Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіз елдің ұланымын!

Тәуелсіздік! Неткен ұлы әрі құдіретті сөз! Осы киелі сөзге терең үңілсек, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандағаны, бостандық жолында құрбан болған рухты қазағымның рухты ұрпақтарына қалдырған мұрасы екені хақ.

Өр рухты, қасқыр мінезді, ержүрек, айбынды қазақ халқына Тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес. Тәуелсіздікке жету үшін ата-бабаларымыз басынан талай сынды өткерді және сол сынға күш-жігермен, қайсар мінезбен төтеп берді. Ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ даланы ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қасық қаны қалғанша қорғады. Ұлы далада халқымыз үш ғасырдай егемендік пен азаттық жолында күресті. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпайжай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз...», - деп Қаз дауысты Қазыбек бидің қалмақ ханы Қалдан Серенге айтқан сөзінен халқымыздың ешкімге қиянат жасамай, қашан да бейбітшілікті ту етіп ұстаған бейбіт халық екеніне көз жеткіземіз.

Жоғарыда атап өткенімдей, тәуелсіздік қазақ халқына оңай келген жоқ. Кең байтақ даламызға көз алартып, бейбіт елдің берекесін ыдыратқан сол арамза жаулардың атын атауға аузым батпайды. Жоңғардан тепкіншілік көріп, «көршісің Құдайындай көрген» халық Ресейдің жауырына тығылады. Сонда Ресей не істеді? Елде саяси реформалар орнатып, бірлігі мол халықтың ауызбіршілігін жоюға барын салды. Ел арасына іріткі салып, қазақ мемлекеттігінің сақталуы жолындағы күрес жағдайын өз мүдделеріне шебер қолданды. Елді бытарыңқылық жайлап, әділетсіздік орын ала бастады. Тәуелсіздік ансаған батырларымыз көтеріліске шығып, жан беріспей күрескенімен жеңіске жете алмады. Қара халықты патша өкіметі құл ретінде көріп, азаптап, қинады. Қаншама зиялы, білімді тұлғаларды өлім жазасына кесіп, бақилық етті. Халықты бірлікке, білімге шақырған ұлт зиялылары жазықсыздан жазықсыз айдалып, бір ауыз суға зар болды. Көтеріліске шығуға үндеген азаматтарды халықтың көзінше асып қойып, жан тәсілім еткізді. Бай-бағландардың сау балалары ақша беру арқылы жұмыстан қалса, кедейдің ауру-сырқау балалары ауыр азапқа тартылды. Халықты жаппай қанап, бейшара күйге түсірді. Неткен қатігездік?! Бірақ олар өр рухты қазақ халқының жігері мен намысын өшіре алмады...

Бостандықты аңсаған жастарымыз сол желтоқсанның ызғарлы күнінде алаңға шықты. Патша өкіметі адамдары қазақ қыздарының шашынан сүйреп, ұлдарын өлгенше сабап, қорлық көрсетті. Сонда да қазақ жастары тәуелсіздік үшін өлуден қорықпады. Нәтижесінде, азапты күндерден кейін жарқырап күн сәулесі шықты. Алладан берілген сый – тәуелсіздікке қол жеткіздік. «Қазақстан Республикасы» атағын алып, бостандыққа шықтық. Қаншама ғасыр «торда ұсталған бүркіттей» көкке шыққанда қалықтап ұштық. Аллаға шүкір, еліміз аз уақыттың ішінде гүлденіп, дамыды. Бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстыруға да келмейді. Көршілес елдермен тереземіз тең... Қазақстанды бүкіл әлем таниды, біз онымен мақтанамыз!

Сөз соңында осынау қиындықпен, азаппен келген ұлы сыйымыздың қадір-қасиетіне жете білейікші деген ниетімді білдіргім келеді. Қанмен келген егемендікті алақанымызда аялап, елімізді дамыту үшін қызмет жасау – біздің міндет! Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай. Тәуелсіздік таңы арайлап атып, егемендігіміз еңселі болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің 1 курс студенті Айтмолда Амина


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз