Өлең, жыр, ақындар

Маңғыстау мәдени ескерткіштері

Маңғыстау – табиғаты әр алуан, шөлді өлкеге тән аптапты ыстық жазы, солтүстікке тән қатаң аязды, өткір желді қысы бар, сусылдап аққан құмы мен сылдырлап аққан бұлағы қатар кездесетін таңғажайып өлке. 

Маңғыстауда киелі деп саналатын жерлер өте көп. 11 мың тарихи ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған. Оның ішіне археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражайлар, халық киелі санайтын мешіттер кіреді. Бірақ, Маңғыстау мен оған жапсарлас жатқан аймақтардағы қасиетті саналатын жерлер, орындар, нысандар санын ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Бәріміз білетін Бекет атаның Оғланды, Бейнеу, Жем бойындағы, Баялыдағы жер асты мешіттері, Шопан атаның жер асты мешіті, Сисем ата қорымы туралы ақпараттар көп кездеседі.  Ал, басқа мәдени-тарихи ескерткіштер туралы мәліметтер, әулиелер туралы жазбалар, көз көрген, құлақ естіген оқиғалар көптеген сауатты маңғыстаулықтардың ескі дәптерінде сақталған болар. 

Маңғыстаудағы мәдени ескерткіштердің тарихи-сакральды мазмұнын ашуды жоғарыда айтып өткен Бекет Ата мешіттерінен бастаймыз. Мешіттер туралы мәлімет бермес бұрын алдымен Бекет Атаның кім, қандай адам болғанына тоқталғанымыз жөн. 

Бекет Мырзағұлұлы 1750 жылы Құлсарыда дүниеге келген Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан халықтың тәуелсіздігі жолында жауларға қарсы күрескен батыр, балаларды білім нәрімен сусындатқан ағартушы, мешіттер мен медреселерге арнап сызбасын жасаған сәулетші, аса маңызды оқиғаларды болжай білген сәуегей. Оның ел алдында мәртебесі биік болған. Халықтың оны құрмет тұтқаны сонша пірге балаған, «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген сөз қалдырған. Бекет-Ата ғұмыр бойы исламның жүрегі саналатын сұпылық жолын ұстанып, Оғыланды мешітінде Қазақстанның батыс өңіріне ортақ, сұпылар оқып тәрбиеленетін, ең үлкен орталық ұйымдастырған. Бекет – Атаның білімділігін, ерекше қасиетін, ұйымдастырушылық қабілетін, қиыншылықтарға төзімділігін, көптің тілін тауып көңілден шығуын айрықша бағалаған сұпылар қауымы оны өздеріне Пір сайлаған, оған діни қоғамның арнайы Көк Асасы берілген. Бекет Ата XVIII ғасырға дейін ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ сияқты Еділ мен Алтай, Тобыл мен Хан-Тәңір, Түмен мен Самарқанд арасында байыз таба алмай ел кезіп жүрген бір топ адай руының қазақтарына рухани да, реалды да байыз таптырушы болды, сондықтан оның әулиелігі өзіне дейінгі және кейінгі әулиелерден тым жоғары тұр. 

Ол өзі тұрғызған Оғландыдағы мешітте жерленген. 

Бекет Атаның мешіттерінің саны төртеу делінеді: біріншісі - Оғландыда, екіншісі – Ескі Бейнеуде, үшіншісі – Жем өзені бойында (Ақмешітте), төртіншісі – Арал теңізінің жағасындағы Баялыда. Сондай-ақ Бекет Атаның бесінші мешіті туралы да болжам бар, ол бойынша, бесінші мешіт Бозашы түбегінің Каспий жағалауында, Тобықты деген жердің шығыс бетіндегі ақ бор төбенің баурайында салынған. 

Бекет Атаның Оғыландыдағы жер асты ғимараты жақсы сақталған. Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған. Үш-төрт қанат киіз үй көлеміндей үш бөлме. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған.

Бекет Атаның жер асты мешітіне бармас бұрын Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне Арыстан баб бабамыздан бұрын бармағандай алдымен Шопан атаның мешітіне барып мінәжат ету керек. 

Шопан ата – қой түлігі мен шопанның пірі. Зерттеушілердің пікірінше шамамен 13 – 14 ғасырларда өмір сүрген және Қожа Ахмет Иасауи тариқатының басшыларының бірі болған. 

Аңыз бойынша Ақтау қаласынан 200 шақырымнан астам жерде Сенек кенті аумағында орналасқан бұл мешіт Қожа Ахмет Иасауи әулиенің шәкірті сопы Шопан-ата салған. Аңызда Шопан-ата мұнда тәлімгерлерінің асатаяғын тауып алып, сол жерде он бір жер асты камералардан тұратын мешіт тұрғызу шешіміне келді. Аңызда одан әрі баяндалады: жерге шаншылған асатаяқтан ағаш өсіп, ол осы күнге дейін өсіп келеді, оның жасағанына 800 жыл болды.  

Көпшілік біле бермейтін әулие-әнбиелердің жерленген жерлері, қасиетті  адамдардың қорымдары, кесенелері әлі де баршылық. Сол мәдени ескерткіштердің тарихы мен аңыздарына тоқталамыз. 

Қараман ата – Қараман әулие кесенесі Шетпеден 35 км жерде, Бекі елді мекенінің батыс жағындағы Қандыбас қырқасына таяу жерде, Қандыбас қыстағының батысында 5 км жерде орналасқан. Бұл – Маңғыстаудың ежелгі киелі орындарының бірі. Орыс әскери зерттеушілерінің деректерінде сақталған аңыздарға арқа сүйесек, Шопан атаның бір баласы – Эхсан (Исан ата), одан бір бала – Қараман ата дүниеге келеді. Бала кезіндегі аты ол деректе Қагерман (Қаһарман) деп жазылған. Ал аталып өткен кітапқа түспеген аңызда Қаһарман мен Есен аталар Шопан атаның баласы делінеді, бұлардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігі ғылыми мәселе тарапынан маңызды емес, өйткені екі шежірелік нұсқа да кейінірек туған діни-шежірелік дәстүрдің туындысы болып табылады. Қараман ата кесенесінен Есен ата кесенесі 28 км жерде орналасқан, аңыз бойынша, осы екі нысанның арасын жалғастырған жерасты жолы бар делінеді, бірақ ол анықталмаған. 

Қараман есімі – қазақ фольклорында біршама жерде кездеседі, бір аңызда жалғызкөзді Қараман дәу бейнесі бар, ол Есім деген батырдың қолынан қаза тапқан, ал маңғыстаулық түрікпендердің аңызында Қараман есімі Қожа Ахмет Яссауи төңірегіне қатысты әңгімелерінде айтылады. Мұнда Ақман мен Қараман деген екі жігіттің Қожа Ахметке жала жауып, қараламақ болғаны, сол үшін Ахметтің оларды итке айналдырып жібергені, екі иттің Абдал руының адамдарын Түркістаннан Маңғыстауға дейін қуып әкелгені туралы баяндалады. Әрине, осы аңыздар мен нақты Қараман атаның арасында абсолют сәйкестік бар деуге болмайды, тек белгілісі – Қараман ата оғыз-түрікмендердің де олармен замандас негізінен парсы текті діндар уағызшылардың да, тіпті оғыздарға дейінгі «белгісіз маңғыстаулық тайпаның» өкілі болуы әбден мүмкін.  

Бір аңызда жалғызкөзді Қараман дәу бейнесі бар, ол Есім деген батырдың қолынан қаза тапқан, «Қобыланды батыр» жырындағы руы Қият делінетін, бірақ Сейілдің ұлы деп аталған Қараман батыр бейнесі сомдалған. Қараман ата туралы аңыздар мен жырдың ауқымы да, оның есімінде «ман» негізінің болуы да сол есімге ие болған кісінің орта ғасыр заманның адамы болу мүмкіндігін көрсетеді. Бұл жағдайда Қараман атаны XIV-XV ғасырларда өмір сүрген кісі деудің қисыны бар. 

Қараман ата маңғыстаулық қазақтар тарихында «Қараман атадағы анттасу» деген оқиғамен белгілі. Осында XIX ғасыр басында қазақтар мен түрікпендер арасындағы дау шешілген. М.Нығметуллаев осы әулиеге жүгініп анттасу туралы тағы бір қарапайым аңыз дерегін келтіреді. Екі елдің анттасуына қарағанда, Қараман ата өзінше бір «әділдік пен ақиқаттың, бейбіт шарттасу мен сөзге кепілдік берудің пірі» болғандығын, яғни функциялық жағынан Митра тәңірімен бірдей екендігін шамалауға болады. Осындай сипаттың астарланған түрін маңғыстаулық түрікмендердің Ақман мен Қараман және Ахмет Яссауи туралы аңыздан көруге болады. Аңызда Ақман мен Қараман деген екі жігіттің Қожа Ахметке жала жауып, қараламақ болғаны, сол үшін Ахметтің оларды итке айналдырып жібергені, екі иттің Абдал руының адамдарын Түркістаннан Маңғыстауға дейін қуып әкелгені туралы баяндалады. Мұндағы кейінгі діни-шежірелік үстеме болып отырған Яссауи образын алып тастаса, «белгілі бір мәселе жөніндегі дауласу, дауды шешу, үкім шығару» сияқты қазылық-билік әрекеттің аңызға өзек болғанын көреміз. Яғни бұл жерде де Қараман есімі «дауласу мен анттасуға» қатысты болып отыр, сондықтан Қараман атаның бітімгерлік қызметі болған деп сенімді түрде айтуға болады. 

Ағым әулие – Маңғыстау жеріндегі Жармыш ауылының аумағындағы қорымдықтың бас әулиесі. Бұл әулие – қыз әулие және қазаққа дейінгі өмір сүрген кісі деген мәліметтен басқа дерек жоқ. 

Осы орайда жалпы әулиелер ішінде өте көп кездесетіндері осындай «қыз-әулиелер» екенін айта кету керек. Мысалы, Тұщыбек пен Жыңғылды арасындағы Қарқын алқабындағы Адай-Қамысбай руының қорымындағы есімі белгісіз әулиенің де қыз-әулие екендігі айтылады. Сондай-ақ, Темір баба, Қаңға баба сияқты есімдері де «ата» емес, «баба» сөзі тіркескен әулиелердің генезисінде ежелгі «ана» түсінігі жатуы мүмкін, өйткені бұл сөз ата да, ана да ұғымында бірдей қолданылатынын ескергеніміз жөн. Қыз-әулиелер мен ана-әулиелердің қазақ жерінде көптігі олардың тым көне түсініктер екендігін көрсетеді, өйткені көп жағдайда, әсіресе матриархаттық дәстүрлер сақталған қоғамдарда әулие мәртебесіне ие болушылар, әдетте, әйел болады. Бірақ олардың көпшілігі кейінірек еркек әулие түрінде қабылданып кетіп жатады. 

Саназар әулие және Шилі әулие – Қараған түбекте, Форт-Шевченко жанындағы (20-30 км жердегі) «Шилі әулие» деп аталатын көне қауымдықта жерленген аруақты кісі. Адайдың Әлі-Жаңай руынан шыққан, шамамен 1761-1852 жж. өмір сүрген кісі. Саназар мен екі бақсының бір сүйегі сынған баланың сынығын салуда аруақ шақырып сынасқаны туралы аңыз бар. Бақсылардың бірінің аруағы қарғалы қара тазы болып келсе, ал Саназардікі ұзындығы 8 құлаш, төбесінде көзі бар айдаһар болып келген екен де содан кейін кішкене ақ жылан түрінде көрініп, баланың шашылып қалған сүйегін орын-орынына түсіріпті деседі. Саназар әулиеге жақын маңда оның бір жиенінің бейіті бар, Саназар кезінде: «маған зиярат етушілер әуелі жиенімнің басына барып зиярат етсін, сосын маған келсін» деген екен. 

Шақпақ ата – Каспий теңізінің Сарытас-Қошақ шығанағына таяу жердегі Оңғазы тауының етегінде (Шиліқұдық алқабы) орналасқан киелі нысан, әрі өлкенің аса маңызды тарихи, сәулет ескерткіштерінің бірі. Атаның кесенесі жартас ішіндегі жасанды үңгір түрінде жасалған. Ол Таушық ауылынан 25 км жерде орналасқан. Шақпақ атаның өмір сүрген уақыты белгісіз, ал ықтимал уақыт ретінде X-XIV ғасырлар аралығының бір мезеті тұспалданады. Осы уақыт аралығында ойға қонымдысы – хорезмшахтар (XII-XIII ғасырлар) және алтынордалық Өзбек ханның (1312-1341) заманы деп тұспалданады. Бұлардың ішінде тарихи тұрғыдан қисындысы ата кесенесі XIV ғасырда, Өзбек хан тұсында салынғандығы. 

Діни шежіре аңыз дәстүрі оның есімін Шах-Мардан (жыландар немесе өлілер падишасы) деп береді. Ол Шопан атаның немересі болып айтылады, яғни Шопан атадан екі бала – Шахрух (Шағырық ата) пен Исан ата болса, Шахрухтан да екі ұл – Шах-Мардан мен Қапам ата болған. Шақпақ атаның «Шах-Мардан» болуы діни шежірешілердің есімдеріндегі алғашқы буындық ұқсастығын пайдаланып жасаған кездейсоқ әрекеті деуге де болар, ал егер шындығында да, Шах-Мардан Шақпақ атаның өз есімі болған болса, онда ата образының ежелгі табиғаты жыландармен, өлілер дүниесімен байланысты болып шығар еді, өйткені бізге белгілі Шахи-Мардандардың мифтік сипаты осындай болып табылады. 

Бердалы ата әулие – Шығыс Қаратау жотасының ең шығыс шеті болып есептелетін Үшкөз-Тамды жеріндегі Қызыладыр биігіндегі бейіт. Аңыз бойынша Ескелді Бердалы Маңғыстауға алғашқы келген Адайлардың елшісі болған және опасыздықпен өлтірілгеннен кейін түбек жеріне алғаш жерленген адай кісі. Елшіні өлтіру - алаш-митра дінінің сарқындармен сақтаған көшпелілер үшін ауыр қылмыс саналған, түрікпендердің Маңғыстауды тастап кетуі – осы Бердалы алғыншы (культовая жертва) болып қаза табуына байланысты делінеді. Жем бойында тұрған Саназар байға бір жылдан соң Бердалы түсіне еніп аян берген, Саназар Маңғыстауға келгеннен соң сол аян-аманат бойынша Бердалының қабірін ашып, Үшкөздің Тасқабағынан Тамдының теріс жағындағы Қызыладыр биігіне қайта жерлепті. Қабірді ашқанда Бердалының мүрдесі еш бұзылмай жатқан екен.

Қорытындылай келе, Маңғыстау даласындағы көп ешкім біле бермейтін мәдени ескерткіштердің тарихи-сакральды мазмұны белгілі болды. Көпшілігінің болмаса да қолымызда мәліметтері біраз болған әулие, аталарды түгендеп шықтық. Олар туралы аңыз әңгімелерді, тарихта қай жылдары, қай ханның тұсында өмір сүргенін келтірдік. 362 әулиелі Маңғыстау киелілерінің әрқайсысының халық жадында белгілі бір орны бары анық. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультетінің, дінтану және мәдениеттану кафедрасының 2-курс студенті Ербосын Аружан.

Практика жетекшісі: Есболова М.А


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Нұржанат❤

Мына сайт жақсы болды не зат болса жазамыз бәрі шығады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар