Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұ сөзім білгендерге таң болыпты.
Әлеумет, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Арқада Абылайдай хан болыпты.
Қылады Мекержіде, байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда!
Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.
Сол Абылай Алатаудағы қырғызға, калмаққа жорыққа аттанып бара жатқан жолында, қаз дауысты Қазыбек бидің елінде бір ұлы жиын асқа кез болыпты. Сол асқа Шаншар деген елдің желбас бозбалалары аңыз қылысыпты.
— Анау тұрған ханның басындағы бөркін қағып түсіргенге не қаһар қылар еді? — десіп.
Сонда қаз дауысты Қазыбектің інісі — «мөр таңдайлы Балапан» арт жағынан барып, ханның артында тұрып, аңдаусызда шыбықпен басындағы бөркін кағып түсірді дейді.
Хан дәнеме демеді: «Ішкен — мас, жеген — тоқ!» — деген осы ғой. Жерге түскен бөрікті қайта алып киюге жарамайды, «жерде қала берсін» деп бөрікті жерден алдырмады. Сол бойымен бөрік жерде қала берді, хан да үн жоқ, түн жоқ жүре берді.
Замандардан заман өткенде, Қызылжарда жәрмеңке болып, базар ашылған кезде қаракесек, төртуылдың базар базарлап барғандардың ішінен төртуылдан Ботақанды, қаракесектен Жанайды байлап алып қалды. Абылай хан Ботақанды тірілей көрге салдырып, үйіне келді.
Ханымы:
— Қайдан келдіңіз? — дегенде:
— Ботақанды тірілей көрге салып келдім, — дейді.
Ханымы:
— Көтек, не дейді? Бұл орта жүзден бізге дәм бұйырмаған екен, шығарыңыз көрден, — дейді.
Абылай бір кісіні жіберді:
— Көрден шықсын! — деп.
Бұл кісі барып, Ботақанға айтты. Ботақан:
— Шықпаймын! — дейді. Жіберген кісі Абылайға барды:
— Шықпайды көрден, — деді.
Абылайдың өзі келді, иінінен тартты:
— Шық! — деп.
Ботақан:
— «Үйге кірген құр шықпайды, көрге кірген тірі шықпайды» деген. Енді мен шықпаймын, — деп сіресіп, жата берді.
Хан өзі көрден бері тартып шығарайын деп жатқанда, жүрегінің басынан тарс етіп жарылып Ботақан өлді.
Орта жүз намыстанды. Бесмейрам болып аттанып, Абылайды шаппақшы болды. Сонда Бекболаттың алпыс бестегі күні екен. Едігенің жиырма бестегі күні екен. Ол күнде Бекболаттың қыстауы Жамандалба-Батырдың Бейсені отырған жері екен. Едіге бидің қыстауы Жақсыдалба-Қарағайлы бұлақ екен. Бекболат пен Едіге тізе қосып, атқа мінді. Бес мейрамға кісі шаптырды. Күлік Шобалай баласы Жаңабатыр биге кісі жіберді: «Дуагөй болып, алдымызда жүрсін!» деп. Сонда Жаңабатыр:
— Мен қартайдым ғой. Өмір бойы отырған жұртыма өрт салып, көшкенім жарамайды ғой. Мен бармайын, сен бар, — деп, баласы Жанақты жіберді, — Бекболат пен Едігеге сәлемде! Ханын жаулаған қалмақ оңбаған. «Ханын жаулаған қара оңбайды, хан қисайса, бәрі оңбайды» деген. Абылаймен ұрыспасын, бітім қылып, жарассын! Арашашы бол, елдестіруге жаһат қыл! — деп қосты дейді.
Үш мың кісі атқа мінді, Мейрам болып көтерілді деп есіткен соң арғын, керей, уақ үркіп, ішке түсіп кеткен екен де, керейді кеше Тұрлыбек ат арқасына мінгенде іштен алып шығып, қалың Шұбарға қойдырған екен. Уақ сол бойымен іште қалыпты. «Арғын, найман атқа мінді» деген сөз көтеріліп кетіп, Абылай үркіп, көше қашты дейді. Сонда Абылайдың ханымы айтыпты:
— Кеше өзің көрген қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат алпыс бесте атқа мінді. ол жай мінген жоқ, ант айтып, серттесіп мінді. «Не Абылайдың басын алмасам, не қатынын ат көтіне салмасам, не қара қазанын қақ айырмасам, әкем Қазыбектің әруағы өзімді ұрсын!» деп атқа мінді. Қара қазанды асулы бойымен жұртта қалдырыңыз. Және сиыр атаулыны айдатпай, жұртқа тастатыңыз, «Бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» деген қайда? «Ас атасын танымас» деген тағы бар ғой. Сиырды сояр да, асулы қазанға асып жеп, тояр-ды. Сонан соң ашу басылып «соғысамыз» деген сөзін қояр-ды, — деп, қара қазанды асулы бойымен жұртқа қалдырып, ордасымен жүре үш көшіп барып отырыпты. Жасанған қол көшкен елдің жұртына келіп, жайылып жатқан сиырды көріп, асулы қазанды көріп, сонда Бекболат ат үстінде тұрып, найзасымен қазанды жаншып, түйреп тұрып сөйлепті:
— А, жұрт, Абылай — тек жаралған жан емес, қас әулие. Ондай кісіге соқтығу жарамайды. Оның әулиешілігін айтайын. Үйден шыққанда, үш ойым бар еді: «Абылайдың басын кессем, қатынын ат көтіне салсам, қайтамын!» деген ойым бар еді. Қара қазаның қақ жарып қайтамын деп едім. Ана жатқан сиырды шетінен шытырлатып алып келіп, сойыңдар! Аппақ майға кенеліп тойыңдар. Менің тілімді алсаңдар, Абылаймен жауласуды қойыңдар! — деп сиырды сойып, туларын қандап, бірін-бірі тамаққа тойғызып, алдап, мәре-сәре болысты.
Сол қазанды алып келіп, Бекболат асты. онан соң Тіленші би асты. Абылайдың қалмақ қатынының баласы Шама төре Тіленшіге қара нарға қалы кілем жауып келіп түсіп, қазанды қалап алып Шама төре кейін асты.
— Кел, бұған елдеселік, елші жіберейік, — десіп, Орманшы Ақсары-Шотананың Шотанасын жіберді. Қызылтауда «Шотана тасы» деген бір биік тау. Шотананың екі өгізін ұрылар ұрлап алып кетіпті. Сонда Шотананың сыртындағы тастың басына шығып, салыпты айғайды:
— Өгізімді алған кім де болсаң, тастап кет! Атым — Шотана. Інге кіріп кетсең де қоймаймын!
Өгізін іңірде алған ұры Түндіктен жаңа асып, Майөлең деген жерден өтіп барады екен. «Артымыздан келіп қалған екен» деп, тастай қашыпты.
Елшілікке Шотана барып қайтып келген соң, Бекболат пен Едіге алдына алып сұрапты:
— Не дедің? — депті. Сонда Шотана айтыпты:
— Мейрам болып атқа мінді, үш мың кісі қол келді. Бекболат пен Едіге жіберді, Ботақанның құнын берсін, Жанайды босатсын! Мың кісінің жолына «жетім» бастатқан тоғыз берсін. Мың кісінің жолына түйе бастатқан «тоғыз» берсін. Қалған мың кісіге мың ат пенен шапан берсін. Оған көнбесе, тұрысатын жерін, ұрыссатын ерін айтсын!» — дедім дегенде, Бекболат:
— Айтқан аузыңнан да айналайын, сені көтеріп тапқан қатыннан да айналайын, — депті.
Шотана сөзі:
— Мұнан да дәмді, ірілеу бізге талып-үздігіп жеткен қалған ірілеуі ғой деп ойлаймын.
— Не дейді, не дейді? — депті. Ертең Жолдыөзектің бойынан табысайық, — депті дейді. Сонда олжабай батыр:
— Мені «бұл қосында бар ма?» деп сұрады ма? — депті.
— Сұрады, — депті. Ендеше бізбен ұрысса алмайды, қарама-қарсы тұрыса алмайды. Алтын қақпасын бұзғанда, дарбасазасы қалайы мен қорғасыннан екен. Һәркімнің қолы батпағанда туымды Абылайға ұстатып қойып, атымнан түсе қалып шапқылағанымда, Абылайға қарасам қалш-қалш етіп, тіркеніп, дірілдеп тұр екен. Бізбен қарсыласуға сартыңның аруағы беттей алмаса керек, — депті. Жолдыөзекті бет алып бұлар да барып жатыпты. Ертең таң атқан соң, қараса желкілдеген ту да жоқ, жер қайысқан кол да жоқ. Бір-екі атты келеді екен.
— Бұл не қылған жан, — деп таңырқасып тұрса, Абылай хан мен Балтакерей Тұрсынбай батыр екен. Екеуден-екеу келе жатқанын көрген соң, Бекболат пен Едіге атқа мініп, екеуі алдынан шығыпты. Сонда Қозған Құлыке-Бекшенің Бекшесі оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мерген екен:
— Бұл сартты жайратып тастайын, — деп мылтығының сирағын жерге қадай бастағанда, Жанақ жүгіріп келіп, ұстай алыпты.
Хан өзі көріп келеді. Ол жақтан Балтакерей Тұрсынбай мен Абылай келіп, бұл жақтан Бекболат пен Едіге барып амандық айтып бастағанда, Күлік Көтеш ақын бала күні екен, көлденеңнен барып өленді қоя берді:
— Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?!
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне ақ ордаңның қол келтірдің!
Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не дейсің жапқан жалаң!
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң!
Басқа сөз де жоқ, дау-шар да жоқ. Сол жерде жарасып бітімге келіп, бұлардың не дегенін қылды дейді.
— Мылтық құрған кім? — деп сұрады.
— Қозған Бекше мерген еді, — дегенде:
— Талай жорықта бірге жүріп, бір торсықтан малта жеп, бір табақтан ет жеген жолдас едік. Кісіні кісі жоқ жерде өлімге қия береді екен-ау! деп, — мылтығының аузы қырсықпасын, — деп, өзінің мылтығының аузына бір түйе байлады дейді.
— Жүгіріп келіп ұстай алған кім еді? — деп сұрады.
— Жаңабатыр баласы Жанақ еді, — деген соң Жаңабатыр «арашашы бол» деп қосқан ғой. олар Құдай жаратқан шын би ғой. Қазақ ортасында ат шаптырған ас болса, Жаңабатыр бидің босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын. Жаңабатыр «осы-ақ, ас-ақ» десе, ат шауып, ас тарқасын! Әйтпесе ат шабылмайтұғын болсын да, ас тарқамасын!
Сол заманда қаралы үйдің босағасында бір найза жиын қылса, шаншулы тұрған. Сол найзаны жылын бергенде қаралы Жанақ сындырып «ат, шапан оның жолы болсын!» депті. Сөйтіп хан қарашамен жарасып, ойнап-күліп, мәре-сәре болысып қайтқан екен.
Абылай аспаған Сары бел атанған міне осылай еді дейді.
Абылай хан өзі екі сөзінің бірінде айтып отырады екен:
— Осы бір «Бесмейрамның баласы» деген ел — Пайғамбар мен шадияр тумады демесеңдер, адамның бұлбұлы мен дүлділі түгел туған ел. Батыры көптіктен, жаудан қорықпайды. Шетінен шешен бола туады да, даудан қорықпайды. Қарақұрттай құжынаған қаракесегі бар, «е» десе «мә» деп, едірейетұғын қуандығы бар. оның өмірінше үзілмейтұғын жуандығы бар. Жылым құртша жегенін білдірмей жеп қоятұғын сүйіндігі бар! — деген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі