Адамның адамгершілік қасиеттеріне байланысты түрлі талаптардың болатынын ойшыл өзінің қырық төртінші қара сөзінде былай деп анықтай түседі:
«Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына кәдір іздеп, сол талапта болады. Біреуі мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын. «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда, бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркендіре тұғын іс.
Осыған орай, біреу қажеке атанамын, біреу батыреке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп сол харекетте жүр». Ойшыл адамның керегіне қарай осындай әр түрлі жақсы-жаман өмір талабы болатынын көрсетеді. Бірақ осылардың қайсысы болса да уақыт өткен сайын өзгеріп жататындықтан, өзгермейтін негізгі мақсат бола алмайды. Әлбетте, бұлардың барлығы да адам өмірі үшін өте қажетті екені белгілі. Дегенмен де, осылардың барлығын біріктіретін және олардан жоғары тұрған, өмірдің мәңгілік бағытын анықтайтын, тұрақты болып табылатын негізгі бір мақсат болу керек.
Әйтпесе, адам баласының ішетін тамақ, жататын орын, өзінен кейін ұрпақ қалдыру тәрізді тек қана тәнін қанағаттандыратын тіршіліктің бір сәттік қамымен ғана өмір сүретін хайуандардан не айырмашылығы бар? Ал Абай адам мен хайуанның арасында үлкен айырмашылық барын өзінің жетінші, жиырма жетінші, отыз сегізінші қара сөздерінде тәптіштеп түсіндіріп кеткен еді ғой. Бұл туралы «Бірақ бұлардың малдардан айырмашылығы – өздерінің қасиеттері мен табиғатын өзгертуге мүмкіндіктерінің барлығында» деп ұлы Руми да айтып кеткен. Ол айырмашылық адамды өмірдің түпкі мақсатын іздеуге итермелейді.
Адам өмірінің түпкі мақсатын түсініп-сезінудің қиын болатыны оның бүкіл болмыс мақсатымен байланыстылығында болуы керек. Сондықтан ол, бір жағынан, күрделі болса, екінші жағынан, әркімге ашыла бермейтін құпия болып келеді. Ол әркімнің жетілу дәрежесіне байланысты болатын қалау-ниетіне байланысты. Абай таза ниетпен ізденіп талпынған адамға ол құпияның ашылатынын білдіреді.
Өмір мақсатының терең сыры Абай тәрізді ұлы ғұламалардың қалдырған мұраларынан табылады екен. Мәселе соны дұрыс түсініп, қабылдай білуде. Абай да «Сәулең болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл» деп айтқан сөздерінің маңыздылығын әркім түсінсін дегендей, жүрекке жеткізе қадап айтып кеткен. Абай қарапайым адам болмағандықтан, оның сөздері жеңіл оймен айтылмайды. Оның әрбір сөзі қорғасындай салмақты және терең мағыналы. Сондықтан оған толық сеніп, оның сөздерін бар ықыласымызбен қабылдау абзал болмақ.
Енді Абай көрсеткен адам өмірінің мақсатына келейік. Данышпан ол мақсатты былай деп білдіреді:
Мекен берген, халық қылған ол ләмәкан[i]
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?
(«Лай суға май бітпес қой өткенге», 1895ж.)
Абай Түп Иені сипаттай келіп біздің Оны көксеуіміз, яғни Оған талпынуымыз керек екенін айтып, оның себебін түсіндіреді. Ал ол көксеуіміз, яғни Оған деген құштарлығымыз тек «Түп Иеге», яғни Құдайға қайтқанда ғана орындалады. Сөйтіп ойшыл адам өмірінің негізгі мақсатын көрсетеді. Ол мақсат – Түп Иеге (Құдайға) қайту. Ақын сонымен бірге бұның неге негізгі мақсат екенін білдіреді. Себебі Түп Ие – «мекен берген, халық қылған», яғни адам өміріне қажеттінің барлығын берген Жарылқаушы. Фәни өмірдегілер – ол Түп Иені естерінен шығарып адамқандар. Сондықтан өздерін қанағаттандыруға ғана өмірін арнап, Жаратушыны ұмытып бұрыс жолда жүр. Мәселе осыны түсініп дұрыс жолға түсуде. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деді Абай. Егер адам адасқанын білсе, ол дұрыс жол іздеп, адасудан шығуға ұмтылады. Ал егер білмесе, онда сол білмеген қалпы адасып жүре береді. Сондықтан әркім бұл өмірде адасқанын біліп, одан шығуға ұмтылуға тиісті. Ол үшін алдындағы негізгі мақсатты анықтай білуі керек. Оны ойшыл «Түп Иеге қайту» деп анықтап беріп отыр. «Өзге мақсат ақылға қона ма екен?» деп басқа мақсатты іздеу ақылсыздық болатынын білдіреді. Абай адам өмірінің мақсатын осылай деп ашады.
Сонымен бірге Жаратушы барлық жаратқандарына мекен берсе де Өзі мекенсіз (ләмәкан). Ол біздің мекен тәрізді мекенге мұқтаж емес, Оныкі басқаша екенін білдіріп Абай Түп Иенің бізден айырмашылығын көрсетеді.
«Халық қылған» деген сөзді отбасы, ру, ұлт, мемлекет, тағы сол сияқты адамдарды қоғамдастыратын бірлік, ұйым түрлері деп түсінетін болсақ, онда әрбір қоғамның, сонымен бірге бүкіл болмыстың міндеті түпкі мақсатқа, яғни әркімнің Түп Иеге қайтуына барынша мүмкіндік жасау екенін көреміз.
(жалғасы бар)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі