Өлең, жыр, ақындар

Жабайдың ағасы

Жабай әлі кішкентай болатын. Мұрны шошайған титімдей сары бала көкшіл көздерімен созылып жатқан далаға қарады. Бозторғайлар шырылдайды. Тракторлар қаздай тізіліп келеді. «Тыңға алғаш жол тартушыларға гүл сыйлау керек» дегенді есіне түсірген Жа­бай қуанып кетті.

— Аға, тоқтаңыз, тоқта-а! — деп тракторға қарай жүгірді. Кабинада отырған жас жігітке қызғалдақтарын ұсына берді. Жігіт гүлді алып бетіне басты да,  баланы құшақтап:

— Рақмет, балақай, тракторға мінгің келе ме? — деді.

Жабай басын изеді.

— Несі бар, кеттік ендеше!

Тракторшы баланы жеп-жеңіл көтеріп алып, жұмсақ орындыққа отырғыза қойды. «ДТ» жұлқып ала жөнелді. Жабай айналаға қызықтай қарайды. Трактор қа­ра шымды аударып, ілгері ұмтылып келеді. Жігіт маңдайшаға қыстырып қойған қызғалдаққа қарап күлімсірейді.

— Кәне, балақай, танысып қояйық. Менің есімім Тауфик — Татарстаннанмын. Сенің атың кім?

— Жабай.

— Міне, енді таныс болдық. Сен оқисың ба?

— Жоқ. Алдағы күзде барамын.

Бетегелі даланың бұйра шымы аударылып қалып жатыр. Тауфик үнсіз, көздері алыстағы белгіде болса, қолдары тұтқада, жолды түзу тартуға тырысулы. Жабай оның не себепті үнсіз келе жатқанын түсінбеді.

— Міне, біз аңыздың шетіне шықтық, — деді Тауфик көңілденіп. Трактор жыртындыны жағалап кейін жүрді. Алғашқы аңыз осылай пайда болды.

— Алыстағы Татарстаннан келдік. Тың көтеруге, мына кең далаға бидай өсіруге, — деді Тауфик.

— Татарстан — ол қандай ауыл?

Тауфик күлді:

— Ауыл емес, республика ол,  Қазақстан сияқты.

Жабай түсіне қоймаса да, басын изеді.

— Тың көтеруге барамыз деп тілек қылдық, мына кейінгі жігіттер де біздің Татарстандікі, — деді.

«Бұлар бір ауылдың адамдары екен ғой»  деп түсінді бала.

Тауфик бір кезде Жабайға қарап:

— Қап, ойыма келсейші, — деп баланың алдына нан, кәмпит қойды. — Ал, Жабай, қарның ашқан болар.

Жабайдың түсінбей отырғаны «алыстан келдік, бидай өсіруге» деді. Сонда өздерінің ауылдарында бидай өсіретін жер болмағаны ма?

Тауфик түсіндіріп жатыр:

— Біздегі атам заманнан жыртылып келе жатқан ескі жер. Соқа тимеген дала жоқ. Тыңның бір гектары ескі жердің екі гектарының өнімін береді және қатарынан бірнеше жыл сөйтеді. Тың жер дейтініміз сол. Бұл далада шек жоқ шығар өзі. Не деген байлық?! Қаққан қазық көктейтін қара топырақ. «Қазақстанға тың көтеруге кім барады?» дегенде комсомолдар түгел қол көтердік. Бүкіл ұйымды түгел жіберуге болмайтын еді. Аудандық комсомол комитетіне барғыштап жүріп рұқсат алдым-ау, әйтеуір. Сендердің мына ғажайып далаларыңа келгенімізге қуаныштымыз. Өзіміздің ағайын, достар, туыстар табылды. Жабай інім сен де барсың, солай емес пе?

Жабай қалғып отыр екен. Тауфик бешпентін жастап, жұмсақ орындыққа жатқызды. Қаннен-қаперсіз ұйықтап кеткен балаға қарап күлімсіреді, маңдайынан сипады.

— Ұйықтай ғой, балақай!

Кешке Жабай Тауфик ағасын үйіне ертіп келді. Ата­сы Оспан қарт пен әжесі Салиха кемпір:

— Құлыным-ау, қайда жоғалып кеттің, іздемеген жеріміз жоқ, — деді.

— Мына Тауфик екеуіміз тың көтердік. Бұл менің ағам, — деп Жабай сорайған ұзын жігіттің санынан құшақтады.

Сол күннен бастап Тауфикты жұрт «Жабайдың ағасы» деп кетті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз