Абылай хан Алатауға жорыққа бара жатып, Қаракесек-Шаншар деген елдің бір ұлы жиын асына кез болды дейді. Сонда сол аста «ішкен мас, жеген тоқ» ерігіп тұрған шаншардың желбастары аңыз қылысты дейді:
— Басындағы бөркін біреу қағып түсірсе, хан хандық қылып, қандай қаһар қылар еді? — дескенде, қаз дауысты Қазыбектің інісі — «мөр таңдайлы Балапан»:
— Оны құр айтып қойғанша, көру керек, — деп артынан барып, аңдаусыз, абайсыз тұрғанда, ханның басындағы бөркін шыбықпен қағып, жерге түсіріпті.
Хан қаһар да қылған жоқ, дәнеме деген жоқ:
— Бүгін «ішкен мас, жеген тоқ», кімде ес бар дейсің? — деп хандық қылды, — жерге түскен бөрікті басқа алып киюге жарамайды, — деп, қалған жерде қалсын, — деп бөркін жерден алдырмады, жүре берді дейді.
Күндерден күндер өтіп, ол ұмыт болып кетіп, Қызылжар базар болған соң, қаракесек, сүйіндіктің базаршысы көтеріле Қызылжарға базар базарлап баратұғын болып, көп базаршы барғанда, өкпесі-кегі баяғы бастан бөрікті қағып түсіргендік болып, қаракесектен бір кісіні, төртуылдан бір кісіні тірі ұстап алып қалып, екеуін тірілей көрге салып тастады.
Сонда қаракесектен алып қалған кісісі қаз дауысты Қазыбектің немересі Қазымбеттің баласы Жанай екен.
Қалдыбай Шөженің өлеңінде бар:
Қазымбеттің баласы: Қанай, Жанай,
Ортаншысы — Атымбай, кенжесі — Анай.
Қараұзақ пен Сарыұзақ, қарақалпақ
Қолыткесін сұраймын әлдеқалай.
Төртуылдан алып қалған кісісі Ботақан деген екен. Абылай хан екеуін тірілей көрге салдырып, үйіне келді.
Ханымы айтты:
— Төре, кешігіп қалдыңыз, қайдан келдіңіз? — дейді.
— Ботақанды тірілей көрге салып келдім, — дейді.
Ханымы айтты:
— Бұ орта жүзден бізге дәм бұйырмаған екен, шығарыңыз көрден Ботақанды! — дейді.
Абылай бір кісіні жіберді:
— Көрден шықсын! — деп.
Бұ кісі барып, Ботақанға айтып еді, Ботақан: «Шықпаймын! «дейді.
Жіберген кісі Абылайға қайтып келді. Ботақанның «шықпаймын» дегенін айтып келді. Абылайдың өзі келді, інінен тартып:
— Шық! — деп.
Ботақан:
— Өлгенде жататұғын көріме тірілей жатым. «Үйге кірген құр шықпайды, көрге кірген тірі шықпайды» деген. Бүйтіп жұрт көзіне көрінгеннен, өлгенім артық, — деп ыза бойына сыймай, долданып, жүрегінің басынан тарс етіп жарылып, өліп кетті дейді.
Бұл хабарды естіген соң Орта жүз намыстанды. Сол күнде Қазыбек өлген екен де, Қазыбек баласы Бекболат алпыс бестегі күні екен. Едіге бидің жиырма бестегі күні екен. Едігенің қыстауы — Жақсы Далбада Қарағайлы бұлақ, Бекболаттың қыстауы Жаман Далбада, осы күнгі Батырдың Бейсені қыстап отырған жер екен.
Бекболат пен Едіге атқа мініп, Бесмейрамды жиды дейді: «Абылайды шабамыз» деп, үш мың кісі жүруге бетін түзеп. Сонда Бекболат пен Едіге Күлік Жаңабатырға [кісі] жіберді дейді:
— Дуагөй болып, алдымызға түсіп жүрсін, — деп.
Сонда Күлік Жаңабатыр өзі жүрмеді, баласы Жанақты жіберді дейді.
— Ханын жаулаған қалмақ оңбаған, «ханын шапқан қара оңбайды» деген. Бекболат пен Едігеге сәлем де: «Абылаймен жарассын, арашасы бол!» — деп қосты дейді.
Сонда «Мейрам болып атқа мінді, үш мың кісі қол келеді, ішінде Алтай Жиенелі батыр, Айдабол олжабай батыр бар, тағы сондай атақты ерлер бар» деген соң, керей, уақ үркіп, ішке түсіп кеткен екен. уақ сол бойымен іште қалды, керейді кеше Тұрлыбек ат арқасына мінген соң, ап келіп орналастырған екен.
Сонда үйде отырып Абылайдың ханымы айтты дейді:
— Абылай хан, дәнеме білдіңіз бе?
— Не білейін? — депті.
— Білмесеңіз, қаз дауысты Қазыбектің әруағын шақырып, баласы Бекболат атқа мінді. «осыдан Абылайдың басын алмасам, қатынын ат көтіне салмасам, қара қазанын қақ жармасам, әкем Қазыбектің әруағы өзімді ұрсын!» деп қарғанып мінді. «Ашулының алдында тұрма» деген, ал көшіңіз, қара қазанды асулы бойымен жұртқа қалдырыңыз. Өздері келер де, даяр асулы қазанға тамақ қылып ішер. «Ішінен дәм таттық қой, не жазығы бар мұның» деп жаруға көзі қимас, батылы бармас. Сонан соң «қара қазанын алдық қой» деп ашуы басылар да, серті сынар, көңілі тынар. Және сиыр, ат атаулыны үш мың кісіге азық боларлық қылып, жұртқа тастап кетіңіз. Батырлары туын қандасын, мәре-сәре болып, тамаққа тойынсын. «Бір қарыны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» деген бар ғой. Және «аш атасын танымас» деген бар ғой. Қарындары тойған соң, ақылдарына түсіп, сіздің хандығыңызға, өздерінің қаралығына көзі жетіп, тоқтар, — деген екен.
Абылай хан ханымының тілін алып, қара қазанды асулы бойымен жұртында қалдырып, үш жүз сиырды қалдырып, Көкшетаудан үш күндік жерге үркіп барып отырды дейді.
Сонда көшкенін, үріккенін қайдан білсін, үш мың кісі Абылайдың көшкен жұртын келіп басып, Бекболат келіп ат үстінен ашулы қазанға найзасын шаншып тұрып сөйледі дейді:
— А, жұрт, — дейді, — Абылай хан да Құдай тек жаратқан жан емес, қараңдаршы! үйден шыққанда, үш ойым бар еді: «Абылайдың басын кессем-ау, иә болмаса, қатынын ат көтіне салсам-ау, иә болмаса, қара қазанын олжаласам-ау!» деп едім. Міне, енді қара қазанын асулы бойымен қалдырғаны — менің ойлаған ойымды әбден білгендігі. Қанша айтса да, Құдай артық жаратқан хан-ау! Енді мен сертіме жеттім. Анау сиырды қиратып сойыңдар, аппақ майға тойыңдар, туларыңды қандаңдар! Елші жіберейік, Құдай ұлатса, жарасып, жадырап қайтармыз, — деп сөзді осыған қойды дейді.
Сол қазанды Бекболаттан соң Тіленші би асқанын көрген жан сөйледі. Тіленші биге Абылайдың қалмақ қатынының балалары Шама төре қара нарға қалы кілем жауып келіп:
— Қазыбектің әруағына байлағаным! — деп сұрап алып, соның қолында қалды дейді.
Хош, Бекболат пен Едіге Абылай ханға елшілікке Орманшы Ақсары-Шотананың Шотанасын жіберді:
— Саған сөзді үйретейік пе, өзің сөйлеймісің? — дегенде, Шотана батыр айтты дейді:
— Екеуің көп үйретсең, отыз ауыз сөз үйретерсің. Ол таусылған соң, не қылмақшымын? Ауызымнан не шыққанын қайтып келген соң, өздерің есітерсіндер, — деп жүре беріпті.
Шотана батырдың қалпы қандай кісі екенін айтып берейін. Қызылтауда «Шотана тасы» деген тас бар. Шотана батырдың үйі сол тастың түбінде отырғанда, қорадан екі өгізін түнде ұры ұрлап кетіпті. Алагеуімнен түрегеліп, өгізді ұры ап кеткенін біліп, Шотана батыр тастың басына шығып, айқай салыпты:
— Тастап кет менің өгізімді! Атым — Шотана, жердің тесігіне тығылсаң да қоймаймын! — дегенде, алған ұрылары Түндіктің өзенінен асып барады екен. «Артымыздан қуып келіп қалған екен ғой!» деп, тастай қашқан екен. Шотана батыр Абылай ханға барып, аман-есен қайтып, Бекболат пен Едігенің алдына келді.
— Не дедің? — дегенде, айтқаны:
— Бекболат пен Едіге жіберді. Мейрам болып атқа мінді, үш мың кісі қол келді. Бұрынғы әулие өткен ата-бабаларымыз айтқан екен: «Дүние бұзылса, Бұқарға сыяды, Бұқара бұзылса, дүниеге сыймайды» деген екен. Бұқараға сыймай, жалаң аяқ, жалаң бұт келген сарт Сарыарқаға сыймайын деп жүр ме? Ботақанның құнын берсін, Жанайды байлаудан босатсын! Мың кісінің жолына «жетім» бастатқан «тоғыздан» берсін! Мың кісінің жолына түйе бастатқан «тоғыздан» берсін, мың кісінің жолына мың ат, мың шапан берсін! «Айыпты хан боламын» десе, тұрысатын жерін айтсын, ұрысатын ерін айтсын! «Айыпсыз хан боламын» десе, «хан деген жар емес пе, қарашы деген лақ емес пе? лақтың ойнағанына шыдай алмай, құлаған жарыңа [қалай] пана болмақшы», — дедім дегенде, Бекболат сүйсінгеннен:
— Айтқан аузыңнан айналайын, сені көтеріп тапқан қатынның ...нан айналайын! — депті.
— Не дейді, не дейді? — дегенде:
— Ертең Жолдыөзектің бойына келсін, екеуміз екі жағына түселік дейді, — депті.
Сонда олжабай батыр:
— Мені «бар ма» деп сұрады ма? — депті.
— Сұрады «бар» дедім, — дегенде:
— Енді ол сарт бізбен қарсыласып, жауласуға жарамайды. Алтын қақпалы қорғанды бұзатұғын жолда Сырым Малайсары да бар еді, Шанышқылы Бердіқожа да бар еді, Тарақты Байқозы батыр да бар еді. Қақпасы қалайы мен қорғасынға мысты араластырып құйған екен. Жалғызының қолы батпаған. Сонда мен туымды Абылайға «мә!» деп бере салып, қақпаны шапқылағанда, саз балшықпен жаңа илеген қамырға кіргендей кірген. Сонда Абылайдың түріне қарасам, қалшылдап, дірілдеп тұр екен. «Мына қаруын жауласып кетіп, өзіме жұмсаса, мынау жан шыдатпайды екен-ау!» деп үрейі ұшып кеткендігі сондай — бізбен қарсыласатын онда әруақ жоқ», — депті.
Жолдыөзектің ар жағынан Абылай қолы келді. Атығай, қарауыл, өзінің төлеңгітінен басқа бөтен дым жоқ. Бір жағынан — Бекболат, Едіге үш мың кісімен.
Самсаған сары қолдан екі кісі келе жатыр: біреуі — Абылай, біреуі — Балтакерей Тұрсынбай батыр. Сонан соң таныған соң, бұл жақтан Бекболат пен Едіге атқа мініп, алдынан шықты.
Сонда Қозған Құлыке-Бекшенің Бекшесі, оғын құралайдың көзінен тигізетұғын мерген екен, мылтығының сирағын құрып, Абылайды нысанаға байлап тұра қалды дейді:
— Бұл сартты бір-ақ жоқ қылып тастайын, — деп білтесін тұтатуға келтірмей, Жаңабатыр баласы Жанақ жүгіріп келіп, Бекше мергеннің қолынан мылтығын жұлып алды.
Не қылып, не қойғанның бәрін Абылай көріп тұр. Ол жақтан екі кісі бірі — хан, бірі — батыр, бұл жақтан екі кісі: қаракесек, сүйіндіктің екі биі төртеуінің бас қосқан жеріне көлденеңінен бала күні Көтеш ақын барып, оларды сөйлетпей, өлеңді гулетіп қоя беріпті:
— Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?
Хан басың қарашыңмен даулы болып,
Үстіне Ақ ордаңның қол келтірдің!
Абылай, күйіп кетті салған қалаң,
Мейрамға не дейсің жапқан жалаң?!
Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,
Болады ертең жесір қатын-балаң!
Сонан соң кінәласқан да жоқ, айтысқан да жоқ. Ханы қарашысымен жарасып, бұл барғандардың не көңілдегісін қылып, сөйтіп қайтарған екен. Сонда Абылай сұрапты:
— Мылтық құрған кім еді? — деп.
— Қозған Бекше мерген, — деген соң:
— Талай жорықта бір торсықтан малта жесіп жүрген жолдас еді. Кісіні кісі жоқ жерде-ақ өлімге қия береді екен-ау! — деп, оның мылтығының ауызы қырсықпасын деп мылтығының ауызына бір түйе байлады дейді.
— Жүгіріп келіп ұстай алған кім? — дейді.
— Жаңабатыр баласы Жанақ, — дейді.
— Тегін кісі Жаңабатыр бола ма? олар Құдай қойып қойғандай жаратқан шын би ғой! Баласын «арашашы бол!» деп қосқан ғой. Ас берілгенде, Жаңабатырдың босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын да және қаралы шаншылған найзаны жылын бергенде, Жанақ сындырсын да, бір ат-шапан Жанақтың өз жолы болсын! — деп оған лайықты (олайша) жол бұйырған екен.
«Абылай аспаған сары бел» деген атқа ілінген жері осы екен.
— Үш нәрсе арман болып, қолымнан келмей, құр ойымда кетті, — деген екен. — Бірі — ақбоз атты кұныш ердің құны қылмадым. Мылтығын құралайдың көзінен өткізетұғын мергеннің құнын екі ердің құны қылмадым. Бірі — етікші мен ұстаның құнын «қатын құны болсын!» деп, бұйрық қылмадым. «Ал, жау келді!» дегенде, екеуінің де еркектікке септігі жоқ. Бірі ішінен Пайғамбар мен шадияр шықпағаны болмаса, өзге адамның бұлбұлы мен дүлдүлі түгел шыққан жұрт екен. осынау бір «Бесмейрам» деген елден аса алмадым, — деген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі