Әбілпейіз деген Бұхарада хандық құрып тұрған. Оның Мәрәйім деген бас уәзірі болады. Мәрәйім Әбілпейіз ханға білдірмей, соңына ханға қарсы адамдарды ертіп, ханды өлтіру жолын қарастырады. Күндердің бір күнінде Мәрәйім Әбілпейізді мейманға шақырып, шарап ішіп мас болған ханды өлтіріп, ертеңіне өзін хан деп жариялайды. Әбілпейіздің үй-мүлкін «хан таланды» деп талатып, үйін құртып жібереді. Әбілпейіздің әйелі бес жасар Абылай деген баласымен қашып, өзі қолға түсерден бұрын: «ханның баласы деп тірі жанға айтпай асыра» деп Ораз деген мүсәпір шалға береді. Бес жасар баланы Мәрәйім іздеткеннен кейін-ақ, Ораз қария баланы алып қашып Түркістан шаһарына келеді. Түркістанда біраз жыл тұрып, ең ауыр қалде өмір сүреді. Жалданып күндерін көреді. Ақыры күн көре алмай, «Сарыарқа, Көкшетау деген жақ жақсы. Барған адам өмірі көрмеген тойыншылыққа кездеседі» деген хабар естіп, Ораз қария Арқадан келген көп түйе керуенге ілесіп Сарыарқа деген жерге келеді. Арып-ашып келе жатқан Ораз жас баласын ертіп сусын ішуге Арқалық деген бір бай ауылына келеді. Бай шалды баласымен жалшы етіп алады. Жас Абылай көп ұзамай жылқышы болады. Не жақсы аттарды мініп, ат құлағында ойнайтын шабандоз қатарының арасында беделі асып, абыройлы бола бастайды. Оны сезген аталық және өзінің баласының жоқтығынан Абылайды өкіл бала етеді. Оған баланың келбеті де себеп болады. Өйткені Абылайға біткен сүйек сұлулығы мен реңділік ешкімге бітпеген. Ораз шалға бір жесір кемпірді қосып, өз алдына үй етіп қояды. Күндердің бір күнінде хан Жәнібек жар салып ел жинап, екі рет қазақ ауылын шауып алған қалмақтың Қалдан ханына барып кегін алу үшін көп сарбаз жинайды. Ол көп қолға қосылмақ болып Абылай өкіл әкесінен рұқсат сұрайды. Аталық рұқсат етпейді. Талапты Абылай түн ішінде қашып келіп, хан Жәнібектің көп қосынына қосылады.
Қалдан ханның еліне жеткенде дайындалып тұрған көп ләшкер қолымен хан Жәнібектің алдынан қарсы шығады. Екі жақтың сарбазы бетпе-бет келіп, Қалдан ханның атақты батыры Шырыш жеке соғысқа шығады.
Шырыш батырдың түрін көрген қазақтарға қорқыныш кіріп, ешбір жан мен барам деп тілемейді. Қатты қысылған хан Жәнібек: «кім талапкер?» деп айқай салады.
Шарт түйінген науша жас жігіт келіп ханнан рұқсат сұрайды. Қысылып тұрған хан кім екенін сұрамай-ақ, рұқсат етеді.
Үлкен майдан алабында Абылаймен Шырыш батыр ұрыс жасап, Абылай Шырышты өлтіреді. Өлген батыр мен қалған батырға қарай екі жақтың көп қолы айқайлап ат қойып, ұрыс басталады. Батырынан айырылған қалмақ ханы жеңіліп, қашады. Екі хан бітісіп, Абылайға Қалдан хан қызын береді. Қайтып келген соң хан Жәнібек орнына Абылайды хан сайлап, Абылайдың хандық дәуірі сол заманнан басталған.
Абылайдың қалмақтан алған әйелінен Қасымхан туған, бір әйелінен Уалихан туған.
Абылай Бөген бойының Боралдайымен ұштасқан жерінде ауырып жатып, Көкшетаудағы баласы Уалиханды шақырады. Уалихан Көкшетаудан ауырып жатқан әкесіне он алты күн салып атпен жүріп жетеді. Абылай ауырып жатып елдің билерін жиып алып, баласы Уалиханды орнына хан сайлағанын айтады.
Абылай өлісімен оның балаларының арасынан араздық туып, күшейе бастайды. Қасым ханды «қалмақсың, хан емессің» деп шеттете бастайды. Оған шыдамаған Қасым хан бөліне көшеді. Екі арасынан жанжал шығып, ол бала-шағаға шейін араздасуға алып келеді. Бұл араздық Кенесары мен Шыңғыс арасынан да шығады.
Уалиханның баласы Шыңғыс және басқалары Петерградқа оқып «ұлы» шенге еге болып, қазақ даласын патша әскерінің басып алуына жәрдемдескен. Уалихан ауылына патша солдаты келеді, Қызылжар, Ақмешітке патша солдат тұратын кірепіс салады деген хабарды естісімен Кенесары ауылы Көкшетауды тастап, Түркістанға қарай қаша көшеді. Кенесары қашып көшіп келе жатып, Түркістанға барып «қазақ дуанын» шақыратынын хабарлайды. Кенесары, Наурызбайдың бірнеше ауылымен қашып бара жатқанын және қазақ дуанын шақыратынын Уалихан ауылы естіп, қасына солдат алып, көп адаммен артынан қуады. Қуғыншыдан хабар алған Кенесары ауыл еркегімен бірге жасырынып кетеді.
Ауыл шабуылға дайындалып, еру болып отырып қалады. Көкшетаудан келген көп қуғыншы Кенесары ауылын шауып, оның бар жарар мүлкін, малын алып, қатын-балаға шейін таяққа жығып, Кенесары, Наурызбайды қолға түсіре алмай, Кенесарының Күнімжан деген әйелін біраз адаммен ұстап алып кетеді. «Кенесары Күнімжанын жанынан жақсы көреді. Сондықтан іздеп келмей тұрмайды. Сонда өзін ұстаймыз», — деп жоспар жасайды. Бұл оқиғадан соң Кенесары көп қол жинап, қолға түсіп Ақмешітке кеткен Күнімжанға барады. Кенесары астыртын жаушы жіберіп, Ақмешіт қаласында бекініп жатқан үш жүз солдаттың барын біледі. Ескі шапанға май құйып, патша әскері жатқан ағаш дуалға от қоймақ болады. Қалмақ Қараберкін деген майлаған шапан арқылы дуал түбіне от қойысымен, дайындалып тұрған Кенесарының атты жігіттері найзаның басына түйреп тұрған бір-бір бума қу ақ шөпті шауып барып жанған отқа тастайды.
Өрт күшейіп солдаттар сөндіре алмай ағаш қорғаннан қашып шығысымен аңылып тұрған Кенесары үш жүз солдатты түн ішінде жеңіп, ондағы қару жарағын қолға түсіріп, тұңғыш рет Кенесары қаруланады.
Тұтқыннан Күнімжанды таба алмай, Ақмешіт қаласындағы барлық ұлықтардың қатын, қызын айдап қайтып ауылына келеді.
Ақмешітті патша солдатынан тазартумен қатар, өзіне көп сарбаз жиып алады. Қатын-баласынан айырылғандардың іздеуімен Күнімжан барлық ауыл дүниесімен қайтарылып, қолға түскен әйелдерін қайтып алады. Ағыбай, Бұғыбай, Беркін, Жуман тағы басқа өзіне серік көп батырлар жиналады. Міне, Кенесары, Наурызбайдың патшаға қарсылығы осылай басталады.
«Қазақ дуанын» шақырып, оған көп ел қатысады. Қатар жатқан қырғыз, өзбек халқына дуан атынан сарбаз көмек сұрап он екі адам жібереді. Патшаның сыбайласы Уалихан ауылына қарсы күресуге шақырады. Станпулға әскер оқуына бала жібермек болып, қалмақты патшаға қарсы күреске шақырады. Бастығы Нысанбай етіп Піспек, Тоқбаққа кісі жібереді. Тәшкенге адам жібереді. өзбек халқы оны мақұлдап патшаға қарсы күреске күш жинап, Ақмешітпен Түркістан арасындағы патша әскерімен қазақтардың ұрысына қосылады. Ол сарбаздарды Кенесарының Сыздық деген баласы басқарып жүреді. Ол кезде Кенесары ауылы Әулиеатаға қарай көшіп келе жатады. Қырғыздардан көп жігіт алып, патша солдатына қарсы бармақ болады. Алдынан Піспек барған адамдары шығып, қырғыздардың игі жақсылары сарбаз бермей, қайта өзімізді мазақтап, көп әуреледі дейді.
Сол қарсаңда Кенесарының өзі мініп жүретін тортөбел аты ұрланады. Оны қырғыздың ұры жұмсайтын игі жақсысы ұрлатып алып барады. Екі жақты бірдей қорлық көрген Кенехан өжеттікке салып, ауылын шауып қорқытып сарбаз алмақ болады. Қорлықты әбден көрдік деп, Нысанбай келіп жырлаған. «Тортөбел ат ұрланып, оны да қырғыз ұрлаған. Кенекем сонан өшігіп, қазаққа барып бұздырды Қанайдың тамын сырлаған. Ханға қырсық сол болып, палуандар тойға жолыққан».
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі