Он екі жасар бала күнінде қасында Оразаулық деген сарт бар, екеуі Түркістан шаһарына келіп, Әбілмәмбет (Әбуәлмәмбет) патшаға қызметкершілік қылды. Ол жерде орнығып тұра алмай, ұлы жүз үйсін Төле бидің түйесін бағып жүрді. Онда да байырлап тұра алмады. Сарыарқаға шығып, атығай, қарауыл деген елдің ішіне келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бақты. «Атың кім?» деп сұрағанға: «атым — Сабалақ» депті. Бай бәйбішесіне айтыпты:
— Өзге жалшыдай көрме мұны, күте гөр! осы Сабалақ анық сарт емес. Ана Оразаулық сарт болса болар: көзі алақандай, табаны түйенің табанындай жап-жалпақ болып, беті қызыл бала болса, көзі соны ішіп-жеп, аузынан суы ағып, ессіз, түссіз болып отыра береді. Мынау Сабалақтың еш нәрсемен ісі жоқ, ойлағаны ғақыл-ой, езу тартып күлмейді, қабағын шытып кейімейді. Алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен құйып ас ішпейді. Және жарты аяқ ас ішсе де, сарқытын кісіге бермесе, көңілі көншімейді. Жерге бір отырмайды, дәнеме таба алмаса, сайын далада болса да, киімін астына шешіп салып отырады. Және ұйықтап жатқанда, үсті жап-жарық болып тұрады. Сыйлап ұстай гөр! Қасиеті болып, бір нәрсесіне ұшырап қалып жүрмейік, — дейді.
Сол уақытта қазақтың жылқысын түп көтере қарақалмақ Қатысыбан деген жау алды. Қазақ «қылқұйрық» деп аттанды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұғлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, керей, уақтан шыққан Сары, Баян бәрі аттанып, қалмаққа барса, қалмақ шеп құрып, айналасын қорған қылып, шептің аузына жайнатып жасау төгіп, қыз-келіншек қойып, қазақтың батырлары жасауға қызығып шапса, ар жағында бұғып жатқан мергендері атып тастап, қалмақ қазаққа алдырмайды. Неше күн жатып, «сасық қамал» болып, қалмақтан жылқысын айыра алмай, салы суға кетіп, қайтпақшы болыпты. Сонда жылқының соңынан қалмай қуған жылқышы Сабалақ қазақтардың қайтарына кезі жеткен соң, көптен оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап, ту қылып, қалмақтың қамалына:
— Абылай! Абылай! — деп, жалғыз барып кіріп кетті дейді.
Құданың құдіретінің шеберлігінің тамашасы — өзіне атса оқ өтпейді, шапса қылыш өтпейді. «Кірген жерін есік, шыққан жерін тесік» қылып, жападан-жалғыз өзі қалмақтың қамалын бұзып, жылқының жусау тезегіндей топырлатып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс-тұсынан кіріп, қалмақты жебір-жесір қылып шауып, талап, шаш-етектен олжаға қарық болысып қайтысыпты.
Жауды жеңіп, көңілдері тынған соң арғын, найманның батырлары:
— Кеше бізден айтылмаған әруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ. Бәрі дәнемеге жарамай, бұл өзі жалғыз болса да, тегі, заты кім екен? Белгісіз болса да, бәрімізден бақ-талайы жоғары, әруағы күшті екен. Бұрынғының сөзі бар еді: «қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа ғой» деп еді. Кел, осыны хан көтерейік, — деп әу десіп, атығай, қарауылдың ортасына алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып, хан көтерген екен.
Тобылбай бидің баласы Арыстан ақын қолга түскенде, Кенесары ханға айтқан:
— Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,
Жек көрсең де, өзіңнің Алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай, Қарауылдың баласымын! —
деп сонда өзін өлтірткелі отырған Кене хан көзінің жасын төгіп-төгіп жіберіп:
— Батыр, қалағаныңды ал, — деп астына — ат, жетегіне — түйе, мойнына — берен мылтық, қасына отыз жігіт жолдас беріп, еліне алып барғызып салған екен.
Абылай ханның қазаққа алғаш хан болған жері — осы. Сол күнде жиырма жаста екен. өзі өлгенше, өмірі қарығанша тұрағы Көкшетауда болған. Ол сөз һәм Арыстан ақынның өлеңінде бар:
Қылады Мекержіде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайда тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.
Бұл Сарыарқаны бұрынғы уақытта ноғайлы билеп-төстеп, қоныс қылған екен. Сонда ноғайлының байлығы қалыптан асып кеткендігі сондай — «қымыз өзені деген өзен болсын» деп, Қылшақты деген өзенді қымыз құйып ағызу үшін қазған екен. «Қымыз көлі» деген көл қыламыз» деп Саумалкөлді тақырлап, қымыз құйған екен. О да тасып төгіліп, күндердің күні болғанда, сол қонысын иеленіп қалған кейінгі жұрттан тіленшілік қылып, қайыршы болды. Онан соң қалмақ билеп-төстеп, мекен қылған екен. Әр жердегі үйілген оба — қалмақтардың өлгеніне шығарған жаназасы. Қалмақ тасқа табынады. Сол табынып жүрген тасымен өліктерін бастырып кетеді. Көп үйілген обалар — хандарының, жайсаңдарының жаназа тасы, аз үйілген — жай кісілерінікі. Бұлардың Сарыарқаны иеленіп жүрген заманы — қарақалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында. «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт», «Аюкенің ауыр қолы» атанған тұс та — құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында.
Қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылай заманында сүрген дәуренді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес.
Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Жігіттер, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты! —
деп өлеңге шыққан Абылай — осы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі