Жалпы қазақтар туған күнді тойлауды кейіннен шығарды ғой. Ал Амангерей бұл күнге жалпы мән бере қоймайтын. Жас шағында ол тектес балалар қазіргідей туған күн тойлап өспегені белгілі. Әйтсе де қазіргі заманда өз қатарында жүрген азаматтардың бәрі де жарты ғасырлық, алпыс жылдық тойларын жасап, атаусыз қалдырмай жатқан соң Дәметкен де жайлап айтып көрген:
— Қазір елу жасқа келгендер ғана емес, тіпті жастардың өзі отыз, қырыққа шыққан мерей тойларын жасап жүр. Ең болмаса алдын-ала кішкене дайындық жасап қояйық, жолдастарың бәрібір атаусыз қалдырмайтын шығар, — деп, айтып көріп еді, бірақ көнбеді. Туған күні тамыздың алтысы болатын, бірақ сырт жақтан да селт еткізер хабар сол бойда шықпады. Сол күні тек өзінің жан-жақтағы жақын ағайындары мен бала-шағасы жиналып, үй ішілік қана ың-шыңсыз отырыс жасаған да қойған. Алайда бұл туған күннің айы аяқталған күні Әбекең жұмыстан келген соң Дәметкенге:
— Ертең осында жігіттер келеміз деп жатыр, — дейді жайбарақат.
Дәметкен сасып қалады:
— Неғылған жігіттер? Жай ма?!
— Ой, өткендегі туған күнмен құттықтап, кіріп шығамыз дейді, осы қаладағы басшылар, жұмыстастар...
— Өткенде айтқаным сол еді ғой, енді қайттім?! — деп, Дәметкен енді шын саса бастайды. Сөйтсе Әбекең:
— Ой, ештеңе де керек емес, шай ішсек болды дейді, — депті ғой.
* * *
Сөйтіп бір қапылыс басталып кеп кетеді. Келетіндер қанша адам екен десе, ұзын саны елуден асып жығылады. Олардың бәрі үйге сыймайтын болған соң көршінің үйі босатылады. Қойшы, әйтеуір, сол бір күні күндіз-түні дүрліккен Жаңаөзен қаласындағы төртінші шағын ауданындағы он төртінші үйдің адамдары ертеңіне, 1995 жылдың 1 қыркүйегі күні сол қаланың бас көтерер бар азаматын күтіп алады. Олардың арасында Жаңаөзен қаласының сол кездегі әкімі, қазіргі сенатор Машинист Абылханов пен "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының сол кездегі президенті, қазір, "Казахойл" ұлттық компаниясының вице-президенті болып отырған Жақсылық Жанғазиев, "Өзенмұнайгаз" акционерлік компаниясының қазіргі президенті Мұрат Құрбанбаевтардан бастап қаланың барлық жетекші ұйымдарының басшылары, белгілі мұнайшылар, өнер адамдары бар екен. Абырой болғанда, сол кеш бастан-аяқ бейнетаспаға түсіріліпті. Өзін сыйлайтын қатар-құрбылары, аға-інілері айтқан жылы лебіздерді тыңдап, бірде ойлана, бірде күле түсіп отырған Әбекеңнің бір қалыптан аумайтын қарапайым да жуас бейнесі қалыпты таспада.
Оның өмірден көп кешікпей өтіп кетерін сезгендей-ақ соңғы жылдары Дәметкен суретке түсіруге талай рет талап жасап көрген екен. Бірде қонаққа барып, қайтып келе жатқанда қолқа салады:
— Жүр, күн әлі ерте екен, суретке түсе кетейік. Бір күні дүниеден өтіп кетсек, тіпті балаларымыз анда-санда қарап жүретін суретіміз де жоқ екен, — деп, қанша өтінсе де көндіре алмаған. Сонда: "Тағы бірде түсерміз. Қойшы, не керек сол?! — дейтін көрінеді. Енді сол бір кездейсоқ өткен туған күн таспасы бұл шаңырақтың ең бір қастерлі мүлкіне айналыпты...
...Бірде өз архивімді ақтарып отырып, тоза бастаған газеттен бір таныс бейнеге көзім түсті. Жыға танымадым да, бұл адамды қайдан көрдім, кім екен деген әуестікпен оқып көрсем, Амангерей Орынбаевтың суреті. Қалалық газетке өзінің атынан берілген шағын мақаласы да бар... Есіме зайыбының сурет жайлы айтқан әңгімелері түсті, бұл суретке бұрын неге назар аудармағандығымды да бірден түсіндім. Газет өзімдікі болғанмен, мен ол кісіні бұрын көрген жоқпын, жақында ғана елу жылдық тойдың бейнетаспасын тамашалап қарағанымыз бар еді. Жүзі таныс көрінуі содан екен.
Мен бір асыл зат тауып алғандай, қуанып қалғанмын. Дәметкен апа ол кісінің түскен суреті жоқ деп жүр, ал мына сурет ше ?! Мұны түсірген адамның пленкасы әлі сақтаулы шығар бәлкім... Өкінішке қарай суретті кім түсіргені жазылмапты. Бейнесі тап-таза шыққан екен. Сурет көлемі де әжептәуір... Сәл ғана бір қырындап, жайбарақат отыр. Көздеріне парасат тұнған сол бір байсалды адамның сабырлы келбетінде тіпті мін жоқ. Тек қана қос қыртыстанып қалған көйлектің жағасы келісіңкіремейтіндей... Мен оның ине-жіптен жаңа шыққан қара костюм мен ақ көйлек киген кейіпті елестетіп көріп едім, жарқырап қоя берді. Қайран, Әбекең, өзі патшадай жігіт болған екен-ау...
2000 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі