Өлең, жыр, ақындар

Жартас басында

Теңіз жағасында самал еседі. Алып судың мәңгі серігі тұтқын самал. Кейде ерегісіп дауыл көтереді. Ал әдетте бүгінгідей момақан, елеусіз. Осы самал мекенінде долы толқынға кеудесін ұрғызған алып жартас тұратын. Оның үстінде уақыт пен ылғал жеп жапырайған жалғыз лашық бар. Есік-терезесіз, шатыры ортасына түскен төрт қабырға. Осы жерге кеш бата салысымен еркек пен әйел келіп, қараңғы түскенше күбірлесіп сөйлеседі, ары-бері жүріп сабылысады, ал кейде теңіз жаққа телміреді.

— Бүгін де көрінбейді.

— Күн батып бара жатыр.

Әйел лашықтың ішіне үңілді. Үңірейген суық ызғарға қолқа қабар нәжіс иісі араласқан.

— Мынаны қара.

Шашқа қыстыратын темір көбелек. Әйел алақанына салып үрлеп топырақтан тазалады.

— Қандай әдемі. Кім жоғалтты екен. Қарашы.

Иығына төгілген ауыр қара шашына қона қалған көбелек ұша жөнелердей қомданады.

— Әдемі ме?

— Иә.

Еркектің зейіні көкжиекте. Ара-тұра қалың қастары көмкерген қабағының астымен лашық үйге ұзақ көз тастайды.

— Есіңде ме, терезенің тұсында кішкентайдың бесігі тұратын.

— Иә. Ол түні бойы жылайтын. Тым мазасыз еді.

— Ал сен ұйқысыраған дауыспен түні бойы әлдилеп шығатынсың.

Әйел жымиды.

— Ал мұнда үстел болатын.

— Иә…

Еркек жанарын қайтадан теңізге аударды.

— Содан кейін мен сені күте бастадым.

Ол енді әйелдің бетіне қарады.

— Алдымен кішкентай түнде жылағанын қойды, содан соң балалармен балықшы болып ойнайтынды шығарды, содан соң ержетіп, балықшы болды.  Сен сияқты…

— Және мен сияқты бір дауылды күні ол да теңізге кетті.

Әйел қырынан отырған оған тесіліп қарады да:

— Сенің артыңнан… — деді.

— Содан кейін сен де…

— Иә, содан кейін мен де… Теңізге кеттім…

Әйел жүзін көкжиекке бұрып әкетті.

— Әлде ол тірі ме екен?  

— Мүмкін емес, — деді еркек, — мен білемін. Ол жол үстінде. Келе жатыр.

— Бұл жақта да күн күтумен өтеді екен…

Сол кезде еркек әйелді иығынан құшақтап, бауырына басады.

Осы қос елес жартас басына ымырт үйіріле бастағанда күнде келеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз