олар — нашар адамдар! Сөйлесуге рұқсат бермеңіз. Біз оларды өлтірейік, — деп шулап қоя берді. Сол кезде Өзбек хан:

— Мен оларды не үшін өлтіруім керек? Мен — патшамын. Сендердің ешқайсысыңда менің жұмысым жоқ. Кімнің діні дұрыс, мен сонымен бірге боламын. Егер де олардың діні дұрыс болмаса, неге сендердің балдарың құйылмай қалды? Бәсекелесіңдер! Кім жеңеді, мен соған бас иемін, — деді. Екі топ хан алдында сөз жарыстырып, көп дауласты. Бірінің сөзіне бірі тоқтамады. Соңында екі тандыр қазып, оларға он арбадан сексеуіл салып, бір тандырға сикыршылардың бірін, екінші тандырға әулиелердің бірін салып отқа жағуға шешім қабылдады. Кімнің діні дұрыс болса, сол жанбайды. Ертесіне екі тандыр қазып, оған сексеуіл салып, өртеп, тандырды барынша қыздырды. Осы кезде әулиелер бір-біріне: «Сіз түсіңіз, сіз түсіңіз», — деп жол беріп, соңында Баба Туклас деген кісі түсетін болды. Ол кісі:

— Маған сауыт әкеліп беріңдер, — деп, сауыт алдырды. Сауыттың көздерінен түктері шығып тұрды. Сол күйі ол қызған тандыр ішіне кірді. Тандырдың үстіне қойдың бұзылмаған етін қойды. Сиқыршылардың бірі тандырға кірген бойда жанып кетті. Оны көрген Өзбек хан олардың
дінінен бас тартты. Ал әулие кірген тандырдан зікір айтқан Баба Тукластың үні шығып тұрды. Тандыр үстіне қойған қойдың еті піскен кезде, олар тандырдың бетін ашты. Баба Туклас бетіндегі терін сүртіп:

— Неге ерте аштыңдар, зікір әлі біткен жоқ еді, — деп кейіп, тандырдан шықты. Үстіндегі сауыт қып-қызыл болып балқып тұрды және ол кісінің үстіндегі бір тал түгі күймеген еді. Мұны көрген Өзбек хан мен өзге халық ислам дініне мойынсұнды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз