Өлең, жыр, ақындар

Қызыл галстук

Ермек пен Елдос аулаға шықты. Оқудан келген беттері. Екеуі неден бастауды ойлап отыр. Бидайлы даланы қақ жарған үлкен жолдың бойы ерсілі-қарсылы жүйткіген машиналар. Көшені бойлап үлкен жүк машина жүйткіп өтті.

— Әлгі әскерлердің машинасы болды ғой, әскери адам  жүргізіп барады, — деп үн қатты Ермек. Елдос үндемеді. Ол әкесінің жанына отырып, комбайнмен егін орғандарын көз алдына келтіріп тұр еді.

—  Әй, Елдос, әлгі машина тұрып қалды! — деп  Ермек абыржып айғайға басты.

Екі бала шарбақтың үстіне шықты. Сұр киімді арықша келген әскери адам мотордың жабуын көтеріп қарады, біраз айналшықтап жүріп алды.

— Жүр, Ермек, барып көрейік.

— Жүр.

Екеуі  шапқылап жетіп келді. Бұл кезде жүргізуші дәу машинаның астына кіріп, бірдеңелерді бұрап жатқан. Әскери адам тұрып үстін қақты да:

— Жігіттер, сендер қайдан келе қалдыңдар? — деп сұрады.

— Ауылдан.

— Сендерге тапсырма берсем, орындар ма едіңдер?

— Орындаймыз, — деп екі бала қабаттаса үн қатты. Жүргізуші қойын дәптерін тізесіне қойып, бірдеңелерді жазды да:

— Осыны кеңседегі біздің бастыққа беріңдер, жарай ма?— деді.

Ермек қағазды алып,  жүгіре жөнелмек еді:

— Тоқтай тұр, мұны  жауынгерлік тапсырма дейді. Сондықтан біріңді командир етіп тағайындаймын, командир мына бала болсын! — деп, кішірек бойлы  Елдосты  көрсетті. — Оның айтқанын екі  етпей орындауың керек.

Екі бала қайыра жүгіріп  жетті. Ентігіп тұрып тапсырманы орындағандарын мәлімдеді. Өтініш бойынша жеткен көшпелі шеберхана бұзылған көлікті әп-сәтте жөндеп берді.

— Рақмет, балақайлар! — деп әскери адам жүруге бет алды. Ермектің бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын іштей сезіп:

— Айта ғой, балақай! — деді сәл күлімсіреп.

— Командирлікке мені емес, Елдості сайлағаныңыз не? — деп сұрады бала.

— Елдостың мойнында қызыл галстук бар екен, сондай бала ғана командир болуға лайық, — деп жауап қатты әскери адам.

Ермек ойланып қалды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз