Әлбетте, Құдайға құлшылық неғұрлым таза болса,моның нәтижесі де соғұрлым жоғары болады. Сондықтан Абай таза құлшылыққа шақырады. Өзінің он үшінші қара сөзінде имандылықты таза сақтамайтын адамдарды сынай келіп:
«Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай тағала кеңшілігімен кешеді дағы демесін, оның үшін Құдай тағаланың ғафуына[i], яки пайғамбарымыздың шафағатына[ii] сыймайды, мүмкін емес. «Қылыш үстінде серт жоқ», «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын», - деп таза құлшылық жасағылары келмейтіндерді қатты сынайды. Ол отыз төртінші қара сөзінде бұндай адамдарды тіпті «мұсылман емес» деп бағалайды.
Енді Құдайға таза құлшылық дегеннің не екеніне қысқаша тоқталайық. Бұл – өзіне ешқандай да пайда ойламай, барлығын тек қана Құдай тағаланы қанағаттандыру жолына арнаған адамның іс-әрекеті. Ол өзі үшін білім де, пайда да іздемейді. Барлығы тек қана Алла тағала үшін және ешқандай да ішке бүккен ой болмау керек. Бұл арада «Егер мен басқаны қанағаттандырсам, онда мен өзім қайда қаламын?» деген сұрақ тууы мүмкін. Абай ілімі бойынша оған былай деп жауап беруге болады. Бүкіл дүние Құдай тағаланың жаратқаны болғандықтан, Ол біздің ісімізге мұқтаж емес. Оған біздің іс-әрекет, дүние мүлкіміздің қажеттігі жоқ. Құлшылық жасағанда Ол біздің таза ниетімізді ғана қабылдайды. Сондықтан біздің іс-әрекетіміздің нәтижесі азайып қалмайды, керісінше, ол рухтанып, бізге рухани әрекет болып қайтады. Сөйтіп Алла тағалаға қызмет жасау – біздің өзімізге қызмет жасауымыз деген сөз. Нәтижесінде, жасаған іс-әрекетіміз азайып қалмайды, керісінше, одан үлкен жақсылық алып, біз өз болмысымызды тазартып, рухтандырамыз. Біз әрбір ісімізді дұрыс орындап, барынша кемелді болуға ұмтыламыз. Себебі Алла тағала барлық талап-ықыласпен, таза ниетпен жасалған қызметімізді ғана қабылдайды. Осының нәтижесінде біз кезінде кемелді адам қатарына көтеріле аламыз. Осылай болмысымыз тазарған сайын рухани жетіліп, өмірдің негізгі мақсатына жетуге жол ашыла береді. Кемелді адамдардан құралған қоғам да кемелді болмақ.
Тағы бір ескеретін жағдай – Құдайға құлшылықтың мәңгілік екені. Бұл жан мен Құдайдың мәңгілігінен және бүкіл болмыс тек қана Жаратушыны қанағаттандыру үшін жаратылатындықтан шығады. Бүкіл болмыс Жаратушыны қанағаттандырса, оның бөліктерінің барлығы да сонымен шұғылданады. Сондықтан Құдай тағала сенсін я сенбесін, бәрібір түбінде әрбір жан иесі құлшылық етеді. Бұл әлемде барлық жан иелері Құдай тағаланың қалауымен өмір сүреді. «Құдайдың әмірінсіз шөп басы да қимылдамайды» деген халық сөзі осыны білдіреді.
Абай көрсеткен Түп Иеге қайту мақсаты адам баласы үшін ғана емес, бүкіл болмыс көріністеріне ортақ болса керек. Әлемнің барлық данышпан, әулиелері де адамзат өмірінің негізгі мәні және барлық діни жолдардың негізгі мақсаты осы деп білетіні белгілі. Қасиетті Құранда да осылай айтылады.
Бұл мақсатқа жету жолы өте ұзақ және түрлі белестерге бөлініп, әркімнің оған жету тағдыры сан қилы болады. Себебі әркімнің көзін шел әр түрлі деңгейде басқан. Көп адамдар түпкі мақсатты толық түсінбегендіктен сол фәнилік, яғни уақытша мақсаттармен алданып, көп өмірін әуремен өткізіп алады. Сондықтан Абай бұл өмірдің өткінші және қысқа екенін ескертіп, адамды тура жолға салу үшін былай дейді:
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ. («Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен», 1899 ж.)
Сонымен данышпан мұрасынан өте терең рухани мағына табамыз. Адам өмірінің мақсаты – «Түп Иеге қайту». Оған жету үшін Алла тағалаға деген махаббатқа ие болу керек. Бұл тек қана Оған құлшылық жолымен ғана болады. Мейірімді Алла тағала өзінің пенделерін кейін қарай, яғни рухани әлемге қайтарғанда ғана қанағат табады. Ендеше Алла тағаланы қанағаттандыру үшін адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп, оған қызмет ету керек. Сөйтіп Құдайға құлшылық ету – адамзатқа қызмет ету болып табылады.(жалғасы бар)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
[i] Кешу, кешіру
[ii] Қорғау, жәрдем ету
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі