— Жәкіш, анау қайықты көремісің?
— Иә.
— Рысбай шалдың қайығы. Барамыз да босатып алып, көлге жүземіз. Үйрек балапандарын ұстап аламыз, қызық болады.
— Кілттеулі шығар.
— Пішту, кілт болғанына…
Екеуі жүгіріп қайыққа келсе, расында кілттеулі тұр екен. Бәйкен шегемен түрткілеп еді, ашылмады. Кесек тасты алып, пәрмендеп салып жібергенде имесі суырып шықты.
— Алақай, біз кеттік!
Бәйкен ескекті есе жөнелді. Қайық кең жалтырға шықты.
— Әй, әлгі үйректерің қайда?
— Тығылып қалды, мені ұста деп тосып тұрсын ба?
— Жоқ, сонау қамыс төңірегінде көрінеді, кеттік сонда.
— Қайтайық, Бәйкен!
— Соқпа, осындай қызық табыла бермейді.
Су шылп-шылп етеді.
— Жел тұра бастады, — деді Жәкіш үрейленіп.
— Ештеңе етпейді.
— Әне, бұлт көтеріліп келеді.
— Ештеңе етпейді. Қандай тамаша, ә? Біз ертедегі теңізші сияқты алысқа саяхат жасап барамыз.
— Кемеміз суға батса ше? — деді Жәкіш қорқып.
— Батпайды, бекерге қорқасың, — деді Бәйкен ескекті мықшыңдай есіп. Су ернеуге ұмтылып, аппақ көбік шашырайды.
Жәкіштің денесі мұздап, қалтырап кетті. Аспан күңгірт тартты, су беті де қап-қара, тіпті қорқынышты-ақ. Бір кезде көкті қақ тіліп нажағай жарқ ете түсті. Айналаның бәрі астан-кестен болды.
— Дауыл басталды, дауыл! — деді Бәйкен шошып. Жанталасып жүріп қолындағы ескектен айрылып қалды. Қарағай ескек ақ ала толқындар арасында шоршып барады. Әлдеқандай дүлей күш бүкіл көлді қос қолдап шайқап тұрған тәрізді. Басқарусыз қалған қайықты қақпақылдап ала жөнелді. Толқынға қабырғасын беріп ырғып, секіріп келеді. Қап-қара суық су қайықты да, балаларды да жұтып жіберетіндей.
Бәйкен бақырып жылап жіберді.
— Енді жағаға шыға алмаймыз, құрыдық, — деді ол бетін басып.
— Әй, жылама, қайық бізді жағаға өзі шығарады, қорықпа! — деді Жәкіш оны құшақтап. Оның да көзінен жас ақты. Ақжал толқындар ысылдап келіп ұрғылайды. Қайықтың қабырғасы сықыр-сықыр етеді.
Алыста қамысты жаға қарауытып тұр. Бәйкен жылауын қойып, бұғып жатыр. Өксік атады. Жәкіш түсі суық, дөңбекшіген суға сескене қарайды. Нажағай қайта-қайта жарқылдайды. Бір кезде суық жаңбыр құйып кетті. Қайық жағаға қарай өзі алып келе жатыр.
Түн болды. Жаңбыр толастап, жел тына бастады. Жыртық бұлттардың арасынан жұлдыздар көрінді. Қайық бір орында тұрған сияқты. Бірақ тоқтаған жоқ, жылжып келеді. Үкі бастарын бұлғап, теңселіп қамыс тұр. Қайық солқ ете қалды. Тоқтады. Салындыға килігіпті. Жаға небары он қадамдай жерде. Жәкіш қамыстан тартып қайықты ілгері жылжытты. Бәйкен басын көтеріп:
— Су тайыз екен, осы жерге тастап кетейік, — деді.
— Жоқ, өйтуге болмайды. Шетке шығарып қояйық, қиналмай тауып алсын. Онсыз да Рысбай атайға обал қылдық.
Бәйкен үндемейді. Екеуі құрғаққа шықты. Буындары дірілдеп барады. Қорқып қалыпты.
— Алақай, біз Робинзон Крузоша елсіз аралға түстік! — деді Бәйкен дауыстап. Жәкіштің көңілі құлазып сала берді.
— Кетші өзің, жұртқа не дейміз, бізден көреді тағы.
— Көрсін, онда не тұр, — деді Бәйкен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі