Жиренше шешен қартайып, Қарашаш сұлу өліп, тоқал алып, бала тауып, балалары ер жетіп, шайпаң болып, тоқалы тентек болып сыйламай қадірі кетіп, оның үстіне хан қасынан да қалған соң бұзау бағып, тезек теріп, күнелтіп жүреді. Әз Жәнібек хан Жиреншені сағынып, жай-күйін көріп білуге жолдас ертіп шешеннің үйіне келеді. Үй сыртына келіп:
— Шешенім қайда? Мал-жан аман ба? — дегенде, қатыны шығып:
— Шешенді қадірлеп іздеп келіп тұрған кім өзі? Шешенді іздесең, далада тезек теріп жүр, — депті. Сонан соң хан Жиреншеге далада іздеп жолығып, «шешенім, көрісейік» деп аттан түсіп, амандасады.
— Бұл тезек тергенің қалай? — деп сұрайды. Сонда Жиреншенің айтқаны:
— Қадірлеп келген ханым-ай,
Кеудемде шыбын жаным-ай!
Бір өзіңнен басқа жан
Халімді біліп танымай,
Аузымнан шыққан сөздерім
Жеуге жеңсік сары май.
Қостаушым жоқтан құнсыз боп,
Сөзіме дауа дарымай,
Зерімді сатар зергер жоқ,
Іштегі шықсын зарым-ай!
Бес кемшілік бір баста,
Жүремін неғып арымай.
Қадірім кетіп, қартайып,
Бағым кетіп мал тайып,
Ешнәрсеге жарымай.
Сыйлайтұғын өзің жоқ,
Бұрынғы бұлды сөзім жоқ,
Қайтейін бүйтіп қарымай.
Қатын тентек, ұл шайпау,
Екеуледі, ай, ханым!
Кәрілік жеңді, мал тайды
Төртеуледі, ай, ханым!
Сонымен бақтан тайғаным,
Арқамдағы мынау тезек
Шешенге келген бір кесек, —
депті. Сонан соң хан Жиреншені қайтадан өз қасына алып, уәзір еткен екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі