Өлең, жыр, ақындар

Зары өткен перзент

Үй маңында оттап жүрген ертоқымды атты анадайдан-ақ байқаған. «Күләннің шайын ішіп отырған бастықтардың біреуі шығар, — болды ойы малды иіріп тақай бергенде. — Бірақ мынадай қаба жалды шабдар кімде бар еді?» Отардың алды қотанға іліккен кезде де бөгде жылқының иесін есіне түсіре алсашы.

— Шайт, шайт!.. Шу! — деген жарқыншақ шыққан дауысты естіді ме екен, тозығы жеткен қараша үйдің киіз есігі сыртқа қарай серпіле берді.

— Ой, Тоқтытай, сенбісің? — деді аласа бойлы қара жігіт қамыт аяқтарын ордаңдай басып, қасына таяғанда. — Шай ішіп отырсың-ау деймін.

— Рас айтасың, шай ішіп жатқам.

— Тәтең шайын дұрыстап бере алды ма?

— Тәтем тағы жоқ, Бәбе. Шайды өзім қойып, үйдегі барымен ішіп жатқаным ғой. Сонау Покровкадан итіңдеп жеткенше қаталап қалыппын.

Өзі түтігіп шаршап келе жатқан адам, Тоқтағанның сөзін естігенде, қара күрең өңі бұзылып, дауысы да қарлыға шықты:

— Тағы қаңғып кетті десеңші, бар болғыр. Үйге тоқтамайтын болды ғой бұл қатын.

Бар айтқан ләмі осы-ақ. Сонан кейін кер өгіздің жібін басына қайыра салып, қарадан қарап қолындағы шикі өрімді бишігімен ауаны бір осты. Әншейінде мал ұрмайтын, ұрғандардың жер-жебір, жекен суына жетіп жүретін Бәбең қолындағысын көтере сілтегенімен, бұл жолы да сол дағдысынан жаңылған жоқ. Бойына лықсып келіп құйыла қалған ашуды сыртқа шығарған түрі.

Бәбеңнің күйзелісін Тоқтаған аңғармады ма, малды қотанға иірісіп, салдырлап сөйлеп жүр:

— Ой, Бәбе, осы қатынды қайтесіз? Өзі не бала таппайды, не үйдің тірлігін дұрыстап ұстап отырған жоқ, қашан көрсең де, аз ғана жүгіңіздің шашылып жатқаны. Тамағы анау шикілі-пісілі. Тіпті сіз үшін мен күйемін... Тастаңызшы.

— Е, немене, тастасам, алып бере қоятын даяр қатының бар ма?

— Қазір елде не көп, байсыз қатын көп, Бәбе. Соғыстан кейін жесір қалған келіншектер қаншама, «иә» десеңіз, өзім-ақ ретін тауып сізге айналдырып берейін...

Шопанның үндемей қалғанын келіскені деп жобалады ма, Тоқтаған әлі де сол салдырлаған қалпы:

— ...Сіз, немене, шал болдым деп тұрсыз ба, алпыстан ассаңыз да, әлі дыңдайсыз. Мүмкін, жастау біреу кезіксе, бала да таптырарсыз.

Отарды кешке орынға жайғап болысып, сол дабдырлай сөйлескен күйлері қараша үйдің құрым есігін қайта серпісті. Бәбең ыдыс-аяқтарды салдырлатып жүріп, тұтқасы сынған ескі құманды алып қайтадан тысқа беттеген.

— Ойбай, Бәбе-ау, тағы қайда барасыз? Алдымен жүрек жалғап алсаңызшы.

— Дәрет алам да, қайта кіремін ғой. Ауызашарға бірдеме бар ма екен, Тоқтаған?

— Ойбу, жазған басым ойламай қалғанымды қарашы. Ораза екенсің ғой, жазған-ау. Әлгінде бір пысқан еттен де кесіп алып, қарбытып жіберіп едім... Қазір тоқтай тұр, мен тездетіп...

Қонақ жігіт азғана ыдыс-аяқты салдырлатып, дастарқан қамымен болып кетті. Дәретін алып, сырттан қайта кірген отағасыға:

— Ал, Бәбе, қане, қаужай бер барымен, — деп, қаракөлеңкеде бірдемені итеріп қояды. — Сол шіркінді тамақ ішіп алып, бір-ақ оқысаңшы, — деді Тоқтаған Бәбең енді ақшам намазына кіріскенде. — Ойпыр-ай, Бәбе, бұл Сәбет өкіметі намазды қойдырғалы қашан. Ал сен ағайынды Қайса екеуің тіпті әлі оқып келесіңдер. Бастарыңа бәле боп жүрмесін әйтеуір...

Отағасының дастарқанға келіп жайғасқаны — құдай алдындағы құлшылығын бітіргеннен кейін ғана. Тоқтаған сол салдырлап сөйлеген қалпы:

— Ойбай, Бәбе-ау, өзіңіз бүйтіп жүріп, ауыз бекіткеніңіз қалай? Күн болса мынау шіліңгір ыстық.

— Қайта ыстық қайта бастады ғой. Әнеу күндері тіпті аптап болып кетті емес пе? — деді отағасы сабырлы түрде. — «Сүмбіле туса, су суыр» дегенді естіп пе едің? Енді аз күн қалды.

— Айтып отырмын ғой, мына тұрған Покровкадан жеткенше-ақ, қаңсырығым түтеп кетті. Ал сен болсаң күні бойы мал соңындасың. Ең құрығанда астыңда бір атың болса ғой, өгізбен итіңдеп кеп жүргенің. Қатынның жайы мынау сәресіңді беріп, ауызыңды аштырып отыратын. Байғұс-ау, ауыз ашар тамағыңа ортақтастым ғой мен.

Орынан атып тұрған Тоқтаған есікті түріп қойып, жерошақ жақты төңіректеп кетті. Кіріп-шыққан сәтінде ауызы толған сөз:

—Тезірек ыстығыңды ішіп ал енді. «Әй, осы дәу де болса, Бәбеңнің лашығы шығар. Жайлаудан түскеннен кейін отыратын күзеуі осы маңда еді ғой» деп келе жатқам. Анадайдан айқайлап келдім, есік сыртынан жіппен іліне салған екен.

— Бала үйлендіріп, келін жұмсап отыратын кезің ғой, Бәбе... — деді тағы бір кіргенінде. — Ең құрығанда тамақ пысырып кетейін. Малдан келгенде тамақ даярлап отыратын жеңгенің түрі анау, бәрін ыбырсытып тастап қашып кетіп отырған. Не тірлік бұл сонда?

Отағасы бұл әңгімеге ләм деп тіл қатуға зауықсыз сияқты. Қараңғылық әбден қоюланғанша шайын ішіп үлгергенін олжа көрген түрі бар. Тоқтаған болса, Есік алдындағы жерошақтың түтінін бықсытып ет асып жатқан Тоқтағанға Бәбең қараған жоқ, басы көпшікке тиер-тиместе қор ете түсті. Қонақ жігіт оятқасын барып, сорпа-суын ішкен. Малын бір айналып шығып, тағы да тұрғаны — намаз.

Әбден қалыптасқан малшылық машығымен түн жарымында бір тұрып, қотанын айналып шықты. Аты да, мылтығы да жоқ жалғыз үйлі қойшының бар сенетіні — Таймас, Төрткөз атты төбеттері. Әсіресе Төрткөз сақ, қыр астындағы бөтен дыбысты құлағы шалса болғаны, арпылдай жөнелуі қолма-қол. Одан кейінгі жұмысты Таймасқа жібер, атты кісі немесе ит-құс көрінсе, тайынбастан қарсы ұмтылуға даяр.

Колхоздан неше рет сұрады, ат тауып берер деген не? Бір рет берген болып еді, жарты жылға жетер-жетпесте ферманың басқа жұмысына керек бола қалыпты. «Соғыстан соңғы қиын уақыт, мініс көлігі жетіспей жатыр. Осы өгізбен-ақ бірдеме қыла тұрыңыз» дейді алдарқатып.

Барымен базар деп сәресісін ішті. Уайымы, қайғысы жоқ жандай ұйқы соғып жатқан Тоқтағанның пырылына қызыға құлақ түреді. Орнына кеп қайта қисайған Бәбең енді көз іліндіре алсашы. Осындайда қаперіне орала кететін уайымы жалғыз-ақ. Мініс атын да, кедейшілікті де былай қойшы, бір перзентке зарығып жүрген мына күнін айтпаймысың.

Ию-қию бір тынымсыз замандар болып, әйтеуір бас құрағаны — жасы отыздан асқан кезде ғана. Бәйбішесі Жұпардан екі қыз көрді. Біреуі жастай шетінеп кетті де, екіншісі Марфуға шешесінің қолында. Шешесінің қолында болатын себебі — дәм-тұздары жараспай, екеуі ақыры айырылысып тынған.

Одан кейін шамалы уақыт жүріп қазіргі әйелі Күләнмен түтін түтеткен. Асып бара жатқан ақылы болмаса да, үйде қарайып жүргені көңілге медеу. Әйтпесе, өмірі пұшпағы қанамаған ұрғашы. Сонысы үшін де өзін туған-туыстардың жақтырып жатқаны шамалы. Күндіз қой соңында жалғыз қалған адамға алуан түрлі небір ойлардың үйір келетіні белгілі. Ал қайда барса да, Бәбеңнің қыр қыдиып соңынан қалмайтын ой жалғыз-ақ: «Бұл дүниеде ұрпақ көрем бе, жоқ па?»

Осынау сауалды қаузай бастаса, қалай күйзелетінін мына Тоқтаған сезер ме екен?

Ертеңінде екеуі де ел-жұрттағы басы бос қыз-келіншектерді тізбелеп, біраз әңгіме құрды. Ақыр соңындағы Тоқтағанның тоқтамы:

— Осы бір жетінің ішінде келіншек тауып берем, — болды. Сол уәдесін арқалап, аттанып кетті, оның сөзіне малданып, тоқмейілсіген көңілмен өгіз мінген қойшының бет алғаны — күндегі өірісі.

Түске қарай қыр үстінен жалғыз жаяудың қылпы көрінді. «Неде болса, осы біздің қатын-ау, — деді Бәбең кішіректеу көздерін күн сала қарап тұрып. — Етегінің далпылдауы тура сол». Отағасы қателеспепті, соның өзі. Онсыз да жаны күйіп жүрген адамға қатынның үн-түнсіз қаңғып кетуі қай бір оңайға тисін, өз білгенінше ұрсып ала жөнелді. Ораза кезі ғой, қатты айтуға болмайды. Әншейінде шап етіп беттен ала түсуге әзір Күлән бұл жолы үндеген жоқ. Жылыстай орағытып, үй тірлігімен болып кеткен сыңай байқатады.

Шешіліп сөйлескендері — мал қоралап, ыстықтарын алдыға алғаннан кейін ғана:

— Бәбе, маған ашуланып отырғаныңды білем. Сөз тыңдасаң, әңгіме айтайын.

— Сен қатында не сөз болушы еді. Белгілі емес пе айтатының. Үйді иен тастап кетіп, ақталайын деп отырсың ғой, бар болғыр... Біреу-міреу бірдемені іліп әкетсе қайтесің?

— Ей, Бәбе, осы жыртық үйдің ішінде ілетін бірдеме бар дейсің бе? Іске татыр түк те жоқ. Жарайды, қойшы сөзді бұра бермей. Онан да әңгіме тыңда.

Күні бойы жел қағып, мал соңында жүрген адам. Әбден қаталап қалған екен, кетік ернеу кесені қайта ұсынып жатыр.

— Бәбе, білем сенің маған көңілің жібімейтінін. Қабағыңда да мұң бар. Алланың ісі шығар, бала көтере алмағаным. Енді менің басыма ерік бер, төркіндеріме кетейін...

Отағасының кішірек көздері енді әйелінің әжім басқан жүзінде. «Мынау не айтып отыр?» дегендей шүйіле ұзағырақ қарап қалыпты.

— Не деп тантып отыр, ей, мынау? Өзі жайрап жатқан үйді тастап кете бермексің бе сонда?

Күләнде сөзге дайындалып келген қалып бар. Бұрын осындай әңгімелер кезінде көтеріліп-басылып, тіпті аузынан былапыт сөз де шығып кетеін әйел бірқалыпты сарынның жібін ұстап алып, сөз тиегін әрі қарай жылжытты:

— Ерік берсеңіз болды ғой, қайда кетсем де, өзім білмеймін бе? Мен кеткенде жай кете салмаймын... — деген кезде отағасы тағы да басын тіктеп алды. Адамның ойы қандай жүйрік, сол екі арада: «Тағы да не деп сандалып отыр, ей, мынау. «Тек кетпеймін» дейді. «Қарашы, ей, сөзінің түрін... «Бірдемеңді алып кетемін» дегені ме сонда?» деген күдіктің санасында желдей жүйткіп өте шықты.

— Иә, айт, не істейтініңді.

— Басыма ерік берсең, мен саған бір әйелді таныстырайын деп отырмын.

— Не дейт?

— Ол — құр әйел емес, саған бала тауып беретін келіншек. Енді қанша уақытың қалды дейсің бала таптыратын. Жасың болса алпыстан асты. «Бұл пәни жалғаннан перзентсіз өтем бе?» деген ой күн сайын жаныңды жегідей жеп жүр емес пе.

Күләннің бетіне аңырая қараған күйі Бәбең әлі тапжылар емес. Құйған шайының буы үйдің жыртығынан үрген өтпе желдің ығымен шайқала ұшуда. Құтты ішіп отырған иесінің алай-түлей болып отырған көңілі сияқты. Екеуінің бірігіп ошақ түтеткендеріне оншақты жылдың жүзі. Бір біріне әбден сыралғы жандар. Екеуден екеу болғасын, үйдің ішінде баланың былдыры емес, ыдыс-аяқтың сылдыры көп. Мінезі далдың-дұлдың Күләннен жаңағыдай есті сөздердің шығуы сирек, тіпті осы уақытқа дейін шықпаған да шығар. «Апырым-ай, бұл бұл бар болғыр да менің жағдайымды ойлайды екен-ау».

— Оның бала табатынын қайдан білесің?

— Бұрынғы күйеуінен бір ұл, бір қыз тауыпты. Оның үстіне әлі жас, отыздың үстіне енді шыққан.

Бәбеңнің көңілін алабұртқызып, түнімен шала ұйқы қылған — Күләннің «Бала тауып береді» деген сөзі. Қатты шаршаған күндері қор ете қалатын қойшы жаңағы әңгіме құлағына тигеннен кейін алағызып, ал ұйықтай алсашы. «Ясин» сүресін оқығаннан кейін: «Ей, Алла, сәтін келтіріп жібере гөрші... Алла тағала осынау ораза айында бұйрытайын деді ме екен? Мына жаман қатын арқылы... Ей, көз жасымды көре гөр... Жылата көрме енді. Артымда қалар бір жылбысқа болса болды...» деп күбірлеп жатты. Сонан көзі ілінді ме, ілінбеді ме, кенет қалыптасқан дағдысымен әйтеуір бір уақыттарда аяқ астынан жас адамша орнынан атып тұрғаны. Қанша шаршап жүрсе де, ұйқысын бөліп, қотандағы малын айналып шығу әбден сіңісті болған дағдысы.

Сонан күндегідей сәрісісін ішті де, таң намазын оқыды. Қайта қисая қоймай, білген дұғаларын ұзақ оқыды. «Ей, Алла, бере гөр!.. Жаратқан ием» деген уақыттарында дауысының қаттырақ шығып кеткені сондай — ұйқысы қатты Күлән да қозғалақтап қалды.

Күні бойы иенде мал соңында жүріп, әйелі айтқан кшегі хабары есінен шығар алсашы. Тіпті өзі танымайтын сол бір келіншекті көргенше асығып-аптығулы екенін де сезеді.

Осы әңгімеден кейін бір-екі күн өткеннен кейін қыр жолымен жаяулап келе жатқан екі адамның нобайы байқалды. Сәлден кейін аңғарғаны — екеуі де ұзын етекті ұрғашылар. Көтеріп алған әлдеқандай буыншақ-түйіншектері бар.

Бәбең алдындағы малды ойдағы ауылына қарай қиғаштай құлатты да, кер өгізін тепеңдетті. Жобалағаны дәл келіп еді, әйелдің біреуі Күлән болып шықты да, екіншісі жастау ақсары келіншек. Қыр мұрынды, жұқалаң өңді, қазақ адамының келбетіне тән емес, ауқымды үлкен көзді. «Сол, — деп ойлады Бәбең әйелдерге жаналай жақындап: — Мынауың әжептәуір сұлу қатын ғой. Менің жыртық үйіме тиянақтай қойса жақсы-ау мына түрімен».

Бұлар үшеуінің әңгімесі ә дегенде жараса кетті деуге болмас, бірақ ортаға сөзді кезек-кезек тастап, тіпті енді бірде бастырмалата сөйлеп, өзара түсініскендей рай танытысты. Бір қызығы өзінің әйелдік орнына ұсынып отырған жас Нұржамал да Күләннің өзіне ұқсап бірді айтып, бірге көше беретін далдың-дұлдыңдау адам болып шықты. Әрнәрсенің басын шалып бір сөйлейді, кейде ұзақ уақыт тымырайып үндемей де қалады екен.

Ана жолғы әңгіме кезінде Күлән айтқандай, бала таптыратын уақыт өлшеулі еді. «Бұдан басқа да дені дұрыс адам іздеймін деп, сүйреткіге салып жүргенімде, созылып кетер. Шіркін, маған бір ұл тауып берсе ғой мынау...» дейді Бәбең іштей.

Шешім шапшаң қабылданды. Інісі Қайсаға, Қыстаубай атадан тарайтын тағы бір-екі ересектеу кісіге хабар айтып, жағдайды мәлім етті. Өз аяғымен келіп тұрған мына келіншектен қалайда айырылып қалмау керек екендігін сездірді.

Өйтпесе де, кедей адамды ешкім сынай қоймас еді, інісі Қайса екеуі де: «Ақсақалдардың батасын алу керек» деп бірауызды болысқан.

Сонымен бір жетідей уақыт өтер-өтпестен Бәбең мен Нұржамал шалдардың батасын алып, осы елдегі Құсайын деген шала қазақ молдаға некелерін қидырды. Бәбең жаңағы келген кісілерге бір семіз ешкісін сойып, өзінше тойдың ырымын жасады «Ешкі емес, қой сойғаның дұрыс» деген кеңесіне құлақ аса қоймаған ағасына Қайса аздап ренжіген сыңай танытып еді, тамақ алдыға келгесін, ол да ұмытылып кетті. Өмірінің көбін қой соңында өткізген адам сойыс малын қалай баптау керектігін көрсетті. Қайсаның тағы бір уәжі «Ешкінің майы ауызға қатып қалады» болатын. Күннің жылылығынан шалдар ол кемшілікті аңдамай да қалған сияқты.

Тағы бір батаның арналған адамы — Күлән. «Келіншек тауып берейін, мені босатыңыз» дегенін естіген шалдар тіпті айран-асыр. «Қарағым, құдайдың жазғаны ғой қайтесің? Басыңа бостандық сұрап, күйеуіңе өз қолыңмен әйел әпергенің — үлкен сауап. Сенің де тілегің қабыл болсын» деп алақан жайысты. Ағасымен отасқан оншақты жылдың жүзінде жеңгесімен неше рет түс шайысып, тіпті тілі де тиіп кетіп жүретін Қайса ғана ләм-мим деген жоқ.

Бәбеңнің жаңа әйелін жақтырмаған — Қайсаның бәйбішесі Ұншай ғана. Бір оңашада:

— Беті-аузы жылтыраған неме. Кіші ағама (Бәбихан қайнағасының атын атамай, қазақ салтымен «Кіші аға» дейтін) опа бере қойса жақсы, — деп келе жатыр еді, мінезі қатты Қайса кейде қатты кететін томырықтығына басып:

— Тәйт әрі, оттамай отыр. Бәбеме бала тауып берсінші өзі алдымен кім болса да, — деп тыйып тастады. Содан өлшеулі айлардың ішінде жаңа жеңгесінің аяғы ауырлағанын естіп:

— Уа, ақсарбас! — деп жарқыншақ дауысымен құлақ тұндыра айқайлап жіберді. — Ей, Аллам, көз жасын көре гөр ағамның. Жылағаны жетер. Бұл пәниден шеккен бейнетін азайта гөр. Мына жаман қатынның аман-есен босануына жеткізе гөр...

Артынша жүгініп отыра қалып, дұға оқыған. Қасында отырғандардың бәрі алақан жайысып, жақсы тілекке ортақтасты.

Покровка селолық кеңесінің төрайымы Шәрипа Бәбеңне жолыққан күні-ақ:

— Аға, бып демеңіз. Жеңгем босанса болғаны, метркесін өзім жазып беремін.

Бұл сөз де Бәбеңнің көңілін демдейді. Осы уақытқа шейін балаларынң метркелерін ұстап жүрген кісілерге қызыға қарайтын перзентсіз қойшыға бұның өзі өмірдегі үлкен оқиға сияқты. Баланың өмірге келуі де осы метркеге ғана тіреліп тұрғандай.

Ойдағы елдің Тарбағатай жайлауына қарай жапа-тармағай көше бастаған маусым айының іші. Жас әйелінің жағдайынан құлағдар колхоз басшылары Бәбең ақсақалдың ғана кідіріп қалуына рұқсат берген.

Покровкадан теріскейге қарай екі шақырым жердегі Сарыбұлақтың көктеуі. Алыстан қарайып көрініп тұрған жалғы қараша үй — Бәбеңнің құрым киізді лашығы. Әйелінің толғағы басталысымен, отағасы ауылдан ежелден араластығы бар Мәриям кемпірді алдырды. Нұржамалды шаңырақтың күлдіреуішінен байланған арқанға асып қойды. Сыртқа естіліп тұрған — онсыз да шыдамсыз әйелдің бебеулеп бақырғаны, Мәриямның ұрысқан сөздері ғана.

Баланың іңгәлаған даусы шыр ете түскенде, Бәбең отағасы:

— О, Алла тағалам, жар бол гөр! — деді де, бір жағына қисайып отыра кетті. Шуылдасқан әйелдердің де дауыстарын ұғып жарытар емес. Сонан көп ұзаған жоқ, ішкі жақтан Мәриям кемпірдің:

— Бәбе! Шүйінші, ұл!.. Ұл!.. — деген қатты айқайы естілді. Жаздың жарқын күні шапағымен жебеп тұрған айнала төңкеріле айналып бара жатқандай болды. «Бұл неге үнсіз қалды? Бірдеме болды ма?» деп ойлаған Мәриям да етегіне шалынып далаға жүгіре шыққан. Жас кезінде ажарлы болған жұқалаң пішінді ақ құба кісі еді, күннен жасқанған көзін сығырайта, жан-жағына жалт-жұлт қараған. Сөйтсе, Бәбең алысқа ұзамапты. Тура жыртық үйінің іргесінде тізерлеп отыр. Дыбысын шығара алмай, кемсең-кемсең етеді. Кішірек көздерінен аққан жас томпақтау бетін айғыздап барып, ұшы жағы толқынданған қара сақалына құйылып жатыр.

Мәриям әуеліде сасып қалды.

— Өй Бәбе, өй, бұның не? — дей береді қасына иіле үңіліп. — Алла тілегіңді берді. Келіншегің дін аман. Шекесі торсықтай қара домалақ ұлды дүниеге әкелді. Тура сенің ауызыңнан түсіп қалғандай. Тіпә-тіпә де енді... Шүкіршілік ет. Ботадай боздағаның не соншама? Мынауыңды мен ғана көрейін.

...Сонан түс аумай жатып, шұрық-тесік қараша үйдің алдына шабақтары күнмен шағылыса ойнап, жәрендікті арба көлденең келіп тоқтаған. Покровка селолық кеңесінің төрайымы Шәрипа екен.

—Бәбе, кішкентайыңыздың бауы берік болсын. Міне, метркесін жазып әкелдім, — деп, жасыл ала қатырма қағазды Бәбеңнің қолына ұстата берді.

Мына жылы лепесті естіген соң, онсыз да төбесі көкке екі елі жетпей тұрған отағасыда қайбір дегбір қалсын. Үстіне шамалы көк балауса төселген жәрендікті арбаға бір семіз ісікті алып ұрды.

Бәбеңнің Тарбағатайдың қыр жотасындағы Қотанащы жайлауына көшіп келгені осыдан оншақты күн өткеннен кейін ғана. Інісі Қайсаның да қуанышында шек жоқ. Өзі қой сойып, айналасын бір шақырып алды.

— Айтпақшы, бұл жаманның атын кім деп қойдыңдар? — деді іңгәлап жатқан нәрестені алдына алып отырып.

— Зарықхан.

— Зарықхан дейді? Бұны қойып жүрген қайсысың?

— Шәрипа. Әлгі ауыл кеңес ше?

— Ол қатын тантымасын, білде өмірге келмей жатып, бұл бала неден зарығу керек, а? Осылай деп азан шақырып па еді ол?

— Жоқ, бастықтар өйтпейді ғой.

— Ендеше өзім қоямын атын, — деді Қайса бұлақ бойына барып, суды шапылдатып ұзақ дәрет алды. Сосын жөргекке оралған нәрестенің басын құбылаға бұрып қойды да, азан шақырды. Сонан аузын сәбидің оң құлағына тақап жарқыншақ ащы дауысымен:

— Сенің атың — Нұрдәулет! — деп үш рет айқайлаған. Бәбеңнің мұрын астынан:

— Метркесі жазылып қойды ғой, — деген уәжіне бөгелер сыңайы жоқ.

— Қағаз деген не ол? Пенденің шын аты — Алла атымен азан шақырылып қойылған ат. Басқасы былжарық. Қағазын кейін түзулеп алармыз. Бақдәулетіме ұйқастырып әтей қойып отырмын, — деді үлкен шаруа тындырғандай малдас құрып отыра беріп. Бұл кезде жас он екілерге келген Бақдәулет те кіріп-шығып: «Інім туды» деп мақтанып жүр еді.

Үй іші абыр-сабыр. Тіпті өткенде жас абысынын жақтырмай қалған Ұншай бәйбішенің де қабағы ашық.

— Бәбе, — деді Қайса айналасына түгендей қарап. Алдағы шаруаны ағасына да айтпай, шешіп қойыпты. — Мен мына балаларды жұмсайын деп отырмын. Шақырсын айналадағы қойшыларды. Мал сойып, құдайы берейік. Шілдеханасын жасайық мына өмірге келген жаманның. Ұрпағыңды жалғайтын бір жаман жылбысқа өмірге келіп жатқанда қалай тыныш отырамыз.

2011


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз