Өлең, жыр, ақындар

Абай және иман

2020 жылдың 30 қазаны күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінде Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойының құрметіне арналған «Абай және иман» атты тақырыпта онлайн форматтағы тәрбиелік іс-шара болып өтті. Тәрбиелік шара Абайдың иман мәселесіне байланысты көзқарастарын талдауға арналды. Шара аясында Қазақстан қоғамында орын алып отырған екі үлкен өзекті тақырып өзара ұштастырылды. Біріншіден, бұл әрине Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы, ал екіншісі ислам діні. Екінші мәселе  тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде соңғы уақытта үлкен түйткілді мәселеге айналып отырғаны бәрімізге белгілі. Әлемде исламофобияның, исламмен байланыстырылып отырған терроризмнің, экстремизмнің, радикализмнің ушығып отыруы жағдайында, біз исламды қалай түсінуіміз керек, оның шынай мәні неде, ислам бізге не береді, оны қалай пайдалануымыз керек деген мәселелерді қайта қарап, жаңаша түсіну қажеттігі туып отыр. Ал бұл мәселені шешуде бізге хакім Абай көмекке келеді. 

Абайдың заманы да ислам тарихындағы белгілі бір дағдарысты кезеңімен тұспа-тұс келген болатын. Дүмше молдалық, исламды үстірт, біржақты түсіну, таклид, яғни молдалардың соңынан көзсіз еру, М. Әуезовтың сөзімен айтқанда, «діндік соқыр наным – предрассудок» орын алған болатын. Абайдың қара сөздерінде осы соқыр сеніммен күрес, исламды ұстанудың сыртқы формалары емес, ең бастысы – оның адам рухын тәрбиелеу құралы екендігіне халықтың назарын аудару ең басты маңызға ие болды. Абай исламды иман деп түсінген атақты түркі ғұламалары – әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Яссауи салып кеткен сара жолды ары қарай жалғастырушы болды. Абайдың түсінігінде исламның өзегі  – иман, яғни адамның таза, кіршіксіз жүрегін, рухын қалыптастыру болып табылады, ал иманды тәрбиелеуде Абай ең басты қажетті шарт ретінде  – Құранда көрініс тапқан Алланың сипаттары, яғни ақыл-парасат, ғылым-білім, әділдік, мейірім, рахым, шапағат және бұлардың бәрінің негізінде жатқан махаббат сезімі екендігін нақты көрсетеді. Абай өзінің қара сөздерінде адамдарды Алланың осы сипаттарына ұқсас қасиеттерді өз бойында қалыптастыруға шақырады. 

Тәрбиелік шара Абайдың иман мәселесіне байланысты осы көзқарастарын жастардың арасында насихаттау мақсатымен ұйымдастырылды. Шараны «5В011400 – Педагогикалық тарих» мамандығының 4 курс студенттері ұйымдастырды. Иман мәселесі негізінен Абайдың терең философиялық  ой-толғауларының квитэссенциясы болып табылатын – атақты қара сөздерінде қарастырылғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан топ студенттері осы қара сөздерді оқып, оған терең бойлауға, иманды Абайша түсінуге тырысты және сол түсініктерімен шараға жиналған студенттер және ұстаздар қауымымен бөлісті.

Іс-шараны қорытындылаған топ куратор-эдвайзері т.ғ.к., доцент Е.Т. Қартабаева: «Абайдың дүниетанымындағы иман түсінігі таусылмайтын терең тақырып. Алайда, бүгінгі шара аясында ұлы ойшылдың философиялық терең толғауларын талдай отырып, екі ақиқатқа көзіміз жетіп отыр: біріншісі - Абайдың діни көзқарастары бүгінгі қайшылыққа толы, техногенді, «тұтынушы» өркениет жағдайында қазақ халқы үшін адастырмас бағдаршам бола алатындығы. Екіншісі – кезінде Мұхтар Әуезов көрсетіп бергендей: «Абайдың діні - сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деген тұғырлы тұжырымның ешқашан ескірмейтіндігіне көз жеткіздік» - деп сөзін аяқтады. 
Шараға қатысқан ұстаздар қауымы атынан кафедра профессоры, т.ғ.д. Жүгенбаева Г.С. сөз алып, шараның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын, оның жастардың иман байлығының артуында, исламның дұрыс түсінігін қалыптастыруда аса зор маңызға ие екендігін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

Қартабаева Е.Т., дүние жүзі тарихы, тарихнама 
және деректану кафедрасының доценті,
Абдуғали А., тарих, археология және 
этнология факультетінің 4 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз